Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайрат етер кезіңде – жүк көтерер нардай бол

Қайрат етер кезіңде – жүк көтерер нардай бол

Ел басына күн туғанда етігімен су кешер ер азаматтарымыз бен тәулік бойына ел тынышты­ғын күзетіп, халықтың қамы мен көптің қауіпсіздігі үшін жан аямай жұмыс жасайтын қызметкерлер бар. Олар – әскерилер. қай мемлекетте болмасын әскери қызметкерлердің атқарар рөлі орасан. Осындай батыр ұландардың бірі – Аманкелді ауылының тумасы Данияр Уәлиев. Сыр суына шомылып, батыр атындағы ауылдың топырағынан нәр алып өскен азамат қазіргі таңда еліміздегі ең үлкен шаһарлардың бірі – Алматы қаласында әскери қызмет атқарып, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жүр. Жерлесімізбен телефон арқылы тілдесіп, сұхбаттасқан едік.

– Данияр, алдымен оқырманға өзіңіз­ді таныстырып өтсек...

– 1995 жылы Сыр елінің Аманкелді Иманов атын иеленген ауылында дүние есігін аштым. Балалық балдәурен шақ шағын ауыл топырағында асыр салумен өтті. Әкем мен анам – Алланың қалауымен он бір құрсақ көтерген абзал адамдар. Мен – үйдің кенжесімін. Әкем совхозда жүргізуші болып, зейнетке шыққан. Қазір, өкінішке орай, дүниеден озып кетті. Анам аспазшы болып қызмет еткен. Қазір бейнетінің зейнетін көріп, немере, шөберелерінің ортасында отырған ардақты ана, ақ жаулықты әже. Өмірде жеткен жетістіктеріме, алдымен Алла, одан кейін осы кісілер себепкер.

Ең алғаш №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектепте білім алдым. 2008 жылы облыстағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп интернатына қабылдандым. Мектеп қа­быр­ғасында жүргенде әдебиет, тарих пәндері жаныма жақын болды. Шабытты шыңдап, ақындар мүшәйрасына да қатысқаным есімде. Ұстаздарым Перуза Миянова, Гүлжайна Қасенова, Шынар Иманқызы, Роза Бодықовалардан алған білімім әлі күнге азық болып келеді. Қызмет бабымен әлемнің қай түкпірінде жүрсем де, еліме, туған ауылыма көңілім бұрып тұрады. Туған жердің қасиеті деген осы шығар, сірә.

– Ұстаздарыңыз, ауылдастарыңыз сұхбатымыз­ды үлкен мақтанышпен оқитынына сенім кәміл. Қазір әскери салада қызмет етеді екенсіз. Мектеп кезінен кейінгі өміріңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Негізінен мамандығым – тарихшы. 2012-2016 жылдары Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде білім алдым. 2016 жылы өз еркіммен мерзімді әскери қызметімді өтеуге бардым. Отан алдындағы борышымды Сарыөзек қаласында абыроймен өтедім. Сол жылдары әскери салаға деген қызығушылық оянып, бұл менің болашағым екенін түсіндім. Кейін Алматы қаласы десанттық шабуыл­даушы әскерлері құрамындағы 38-арнайы мақсаттағы бригадасының барлау ротасына келісімшарт бойынша қызметке қалдым. 2019 жылы Қазақстан Бітімгершілік полкіне қызметке ауыс­тым. Қазіргі таңда Қазақстан Бітім­гершілік полкінде арнайы мақсаттағы ротада бөлімше командирімін.

– Әскери өмір, қатаң тәртіп... Саланың қызығынан қиындығы көп шығар?

– Әрине, қай саланы алып қарасақ та, өзіндік қиындығы, қызығы болады. Қиындыққа қарасақ, ел мен жерді кім қорғайды? «Қайрат етер кезіңде – жүк көтерер нардай бол» дейді Б.Момышұлы атамыз. Ерім дейтін ел барда, елдің тыныштығын қорғау – бізге абыройлы міндет. Бұл салада таудың тасындай іріктелген жігіттер. Елдің тілегі барда ешқандай қиындық атаулы нар тұлғалы азаматтарды сындыра алмайтынына сенім­дімін. Жұмыс барысымен өзге мемлекеттерде де боламыз. Сондай кезде халқымыздың тарихы, өткені, ұлы халықтың батыр азаматтарының ерлігі бізге күш-қуат бере­ді.

– Әскери қызметті таңдауға не себеп болды?

