Жастар саясатының жаңа кезеңі
Жастар саясатын дамыту мен жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Ел Президенті Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында елдегі жастар саясатын дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде ел Үкіметі Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларынан туындаған мақсат-міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бұл жұмыстар аудан әкімінің тікелей бастамасымен ауданымызда да ұйымдастырылуда.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың жастарды қолдауға, көзінде от, көңілінде жалын бар жалынды жасқа дем беруге дайын тұратынына біз бұған дейін бірнеше рет куә болғанбыз. Аудан тізгінін ұстағалы бері жастар өкілдерімен бірнеше рет бейресми кездесу өткізіп, ортақ мәселелер төңірігінде ашық талқылау ұйымдастырып, мәселелердің шешімін дер кезінде таба білген іскер басшы жастардың өмірден өз орнын тауып, белгілі бір маман немесе кәсіп иесі атануына нақты қолдау көрсетіп келеді. Аталған жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ. Атап айтқанда, ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары бекітілді. Аудан әкімі бекіткен жоспар негізгі 7 бөлімнен және 48 тармақтан құралған.
– Ауданымызда жастар саясаты қалыптасқан, бір жүйеге түскен деп айтуға толық негіз бар. Жастар үшін аудандық жастар ресурстық орталығы түрлі форматта жұмыс істеп келеді. Әр ауылда жастар ісімен айналысатын мамандар еңбек етеді. Соның негізінде, аудан жастарына өзара бас қосып, өз ойларын ортаға салуына, білімдері мен жастық жалындарын ауданымыздың дамуына арнауына барлық жағдай жасалған. Аудан әкіміне ұсынылып, бекітілген іс-шаралар жоспарында да жастар үшін маңызды барлық мәселелер қамтылған, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Оралов.
Орталық директорының айтуынша, іс-шаралар жоспарының бірінші бөлімі бастапқы ұйымдастыру жұмыстарына арналған. Мұнда тоқсан сайын аудан жастарының ақпараттық төлқұжатын жаңартуға басымдық беріледі. Әр сала бойынша жас көшбасшылар базасын қалыптастырып, ойы озық, күш-жігері көп жастарды іс-шараларға қатыстыру да ерекше басымдыққа ие болмақ. Сондай-ақ «Балалар жылына» байланысты іс-шаралар ұйымдастырылып, дарынды балаларға қолдау көрсету жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Патриоттық іс-шаралар да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, аудан жастары жыл көлемінде әр ауылда, әр мектепте әскери-патриоттық іс-шаралар өткізуді қолға алмақ. Бұл жұмыстарды жастар орталығы кент және ауылдық округі әкімдіктерімен, аудандық бөлімдермен бірлесе жүзеге асырады. Сонымен қатар кент және ауылдық округтердегі мемлекеттік жастар саясаты бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдау да тоқсан сайын ұйымдастырылмақ.
Аудан әкімі бекіткен іс-шаралар жоспарында жастарды әлеуметтік қолдау мақсатындағы жұмыстарға да көңіл бөлінген. Мысалы, аудан жастарын «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» секілді еңбек жасақтарына тарту жұмыстары ұйымдастырылмақ. Ал жұмыссыз жастар үшін кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бағытында оқыту курстары, тренингтер, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіледі.
– Қазір «екі қолға бір күрек» таппай жүрген жастар көп секілді көрінгенімен, олардың жұмысқа орналаса алмауында ізденістің, еңбекқорлықтың, талпыныстың ерекше орын алатынын атап өтуіміз қажет. Негізі елімізде ізденген, ұмтылған, талпынған жасқа барлық жағдай жасалған. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға қолдау көп. Барлық мәселеге бір жақты қарап, «алма піссе, ауызыма түссе» деп отыра беруге болмайды. Осы ретте, аудан әкімі бекіткен іс-шаралар жоспарында аудан жастарына мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіруге басымдық беріп отырмыз. Мысалы «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында мектеп түлектеріне, жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіби біліктілігі жоқ жастарға арнап семинарлар мен жәрмеңкелер өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда жастарға кәсіпкерліктің алғышарттары түсіндіріледі және әдістемелік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қысқа мерзімді оқыту курстары туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар да қатар жүргізіледі. Мұнан бөлек, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша мамандықтар тізімін насихаттау, нарыққа қажетті мамандықтар туралы кәсіби бағыт-бағдар беру де атқаратын жұмысымыздың басты арқауы болмақ, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов.
Іс-шаралар жоспарының үшінші бөлімі жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға арналған. Оның ішінде, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудандық, ауылдық, ұжымдық, мекемеаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Бұған тиісінше студенттер мен оқушылар, жас мамандар қатысады деп жоспарлануда. Ал аудандық ішкі саясат және аудандық полиция бөлімімен бірлесе діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу, жемқорлықты жою үшін кездесулер, рейдтер ұйымдастырылмақ. Тарихи-танымдық іс-шаралар легінде киелі орындарға, тарихи мекендерге экскурсия ұйымдастыру да бар. Ең бастысы, барлық іс-шаралар аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға, олардың әлеуетін игі істерге бағыттауға, бірлік пен ынтымақты, өзара сыйластық пен достықты насихаттауға арналады.
