Тәлімі асыл парасат иесі
Әсілі, ежелден малсақ қазақ үшін төрт түліктің орны бөлек. Халқымыз бір-бірімен кездесе қалса, әуелі малдың, содан соң жанның саулығын сұрайтыны осыған айғақ. Өткен ғасырда қазақ жұрты небір нәубетті кезеңдерді бастан өткерсе, сол уақыттарда төрт түлікке де жұт тиіп, мал қырылды. Ал адуынды қыстың жұты және тосын індетке қарсы тұруда ат үстінен түспей, есіл еңбек еткен ерлер қазақта көп. Солардың қатарындағы осы өлкенің тумасы Әлжан Ыбыраевтың есімі әлі күнге дейін құрметпен аталады. Бүгін тарихтан тағылым ретінде тұлға өнегесін дәріптемекпіз.
Өз кезеңінде өмір көшін өрге тартып, халыққа қажырлы қызмет қыла білген Әлжан Ыбыраев туралы сөз қозғағанда аудандағы аға буын өкілдері ол кісі атпал азамат, білікті маман болғанын айтады. Болмысы бөлек жанның қытымыр қыстың аязында, шіліңгір жаздың аптап ыстығында, ызғарлы суықтың өтінде, өкпек желдің бетінде жүріп төрт түлікті аман алып қалып, оны көбейту жолында аянбай еңбек еткені сол кездегі қатар жүріп қызмет еткен әріптестерінің есінде әлі күнге сайрап тұр. Мал басының амандығын қамтамасыз етіп, шаруашылықты жүргізуді ғылыми және ежелгі тәжірибе негізінде ұйымдастыру арқылы елеулі еңбек еткен азаматтың ел құрметіне бөленгені де белгілі.
Майлықұм топырағынан түлеген кейіпкеріміздің балалық шағы ауыр кезеңге тап келді. Оның әкесі Ыбырай Сыр бойына ашаршылық жылдары қоныс аударып келген екен. Мәскеу мен Ташкент арасы саудамен айналысып, табыс тапқан. Ал анасы Тұрғанкүл сол табыстың берекесін келтіріп, ұл-қыз тәрбиелеген. Осындай қарапайым отбасынан шыққан Әлжанның балалық және жастық шағы ашаршылық, Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласты, ерте жетілді. Майлықұмдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң Қазалы ауылшаруашылық техникумында оқыды. Соғыстан кейінгі уақытта Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында білімін жетілдіріп, мал дәрігері мамандығын игерді. Еңбек жолын ауданның «Қараөзек» шаруашылығынан бастаса, кейіннен Жалағаш ауданының «Мәдениет» совхозында еңбек етті. Ал алпысыншы жылдардың бас кезінде Тереңөзек ауданының бас мал дәрігері қызметіне тағайындалған.
«Текті тұқымына тартқан Әлжан ағай бойшаң, қыр мұрынды, көзінен от шашып тұратын. Әлжекең бізден екі-үш жас үлкен, бірақ үлкенмін демей, балалық, жастық шақты бірге өткіздік. Сол кездегі жастардың ойын-тойының басшысы ағамыз болатын. Біз Майлықұм колхозында жетіжылдық В.М.Молотов атындағы мектепте оқып жүргенімізде Әлжекең Қызылордада екі сынып орыс мектебінде оқып, елге оралып, бізбен бірге білім жолындағы сауатты сабағын жалғастырды» дейді өз естелігінде замандас інісі, республикаға еңбегі сіңген дәрігер Ернияз Омаров. Ал «Құрмет» орденінің иегері Алмагүл Божанова: «1972 жылдың қазан айында мен Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Аудандық партия комитетінің мәжіліс залында алғашқы өзім қатысқан үлкен жиналыста басқалардан өзгешелеу, төбедей болып отырған сымбатты екі кісіге көзім түсті, соның бірі – Ыбыраев Әлжан аға еді, ол кезде Әлекең Тереңөзек аудандық мал дәрігерлік станциясының бастығы екен. Сол уақыттарда аудандық партия комитетінің бюро мүшелерін егін, мал шаруашылығына өкіл етіп жібереді де, әр сала бойынша мамандар қосып береді. Біздерді мал шаруашылығы саласына жібергенде Әлекеңмен бірге аралайтынбыз, сонда байқағаным, ол кісі өз ісінің білгірі, өз мамандығын терең меңгерген, әрбір малшы, сауыншы мамандармен сөйлескенде соншалықты көзін жеткізіп, дәлелдеп айтқандықтан бір адам, бір маман қарсы тұра алмайтын. Сол кісілермен бірге жүріп, мен де мал шаруашылығының қыр-сырына қанығып, үнсіз ғана үйреніп, кейбір мәліметтерді жазып алатынмын. Кейін шаруашылық жұмыстарымен айналысқанда Әлжан ағадан үйренгендерім кәдеге асып, қажетіме жарады, әсіресе, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып жүргенімде мал шаруашылығының есебін алғанда, шаруашылықтың бас мал дәрігерлері төрт түлік малдың әрқайсысына диагноз қойып, өлген малды көбірек есептеп шығаруға құмар болатын, сондайда Әлжан ағайдан үйреніп алғанымды айтып, бет қаратпайтынмын» дейді.
