Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен әулеттің анасы

Үлкен әулеттің анасы

Атақты «Сыр сұлуы» әнін әуе­лете шырқап эстрада жұлдызына айналған тереңөзектік талантты әнші Жеңіс Ысқақованы біл­­мей­тін жан жоқ. Біз көктем мерекесі қарсаңында аудан мақта­нышы­ның анасы Күл­пәш апамен пікір­лескен едік. Үлкен әулеттің анасы биыл 87-ші көк­темін қарсы алуда.

Екі ұл, үш қыздың анасы Күлпәш Беркім­баева­ның кіндік қаны тамған туған жері – Бостандық жолы колхозы. Адал еңбекпен есейген ардақты жанның әкесі Беркімбай Қараев соғысқа аттанып оралмаса, анасы Гүлжаһан Қараева колхозда жұмысшы болып еңбек еткен. Отбасында үш ағайынды болған.

– Менің балалық шағым қазіргі Қалжан ахун ауылында өтті. Мектеп бітіргеннен кейін ең­бекке ерте араластым. «Жолды пайдалануға беру» учаскесінде қызмет еттік. 1984 жылы зейнет демалысына шықтым, – дейді Күлпәш әже.

Тереңөзектік Ермағанбет Ысқақовпен отас­­­қан Күлпәш әже екі ұл, үш қызды өмірге әкел­ген. Таланты әнші Жеңіс Ысқақова – үйдің кен­жесі. Абзал ананың айтуынша, дарынды әнші бала күнінде өте ерке болыпты. Кішкентайынан ән әлеміне еніп, Рамазан Тайманов құрған ансамбльдің әншісі болып еңбек жолын бастап, содан бері халықтың ықыласына бөленіп, киелі сахнада жүр.

Мұнан бөлек Күлпәш Беркімбаеваның үлкен қызы Анар білім саласында қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан. Ал Гүлнар қаржы саласында еңбек етеді. Кәсіпкерлікке ден қойған ұлы Мәлік қазіргі таңда отбасылық бизнесті өркендетуде. Күлпәш әже немересі Нұрбол Исаевты бауырына басып, келіні Марита екеуімен бірге қарашаңырақта отыр. Немере-шөбере сүй­ген ана «Ендігі арманым – шөпшектің қолынан су ішу» дейді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 наурыз 2021 ж. 644 0