Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қобыз үнін құлағыма жастайымнан сіңіріп өстім

Қобыз үнін құлағыма жастайымнан сіңіріп өстім

Мен қазақ қыздарына қайран қалам... «Қазақтың әнін, ұлттық киімі мен салт-дәстүрін өмір бойы серік еттім» деген күміскөмей әнші, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова болса, «қазақтың бұлбұлы» атанған Күләш Бәйсейітова, Сыр елі, жыр елінің тумасы, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақтың Ақбаяны, ақ еркесі, ақ қозысы» Мәдина Ералиева, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегеновалар күллі қазақ даласын әнімен тербеген. Қазақтың әнші қыздары­ның, ерке қыздарының ізін жалғап жүрген жастарымыздың бірі – Аманкелді ауылының тумасы Құралай Мейрамбек. Әлемнің 100 елінде көрсетілетін әйгілі «The Voice» телешоуының қазақстандық нұсқасы – «Қазақстан дауысы» мега-жобасының алғашқы кезеңінде-ақ бүкіл Қазақ елін үнімен тамсандырып, «қо­быз-қыз» атанған жерлесімізбен сұхбаттасқан едік.



Құралай Мейрамбекқызы, алғашқы сұрақты танысудан бастасақ?

– Мен «Сыр өңірі – жыр өңірі» атанған Сырдария ауданы, Аманкелді ауылдық округінде дүниеге келдім. Шағын ғана ауылдың тумасымын. №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатын 2019 жылы тәмамдадым. Одан кейін арман қуып, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан қаласына бағыт бұрдым. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық өнер университетінде арт-менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Отбасымда анам, әкем және бауырларым бар. Барлығы өнер саласында қызмет етеді. Екі әпкем – опера әншілері. Үлкен әпкем Гүлзат Әбдікәрімова – этно-фольклорлық «Қоңыр» тобының әншісі, екінші әпкем Ұлпан Әбдікәрімова – Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімді Италияда алған. Ағамның негізгі мамандығы – дәрігер, бірақ ол да өнер саласынан алыс жан емес. Артымнан ерген інім бар. Қазір 9-сынып оқиды. Ол да отбасымыздың дәстүрін жалғап, жыр-термеші, әншілік бағытқа бет бұрып келеді. Қазірдің өзінде халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді.

– Негізгі сұраққа көшсек. «Қазақстан дауысы» жобасына қалай келдіңіз? Жалпы әншілік қасиет кімнен дарыған?

– Бұл жоба – Қазақстандағы ең үлкен жобалардың бірі. Тасада жүрген таланттарды танытуға, қазақ жастарын көтеруге бағытталған керемет мүмкіндік. Жобаға қатысушылардың бәрі «сен тұр, мен атайын» деп тұрған нағыз талант иелері. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.
Әншілік бабамның қанымен, анамның сүтімен дарыған қасиет деп айта аламын. Сыр бойының топырағын басып өскен адамның «әу» демейтіні жоқ шығар, сірә!
Атам – ақын, әжем 40 жыл мектепте тарих және қазақ әдебиетінің мұғалімі болған. Әсем дауыс маған Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Одан соң әкем мен анамнан дарыған асыл қасиет дер едім. Ата-анам – өнер адамдары. Әкем – дәстүрлі жыр-термеші, анам – вокал сыныбының мұғалімі. Екеуі де Аманкелді ауылдық өнер мектебінде жұмыс жасап, жас өнерпаздарды өнерге баулуда. Осы кісілердің арқасында кішкентайымыздан қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық аспаптарына жақын болып өстік.
Бұған дейін де ән айтып, үлкен сахналарда бақ сынаған­мын. «Қазақстан дауысы» жобасына қатысу да үлкен арман­дарымның бірі болатын. Биылғы іріктеу басталғанынан хабар алған бойда, еш ойланбастан жобаға қатысуға шешім қа­былдадым. Маусым айында іріктеуден өтіп жолдама алдым. Бірінші кезең сәтті өтті. Қазір екінші кезеңге дайыңдық үстіндеміз.

