Еншісіне түлік төлін атаған
Ежелден төрт-түліктің қыр-сырын жақсы біліп, соны кәсіп еткен халқымызда мал атаулары көп. Соған орай дәстүрлер де жетерлік. Қазақ салт-дәстүрге сүйене отырып, өзара қарым-қатынасын реттеп отырған, бір-бірін үнсіз түсініп, сыйласқан. Соның нәтижесінде елде ауызбіршілік сақталып, жетімі жыламаған, жесірі қаңғымаған. Алайда бүгінде түлікке қатысты салт-дәстүрлердің көбісі ұмыт бола бастаған.
Халқымызда төрт-түлікке қатысты дәстүрлер көп. Оның ішінде қазақ халқы риза болған кісіге немесе ерекше қуаныш болғанда бір-біріне мал атау, түлік төлін сыйға беру рәсімі ежелден қалыптасқан. Бұған мысалды «Абай жолы» эпопеясынан келтіруге болады. Әлемге әйгілі роман-эпопеяның бірінші кітабының «Қайтқанда» тарауында Қарашоқы маңындағы Қодарды жазалау оқиғасынан кейін жас Абай үйден шықпай, жатып қалады. «Күн өтті. Күн артынан біршама уақыт өтті. Көктемнің көзі шығып, ел көшуі жақындады. Биыл ел көшіне белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, Қызылқайнар межеленді. Абай атқа мінуге жарағанымен, үйден аса көп шықпайтын. Оған әжесі көп-көп ертегілер мен әңгімелер айтушы еді. Соның ішінде «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Жүсіп-Зылиқа» секілді жыр-дастандар болатын. Осындай әдебиетке зейін қойып, тыңдап жүрген күндердің бірінде үйге екі бөгде қонақ келіп қонады. Бірін Абай таниды. Ол былтыр жайлауға келіп, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Екіншісін бала Абай танымағанымен, шешесі жақсы біледі екен. Ол кісі Барлас деген ақын болатын. Сол түні Барлас «Қобыланды Батыр» жырын сұлу да, әсерлі етіп жырлап береді. Абай шешесімен екі қонақты бір айға дейін жібергісі келмеді. Ол осы аралықта Асан қайғы, Бұқар жырау, Марқабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Алпыс ақындардың жырларына молығады. Абайдың ауырғаны да есінен шығып кеткен болатын». Абайды сырқатынан айықтырған қос мейманға риза болған Ұлжан Барласқа семіз көк атты, ал Байкөкшеге торы құнанды сыйға береді. Осыдан-ақ халқымыздың баладан барын аямайтын қасиетін аңғаруға болады.
Төрт-түлікке қатысты «Қалың мал» дәстүрін де айтпай кетуге болмайды. Бұрын қазақ халқында қызды алып қашу өте сирек кездесетін болыпты. Тек қыздың ата-анасы оны қалаған жігітіне беруден бас тартқанда ғана осындай әрекетке барған екен. Негізінде қызды құда түсіп алған. Қыздың ата-анасы да жасауына керекті дүние-мүлкін, ыдыс-аяғын және еншісі деп үйірлі жылқы, сауынды сиыр, сойыс қойларына дейін шамасы жеткенше беруге тырысқан. Бүгінде бұл дәстүр сақталғанымен, заман ағымына сай түрленген.
Дана халқымыз «Бір сәби дүниеге келсе, еншісіне бір қой артық қоздайды, сол жылы бір уыс шөп артық шығады» деп, әр баланың өз несібесі бар деп түсінген. Дүние дидарын ашқан сәбиге ауылдың қадірменді қариясы шапанының етегіне орап, азан шақырып, атын қояды. Тиісінше, өмірге келген сәбиге ағайын-туыс, ел-жұрт еншісіне деп мал атаған. Бұл сәбидің несібесі саналса, сәйкесінше ағайын-туыстың бір-біріне деген ықылас, пейілін білдіріп отырған.
Сонымен қатар қазақ жұрты төркіндеп келген қыздың қалағанына қарсылық жасамай, қызды құрметтеп, жиеніне де мал атаған. «Бәсіре» деп қозы, бұзау, жабағы, тай, бота атаған. Кей жерде мұны «қырық серкеш» дейді екен. «Жиен назары жаман», «Жиен ел болады малы болса, желке ас болады майы болса» деп, жиенді жақсы көрген ата-бабаларымыз жиеніне мал тарту еткен. Төрт-түлікке қатысты ұмыт болған «Көгендік» дәстүрі де бар. Бұл малшылар қауымына тән үлкен дәстүр. Қазақ малшылары көгендік жасап, өз туыстарына, ілік-шатыс жұрағаттарына, жас отау құрғандарға ырымдап мал берген екен. «Көгендікпен берілген малды жайдан-жай беретін мал ретінде қарауға болмайды. Оны алған адам да «көгендікпен берілді» деп ырымдап, малдың басын көгенге соғып, оны аузына ақ тамызып алады» – дейді этнографтар. Олардың айтуынша, көгендіктегі малды құты бар мал дейді екен.
Жалпы, мал атауға қатысты дәстүр көп болғанымен, олардың көбісі ұмыт болған. Десе де бүгінгі таңға дейін сақталып келе жатқандары да баршылық. Дархандығын, кеңпейілдігін, жомарттығын ұмытпағандар бүгінде сәби өмірге келгенде, ол ержетіп, отау құрғанда немесе үлкен қуаныш болғанда мал атап, еншісін беріп жатады. Қуаныштарына ортақтасады. Мұның өзі ағайын-туыс арасындағы жекжаттықтың, ауызбірліктің сақталуына септігін тигізуде.
Ердос БЕРКІНБАЕВ