ЖАСТАР АШЫҚ АЛАҢДА
Бұрнағы күні Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен “Жастар жылы” аясында арнайы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мақсатында білім қызметкерлерінің жас ұстаздарына арнап “Open Talks” ашық алаң форматында кездесу өтті. Кездесуді облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы ашып, жас ұстаздардың еңбегіне шығармашылық табыс тіледі.
Ашық алаңда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы Ш.Әбиев, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” консультанты А.Амантайұлы, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы А.Сәдуақас, “Атамекен” Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалының менеджер консультанты Н.Құрақбаева өз саласы бойынша ұстаздарға арналған жобалар мен қызметтерді айтып өтті. Тұрғын үйді тез әрі тиімді бағада қалай алуға болатынын түсіндірген Азамат Амантайұлы жас мамандардың оның ішінде ұстаздар қауымының мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтті.
Облыс бойынша биыл кәсіпкерлік жылы деп бекітілгені белгілі. Бұл салада да өз істерін бастап, қаржысын ұлғайтып, кәсіп бастаймын деген жанға кез келген мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл жөнінде Назерке Құрақбаева баяндап берді. Келген білім қызметкерлерінің ерекше ықыласына бөленген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Роза Бакуова “Дипломмен – ауылға” атты бағдарламамен таныстырды. Дәл осы мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп отырған жас мамандар жетерлік. Жастарға арналған жеңілдіктерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өз салаларында пікір алмасқан мамандар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап алды. Айта кетейік, алаңға 100-ге жуық жас ұстаздар қатысты.
Майя ҚОЖАБАЙ