– Аталған жобаның алғашқы кезеңінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Рамазан Таймановтың әніне жазылған «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, төрт тәлімгердің де жүрегін жаулап алдыңыз. Бұл – жеңіл-желпі ән емес, оны орындау үшін ерекше дарын мен үлкен жүрек керек деп ойлаймын. Дәл осы әнді таңдауға не себеп болды?

– Мен қайда жүрсем де, мейлі Қазақстанның басқа қала­сында болсын, мейлі шетелде болсын, өзімнің Сыр өңірінің тумасы екенімді, шағын ауылдың қаракөз қызы екенімді мақтан етіп, айтып жүремін. Бұл әнді таңдауға да сол туған жерге деген сүйіспеншілік себеп болды. Бұл әннің әуенін, өзіңіз айтып өткендей, өнердегі үлгі тұтар ағамыз Рамазан Тайманов, ал сөзін Оңталап Нұрмаханұлы ағамыз жазған. 1999 жыл «Қорқыт ата жылы» болып жарияланған екен. Соған орай, өнертанушылар Қорқыт мұрасын терең зерттесе, ақын-сазгерлер жыр шумақтарын арнаған. Соның ішінде «Қорқыт-қобыз» әні де бар. Жарыққа шығып, бүкіл қазақ елін тамсандырған әннің дүниеге келгеніне биыл – 22 жыл. Алғаш сахнаға Гүлнұр Оразымбетова шығарса, біз өз кезегімізде бұл әнді жаңаша өңдеп, қайта жаңғыртуды көздедік.
Ал қайырмасында қобыздың даусын келтіру идеясын өзімнің туған жездем ұсынды. Ол кісі де өнер саласында жүрген азамат. Осы ойды жандандырып, әнге жаңаша леп бер­дік. Әрине, оңай болмады. Бәрі еңбектің арқасында.

– Әншілік жолдағы ұстаздарыңыз туралы айтып өт­сеңіз.

– Мен қандай жетістікке жетсем де әуелі Алла, одан кейін ата-анам себепкер. Әрине, ең алғашқы ұстаздарым – ата-анам. Кішкентайымыздан Рамазан Тайманов ағайымыздың студиясында өстік. Қандай байқауға қатыссақ та, ағайымызбен ақыл­дасып отырамыз. Сол кісінің өңдеуімен көптеген әндер жарық көрді. Рамазан ағаға айтар алғысымыз шексіз. Жоғарғы оқу орнындағы ректорымыз Айман Мұсаходжаева апайымыз да өнер саласында жүрген, өнерді бағалай білетін жан. Осы жолда тәлім берген ұстаздарымның еңбегі ерен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Ақдәулетова апайымды ерекше атап өтер едім. Өкінішке орай, ол кісі қазір ортамызда жоқ. «Жарқын болашақ», халықаралық «Бозторғай» байқауының президенті Қарлығаш Әбдікәрімова апайымызға үлкен рақмет. Сол кісінің жетекшілігімен «Славян базары» байқауына қатысып, жүлдегер атанған болатынмын.

– «Қазақстан дауысы» сіздің алғашқы үлкен сахнаңыз емес екенінен хабардармыз. Бұған дейін қандай байқауларда бақ сынадыңыз? Ең алғаш үлкен сахнаға шыққан Құралай Мейрамбек туралы айтып өтсеңіз.

