Шыңғыс АМАНТАЙҰЛЫ, Алматы қаласындағы «Тұлғаны дамыту» орталығының директоры: «Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы – жастар»
Қасиетті Сыр өңірінен түлеп ұшып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп, өмірден өз орнын тапқан жерлестеріміз жетерлік. Солардың бірі де бірегейі, аудан орталығындағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің түлегі – Үмбетаев Шыңғыс Амантайұлы. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қоғам өмірінде белсенділік танытып, өзінің ерекшелігімен көзге түскен Шыңғысты ұстаздарымыз кейінгі буынға үнемі үлгі етіп, мақтан тұтып отыратын. Қазіргі таңда Алматы қаласында арнайы орталық ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған алдыңғы буын ағамызды арнайы іздеп, телефон арқылы сұхбаттастық.
– Шыңғыс Амантайұлы, өзіңізді мектеп кезінен білеміз. Мұғалімдер «Үмбетаев Шыңғыс деген оқушымыз болған» деп үнемі мақтан тұтып, айтып отырады. Десек те, қалың оқырманға өзіңіз туралы ақпарат беріп, таныстырып өтсек.
– Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде 1989 жылы дүниеге келгенмін. Әкем Амантай Үмбетаев ауданда энергетика саласында ұзақ жыл қызмет еткен. Қазір, өкінішке қарай, ортамызда жоқ. Анам Роза Үмбетаева – ұзақ жыл ұстаздық еткен, саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан. Аудан орталығындағы Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ берді. Қазіргі уақытта бейнетінің зейнетін көріп, немерелерінің қызығын көріп отырған асыл әже.
Біздің бала кезімізде қазіргідей смартфон болған жоқ. Бірақ сол кездер ерекше қызық, ұмытылмас сәттер еді. Ол уақытта баланы көше тәрбиелейтін. Үлкендерден «Жазғы демалыста бос уақытты тиімді өткізу керек» дегенді естіп алғанмын, содан көше балаларын жинап, түрлі іс-шаралар өткізетінмін. Концерт, қойылым, сайыс өткізуді алдымен өз үйімнен бастадым. Сәкіні сахна қылып, сценарий дайындап, көршілерді көрермен ретінде шақыратынбыз. Теледидардан көргенімізді жасап іс-шараға қатысушыларға өзімізше сыйлық дайындайтынбыз. Кейін басқа көршілермен де «келіссөз» жүргізіп, бұл үрдісті сол кісілердің ауласында өткіздік.
Сондағы біздің ұйымдастырып жүрген іс-шаралар сол уақытта теледидардан көрсететін, көрерменге көзайым болған «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «1001 мақал» сайысы, поэзия кештері, түрлі концерттер. Мұның бәрі қазір тек естелік қана. Тіпті күлкіңіз келуі мүмкін, дегенмен сол сәттерді ауылға барған сайын көрші-қолаң жылы естелік ретінде айтып отырады.
– Мектеп өмірі, студенттік жылдар туралы еске түсірсек?
– Аудандағы білімнің қарашаңырағы Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепті бітірдім. Мектеп кезінде түрлі іс-шараларға қатысып, қоғамдық өмірде белсенді болдым. Бала кезімнен жалпы әдебиетке, жазуға қызығатынмын. Бірде мектепте Абай Құнанбайұлына арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Содан әдебиет пәнінің мұғалімі Жадыра Әкімтаева апай сол іс-шара туралы мақала жазуды ұсынды. Мен ойланбастан жауапкершілікті өз мойныма алдым. Әдебиет пәніне деген қызығушылықты оятқан осы Жадыра апай болатын. Ең алғашқы мақалам аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде жарық көрді. Кейін аталған газетке жиі мақала жазып тұратын болдым. Бір күні математика пәнінің мұғалімі Алмагүл Ақмырзақызы үзіліс кезінде менің газетке шыққан мақаламды сыныптастарыма оқып берді. Шыны керек, бұл маған үлкен жігер беріп, шыңдалуыма зор септігін тигізді. Кейін республикалық «Ұлан» газетіне мақалаларым жарияланып, «Ұлан» газетінің сол кездегі жас тілшісі атандым.
2006 жылы мектепті бітірген соң Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Университет қабырғасында оқу-біліммен қатар, қоғамдық өмірге белсене араластым. Аталған университеттің сол уақытта белсенді болып танылған «Қазақстан студенттер Альянсы», «Жас Отан» жастар қанаты, Жастар ісі жөніндегі комитетті басқардым, ғылыми кеңесте мүше болдым. Кейін аталған университетті бітіріп, дипломымды алғаннан кейін ректор университеттің тәрбие бөліміне жұмысқа қалуға ұсыныс білдірді. Еш ойланбастан келістім. Солай үлкен өмірге, қызметке аяқ басып кеттік. Семей қаласы, сол қаламен байланысты естеліктер көп. Оның бәрін айта берсем, бір кітап болары анық. Бір сөзбен айтқанда, Шығыс өңірі жеке тұлға болып қалыптасуым үшін өмірлік мектеп болды.
– Қазіргі өміріңіз туралы айтсаңыз? Қандай салада, кім болып жұмыс жасайсыз?