– Айтып өткенімдей, бала кезімде әдебиетке, тарихқа жақын болдым. Бірақ қазақта «тағдыр» деген толғақты түйін бар. Оның қалай, қайда бұрары бір Аллаға ғана аян. Менің атам – Ұлы Отан соғысының ардагері, Смоленск майданының хас батыры. Әкем жастайымыздан атамыздың ерлігін құлағымызға құйып өсірді. Сонда «өскенде мен де батыр боламын» деп ойлайтынмын. Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» дейді. Сол айтпақшы, қызығынан қиындығы, жауапкершілігі мол саланы таңдауыма тәрбие себеп болған шығар. Бірақ, ата-бабамыздың ерлігінің қасында біздікі «болмасаң да ұқсап бақтың» кері ғой.

Одан бөлек, Отанды, елді, жерді қорғау керек. Отан – біздің ортақ үйіміз. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» дейді дана халқымыз. Ал енді бұлбұл құстың шырқайтын орманы болмаса қалай болар еді?! Сол сияқты Отансыз адам ешкім емес. Ата-бабаларымыз бізге осындай ұлан-байтақ атырапты аманат еткен, оны қорғау – біздің абырой мен ар алдындағы борышымыз.

– Осы салада кімдерді үлгі тұтасыз?

– Қазақ – батыр халық. Сонау әріден бастасақ, тарихты түгел қозғауға тура келеді. Берісін айтсақ, Бауыржан Момышұлының және Ауған соғысы батыры, қазақтың «Қара майоры» атанған Керімбаев Борис Төкенұлының әскери өмір жолынан көп үлгі аламын. Осындай батыр аталарымыздың ерлігін оқып, біліп, өзімді сол кісілер сияқты шыңдауға тырысамын.

– Қызмет барысында жеткен жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз?

– Шүкір, еңбегіміз басшылық тараптан еленіп келеді. Солардың бірі Ливан-Сирия шекарасында атқарған қызметіміз үшін Біріккен Ұлттар ұйымының арнайы медалін алдым. Одан бөлек, бала кезімнен спортқа жақынмын. Ер азамат болған соң, оның үстіне әскери салада қызмет етіп жүрген соң, спорт – біздің екінші өміріміз деуге болады. Осы ретте, армиялық қоян-қолтық ұрыстан, бокстан әскерилер арасында бірнеше мәрте чемпион және жүлдегер атандым. Бокстан спорт шебері, кикбоксингтен және армиялық қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберіне үміткермін. Бұлар былайғы жетістіктер болғанымен, еңбегіміздің жемісі. Бірақ, өмірдегі ең үлкен жетістігім – қазақ деген қасиетті халықтың қызметіне жарағаным деп білемін.

– Туған жерге оралу ойда бар ма? Алдағы жоспар­ларыңыз қандай?

– Дана халқымыз «Ит – тойған жерге, ер – туған жерге» дейді. Туған жерге демалыс алған сайын барып тұрамын. Біржола қайту ойда бар. Себебі, менің жеті атамнан бергі бабамның жамбасы осы Сыр бойында жатыр. Бірақ, «Кешегі күн – тарих, ертеңгі күн – жұмбақ» деген.

– Неге қызығасыз? Сүйікті ісіңіз қандай?

– Ауылды сағынғанда, қол қалт еткенде, қалам алып өлең жазатыным бар. Одан бөлек, атқа мінген ұнайды. Біз қазақ – жылқының жалында өскен халықпыз ғой. Және суда жүзуге қатты қызығамын.

– Туған жерге сәлем жолдайсыз ба? Мектеп бітір­гелі отырған жас буынға қандай ағалық кеңес айтар едіңіз?

– Орын алған кейінгі жағдайларға байланысты елді сабырға шақырғым келеді. Ақ пен қара қатар жүреді дейді ғой. Бұл да елімізге берілген сынақ шығар. Осындайда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлік пен татулықтың арқасында бәрін жеңетінімізге кәміл сенімдімін.

Ал, кейінгі буын, жас өркендерге айтарым – заман оқығандыкі. Қазақтың ханы Абылай бабамыз «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» дейді. Оқыңыздар, білім алыңыздар. Аянбай тер төгіп, елдің жүгін көтеруден шаршамаңыздар.

– Данияр, жұмыстың қызу, қызметтің қауырт ке­зеңінде жерлестеріңіздің ыстық ықыласын үлкен ілтипатпен қабыл алып, арнайы уақыт бөліп, сұх­бат бергеніңіз үшін рақмет! Өзіңіздей ел қорғап жүр­ген батыр ұландарымызға мың алғыс. «Елім» дер ер, «ерім» дер ел аман болсын! Елдігіміз мәңгі, еге­мен­дігіміз тұтас болсын!

Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 қаңтар 2022 ж. 916 0