– 5 жасымда «Ботақан» байқауына қатысып, «Бас жүлде» иелендім. Ол менің алғашқы үлкен сахнам еді. Сол уақыт менің санамнан ешқашан ұмытылмайды. Одан кейін 2011 жылы Ис­паниядағы Льорет-де-Мар қаласындағы «Опус» байқауына қа­тысып, одан да жүлделі орын алдым. Сол жылы Белорусиядағы Витебск қаласында өткен балалар арасындағы «Славянский базары» сайысына қатысып, 1-орын иелендім. 2014 жылы Африканың Мозамбик қаласында «IFLC Mozambique» фестивальінде өнер көрсетіп, арнайы марапат алдым. 2015 жылы Румынияның Бухарест қаласында өткен халықаралық «ХІІІ Түрік олимпиадасында» Бас жүлде иегері болдым. 2015 жылы «Bala Turkvizyon» халықаралық байқауының 1-орын иегері атандым. 2016 жылы Бразилияның Сан-Пауло қаласында өткен «Colors of the world» фестивальінде өнер көрсеттім. 2018 жылы «Жарқын болашақ», «Miss innovation» республикалық байқауларында 1-орын жүлдегері атандым. 2020 жылы «Қызылорда дауысы» байқауында өз өнерімді көрсеттім.
Бұлар менің ірі байқаулардағы жеңісім ғана емес, үлкен өмірге қадам бастырған негізгі баспалдақтар деп білемін. Сахнаның киесі толғандырмай, толқытпай тұрмайды. Сондықтан мен еш қорықпадым деп айтпаймын. Кішкентай болсын, үлкен болсын, әр сахнаға шыққанда қобалжу болады, бірақ соның барлығын ақыл­мен, оймен дер кезінде жинақтау қажет. Түрлі байқауларға қа­тысып, тәжірибе жинап келемін. Бұл – мен үшін тек бастамасы.

– Керемет! Өз-өзіңізге деген сенімділігіңіз бен қайсар­лығыңыз – нағыз қазақ қызына тән қасиет. Соның нәти­жесінде небәрі он сегіз жасыңызда күллі Қазақстанды таң қалдырдыңыз. Бұрындары да ірі жетістіктерге жеткенмен, сіздің жұлдызыңызды жаққан «Қазақстан дауысы» жобасы секілді?

– Иә, дұрыс айтасыз. «Қазақстан дауысы» – еліміздегі ең үлкен жобалардың бірі. Телевизиялық байқау болғандықтан түгел ел тамашалай алады. Әлеуметтік желідегі қаралымдар саны бір аптаның ішіне бес жүз мыңға жетті. Барлығы оң пікір білдіруде. Халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөлену, әнді тыңдарман жүрегіне жеткізу – басты мақсат. Елдің қолдауы мен тілеуі мені қанаттандыра түседі. Халық сенімін ақтауға барымды саламын.

– Өнерді кие тұтқан халық өнер адамын да биік қояды. Қазақ халқы әрдайым сізге тілектес. Енді бір кәсіби сұрақ болсын. Даусыңызға арнайы күтім жасайсыз ба?

– Әрине, күтім жасау қажет. Қазіргі таңда жобаның келесі ке­зеңіне дайындалып жатырмыз. Күнделікті ән айтып, дауысты шынықтырамыз. Дауыстың да қалыбы бар. Сол формадан ауытқуға болмайды.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Арман адамды алысқа жетелейді. Болашаққа арман да, мақ­сат та, жоспар да көп. Дәл қазір оқуымды үздік аяқтауым керек. «Қазақстан дауысы» жобасын Сәкен Майғазиев ағамыздың тобында жалғастыратын боламын. Қазір екінші кезеңге қызу дайындық жүріп жатыр. Болашақта халықаралық сайыстарға қатысып, қазақ елін, қазақ өнерін әлемге танытып жүрген аға-апаларымның ізін жалғасам деген арманым бар.

– Құралай, Сыр елі өзіңізбен мақтанады. Алар асуыңыз аласармасын! Қазақтың қаракөз қызын Құдай тіл-көзден сақтасын! Әсем үніңізбен сайын даланы ғана емес, әлемді тамсандырып, қазақ халқын, қазақ өнерін күллі әлемге паш ете беріңіз деп тілек білдіреміз. Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет! Сізді бұдан да биік белестерден көретінімізге сенімдіміз!

Сұхбаттасқан Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 қыркүйек 2021 ж. 715 0