– Қазіргі уақытта Алматы қаласында білім беру, оқыту саласында жеке кәсіппен айналысамын. «Тұлғаны дамыту» атты орталығымыз бар. Сондай-ақ қосымша кәсібін бастап жатқан кәсіпкерлерге жүйелі түрде кәсібін бастауға бағыт-бағдар беремін. Өзіңді танығың келсе, өзіңді дамытқың келсе кәсіппен айналысу керек деп есептеймін.
– Өзіңізге кімдерді үлгі тұтасыз?
– Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді тұлғалардың өмірлік ұстанымдары қазақ үшін жасаған еңбектерін үлгі тұтамын. Күн демей, түн демей, ел, жер, руханият, білім, ғылым саласында Алаш арыстарының еткен еңбектері орасан зор.
Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының соңынан еріңдер.
Таң артынан хақиқат күн шығады,
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер, – деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері өмірімнің негізгі мәніне айналған.
Батыр Бауыржан Момышұлының қайсарлығы, батыл шешім қабылдауы, қанша атақ абыройы бола тұра, өзін халықтан жоғары қоймағанынан үлгі аламын.
– Бос уақытыңызда не істейсіз?
– Бос уақытымда өлең оқып, жаттағанды ұнатамын. Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін талдап, түсінген ойымды қағаз бетіне түртіп жүремін. Соңғы уақытта ақын Светқали Нұржан ағамыздың «Сарыайшықтың көзесі» және «Жұлдыздардың жұпары» атты шығармалар жинағын оқып жүрмін.
– Отбасыңыз, балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Аллаға шүкір, өмірлік зайыбым Әсем екеуміз Ақмұрат, Айзере, Саидмұрат деген балаларды тәрбиелеп отырмыз. Өзімнің негізгі мамандығым – педагог, Әсемнің мамандығы – психолог. Отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Әрбір баланың осы күннен қандай қабілеттері бар, не нәрсеге бейім соны бақылап, зерттеп жүреміз. Балалармен ашық сөйлесіп, олардың ойын тыңдаймыз. Отбасындағы қарым-қатынас өте маңызды.
– Сіз үшін өмірдегі ең басты құндылық не?
– Мен үшін басты деп саналатын бірнеше құндылық бар. Олар уақыт, денсаулық, отбасы, адамның ішкі әлемі.
Уақыттың құндылық екені бәріне белгілі. Бос кеткен уақытты кері қайтара алмайсың, өкінгеннен ешқандай пайда жоқ. Уақытты ақша сияқты көбейте алмайсың. Сондықтан мен өз уақытыма және өзгенің уақытына құрметпен қараймын.
Ал денсаулық мазаласа, бүкіл тірлігіңнен маза кетеді. Дұрыс тамақтану, дене жаттығуларын жасау, психологиялық сауаттылық – денсаулық күтіміндегі негізгі қадамдар.
Отбасы – шағын мемлекет. Отбасымен бірге уақыт өткізу, отбасына тиімді ережелер енгізу, мейірімді қарым-қатынаста болу, ашық сөйлесу мен үшін маңызды.
Адамның ішкі әлеміне әсер ететін факторлар – ой, сөз, әрекет, эмоция. Мен үшін өмірдің мәні аманат жанды таза сақтап, өмір бойы өзіңді шыңдап, дамыта беру.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Туған жерге оралу ойда бар ма?
– Қызылорда облысы аумағында 2012-2020 жылдары отызға жуық әлеуметтік (әлеуметтік бизнес) жобаларды жүзеге асырдық. Туған жерге қай уақытта болса да, қызмет етуге әзірміз. Қазіргі күннің өзінде жас кәсіпкерлерге онлайн кеңестер жүргізудемін. Бүгінгі тұрмыс-тіршілік Алматы қаласымен байланысты болып тұр. Алда не болатыны Аллаға аян.
Мақсат, жоспар көп. Оның бәрін жүйелі түрде жүзеге асыру бағытында жобалар дайындап жатырмыз. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы – жастарға қабілет, дағдыларын дамыту, болмысын ашу бағытында онлайн мектеп ашу ойда бар. Арманым – Алаш арыстарындай азаматтарды тәрбиелейтін орталық құру.
– Ізіңізді басып келе жатқан жастарға қандай кеңес бересіз?
– Негізгі кеңестерге тоқталайын. Ең алдымен, жауапкершілік. Өз өміріңе, әрекетіңе, сөзіңе, ойыңа, жұмысыңа жауапты болу. Жауапкершілігі бар адамның үнемі жолы ашық болады. Жастар қаржылық тұрғыда сауатты болуы керек. Өз қолындағы ақшаға ұқыптылықпен қарап, кіріс-шығысын есептеп жүрген абзал. Сондай-ақ рухани қабатты толтыру. Адамның көзге көрінбейтін рухани қабаты болады. Егер біз ол қабатты мағынасыз, мәнсіз әндер мен фильмдерге, әзілдер, вайндар, бос, қажетсіз әңгімеге толтыратын болсақ, адам қуыс кеуде болады. Өз өміріне өзгелерді кінәлайтын, ешқандай мақсаты жоқ, ештеңеге ұмтылмайтын ынжық болып өседі. Осы себепті, Абай мен Шәкәрім атамыздың, Алаш арыстарының шығармалары, жыраулар поэзиясын жиі оқып, кеудемізді рухани құндылыққа толтырып жүрсек, келешегіміз келбетті, болашағымыз жарқын болады.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 1