Талғамы зор, талапшыл, тәжірибелі маманның өз қызметіне деген жауапкершілігі жоғары болған. Сол кездегі қатарлас замандастары Ә.Ыбыраевты ең жауапты жұмыстарда жүретінін, кемшілік орын алған жерде апталап жатып, жұмысты бір жүйеге түсіретінін айтады. Ал одан кейін жиналыс жасап, барлық мән-жайды түсіндіріп, әр маманға жұмыс істеу тәсілдерін үйретіп отыратын болған. «Жалпы, Әлжекең мал шаруашылығы саласының білгірі, өте мықты, тәжірибесі мол тәлімді маман болатын. Былайша қарағанда, сұсты, қатал болып көрінгенімен, өте қарапайым, жаны жайсаң, жүзі жарқын, әзіл-қалжыңға мықты кісі еді. Ауданда мал шаруашылығы саласы өркендеп, бірнеше мәрте, облыстың, республиканың ауыспалы қызыл туларын жеңіп алып, бұл саланың және мамандарының аттарына жылы лебіздер айтылатын. Сондайда Әлжекең: – Жомарт, мына жұрт біле бермейді, бұл біздің тынымсыз атқарған жұмысымыздың нәтижесі ғой, – деуші еді» деген өз естелігінде досы Жомарт Ақпанбетов.
Бәрзу Жылқыбаев, Марат Сақтапов, Болат Ахметов, Ибрагим Әкімжанов, Муса Келдібаев секілді аға буын өкілдері де ардақты азаматтың қызметтегі адалдығын, парасаттылығын зор құрметпен еске алды.
Ата кәсіп болған мал шаруашылығы саласын дамытуда еңбегі ерекше Ә.Ыбыраев шығармашылыққа да жақын, өнерден де кенде емес болыпты. Ұлы Отан соғысының ардагері бағбан, ағаш шебері де атанып, өз ойын қағаз бетіне түсіріп, өлең шығаруға де бейімі болған. Тарихи, танымдық әдебиеттерге ден қойып, әрбір оқылған шығармаға өлең жолдарын арнап, бірқатар өлеңдері басылым беттерінде жарық көріпті. «Қолы қалт еткенде аңға шыққанды жақсы көретін. Күнде кешкілік өзі жасаған домбырасын қолына алып ән айтатын» дейді ұрпақтары.
Әлжан Ыбыраев өмірлік серігі Райхан Нұрбайқызымен 1956 жылы Қаракеткен МТС-де тіл табысып, отбасын құрған. Өнегелі отбасымен таныс, аралас-құралас болғандар білікті маманның жарының қарапайым, жайдары мінезді болғанын тілге тиек етеді. Ол кісі отағасының барлық жағдайын жасап, Ә.Ыбыраевпен бірге тәрбиелі ұл-қыздары Мейрамбек, Мәулен, Тыным, Нұрлан, Шырын, Пернеш және Жанатты өсіріп, жетілдірген. Қызмет бабында жүріп Әлжан Ыбыраев науқастанғанда алдымен жанынан табылған да жары. Сол дерті дендеп ардақты азамат 53 жасында өмірден өткен. Ал Р.Нұрбайқызы ұл-қыздарын қатарынан қалдырмай өсірді, жетілдірді. Міне, сондай әкенің өнегесін, ананың тәлімін көрген ұрпағы «Сағындым әке иісіңді» атты арнау және естелік кітап шығарып, өздерінің құрметін білдірген.
Туған елінің өсіп-өркендеуі жолында тынымсыз тірлік кешіп, бүкіл күш-қуаты және білімі мен кемел ақылын жұмсап, еңбектің үлгісін көрсете білген тұлғалар өнегесі ұмытылмайтыны анық. Олардың игілікті істері, кейінгіге көрсеткен тәжірибесі жылдар бойына сақталып, жаңа буынның еңбек үлгісінде үрдіс болып қалыптасады. Ауданда мал шаруашылығын дамытуда Ә.Ыбыраев секілді қайраткер тұлғаның қолтаңбасы бар. Оның халыққа жасаған қызметі жерлестерінің есінде, ізгілікті істері күні бүгінге дейін айтылып келеді. Сондай еңбегімен де ол халық құрметіне бөленді. Осындай тұлғалардың еселі еңбегін кейінгі толқынға өнеге етіп, дәріптеу – біздерге міндет. Ал артында қалған ұрпақтары осындай болмысы бөлек жанға бір көшенің аты берілсе деген тілектері бар.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