Былтыр аудандық жастар ресурстық орталығы «Әкелер мектебі» және «ЕркеZhan» қыздар клубының жұмысын үйлестіруді қолға алған болатын. «Әкелер мектебінің» басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру, тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда оқу орындарына көмек көрсету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға көмек көрсету және балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру болып табылады. Аудандық газет аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Әкелер мектебінің» алғашқы отырысы өткізілгеннен бастап ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Ұйым құрамына білім, спорт, мәдениет және журналистика саласының ардагерлері, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы, полиция бөлімі, колледж оқытушылары және жергілікті кәсіпкерлер енгізілген. «Әкелер мектебінің» төрағасы болып спорт саласының ардагері, спортшылар династиясын тәрбиелеп келе жатқан мерейлі отбасының тірегі, медиатор Мектепхан Елеусінов сайланған.
– Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі еш уақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық. Бүгінде «Әкелер мектебінің» ұйымдастырумен тәрбиелік мәні зор тағылымды іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, – дейді «Әкелер мектебінің» төрағасы Мектепхан Елеусінов.
Ал «ЕркеZhan» қыздар клубының жұмысы атауы айтып тұрғандай бойжеткендердің тәлім-тәрбиесіне арналған. Клубтың басты мақсаты – нәзік жандыларды әдеп пен сыпайылыққа, инабаттылық пен адамгершілікке, мейірімділік пен қамқорлыққа баулу, тәрбиелеу, жас жеткіншектерге қыз баланың алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы мен үлкен жауапкершілік тұрғанын ұғындыру. Сонымен қатар, клуб қазақ қызына сұлулық пен денсаулықты, саламатты өмір салтының басты қағидаларын, өмірлік қажеттіліктерді үйретуді көздейді.
– «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге» қауқарлы әйел затына артылар жүк жеңіл емес. Ал «қызды қырық үйден тыю» – түгел ұрпаққа артылар міндет. Қыз баланың тәрбиесі үлкен маңызға ие. Бүгінде «ЕркеZhan» қыздар клубының жұмысы өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Біз қыздар арасындағы мәселелерді өмір жолдары өнегеге толы ақ жаулықты аналарымыз бен әжелеріміздің қолдауымен оңтайлы шешіп келеміз. Бойжеткендерге психологиялық кеңес беру, сырласу, моральдық көмек көрсету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Аудан әкімі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес біз үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесе бұл жұмыстарды жандандырамыз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы С.Сыздықова.
Атап өту қажет, соңғы жылдары NEET санатындағы және пробация есебіндегі жастармен жұмыс жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Былтыр облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш бұл мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берілгенін негізге ала отырып, жүйелі жұмысқа көшетін уақыт келгендігін алға тартып, өткен жылғы қараша айын «NEET санатындағы жастармен жұмыс айы» деп жариялаған болатын. Осы ретте, айта кететін жайт, NEET санатындағы жастарды анықтау, оқудан шығып қалған студент-жастармен, әскер қатарына барудан жалтарған, пробациялық есепте тұрған және жұмыссыз жастармен кешенді жұмыстарды атқаруда салааралық байланыстың маңызы зор. Аудан басшысы бекіткен іс-шараның төртінші бөлімі тұтастай осы мәселелерге арналған. Енді тоқсан сайын NEET санатындағы және пробация есебіндегі жастардың нақты тізімі жасақталып, әлеуметтік картасы жаңартылмақ. Аудандық полиция бөлімі жастарға құқықтық, психологиялық көмек көрсетсе, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері NEET санатындағы және пробация есебіндегі жастарды әлеуметтендіруге көңіл бөлмек. Мұнан бөлек, кент және ауылдық округтерде жастар саясаты бойынша туындауы мүмкін шиеленіс ошақтарының картасы әзірленеді.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарында жастарды мемлекеттік жобаларға тарту, жобалар аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыстыру да қамтылған. Елді мекендерде өнер фестивалі, «Жас көшбасшы – 2022» сайысы, «Ауылым – алтын бесігім» атты бейнероликтер байқауы, жас отбасылар арасында «Үлгілі отбасы» марафоны, белсенді, жұмыссыз жастардың қатысуымен «Еңбек лагері» ұйымдастырылмақ. Ал жастарды кәсіпкерлікке тарту мен жұмысқа орналастыру үшін ірі шаруашылық құрылымдарымен меморандумға қол қою, нәтижеге жеткен кәсіп иелерімен кездесулер өткізу, семинарлар, «Ашық есік» күндерін ұйымдастыруға да басымдық беріледі. Бұл жұмыстарға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, Сырдария аграрлы-техникалық колледжі атсалысады. Ұйымдастырылған жұмыстар аудан әкімі бекіткен іс-шаралар жоспары аясында аудандық газетте, жергілікті атқарушы органдардың ресми парақшаларында жыл бойы ақпараттандырылатын болады.
А.СЕЙІЛОВ