Барыс жылы – табыс жылы
Өткен сиыр жылы еліміз үшін атаулы күндерге, іргелі мерейтойлар мен үлкен жетістіктерге толы жыл болды. Орта Азия халықтарының күнтізбесіне сәйкес алдағы 2022 жыл барыс жылымен тұспа-тұс келеді. Барыс – сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Барыс сақтардың ұғымында киелі әрі қасиетті аң деп есептеледі. Жыртқыштың жеке қасиеттеріне сәйкес халық танымында барыс күштіліктің, тектіліктің және биліктің символы болып табылады. Жыл қайырудың үшінші жылына тура келетін барыс жылы туғандар, жантану ғалымдарының сөзінше, қажырлы, қайсар әрі мықты болып келеді.
Григориан күнтізбесіне сәйкес ХХ ғасыр басталғалы 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010 жылдар барыс жылына тура келген. Биылғы 2022 жылдан кейін «тыныштық жылы» деп бағаланған барыс жылы 2034 жылы қайта айналып келеді.
ХХ ғасырдың алғашқы Барыс жылында қазақ халқы патшалық Ресейдің құрамында болған. Соған қарамастан 1902 жылды тарихшылар «саяси ояну кезеңі» деп атайды. Себебі дәл сол жылдары патша үкіметіне қарсы түрлі үйірмелер ашылып, күрестер басталған.
1914 жыл тарихта дүниежүзілік соғыстың басталуымен есте қалған. Қазақстан бұл көтеріліске тікелей қатыспағанымен, Ресей азық-түлікті Қазақстаннан алып отырған.
Ал 1926 жылы Қазақстанда егістік жер ұлғайып, мал баы көбейсе, сауатсыздықпен күрес, әйелдер теңдігі мәселесі де осы жылдары көтерілген.
1938 жыл 1937 жылдан басталған Сталин бастаған әміршіл-әкімшіл жүйенің шырқау шыңына жеткен кезі болса, 1950 жыл Екінші дүниежүзілік соғыс шығындарын толтыру кезеңі болған.
Сәйкесінше 1962, 1974 жылдарға сәйкес келген барыс жылы патшалық Ресей құрамындағы Қазақстан үшін аса маңызды, өзгерістер жылы болған.
1986 жыл Желтоқсан оқиғасымен есте қалса, одан кейінгі Барыс жылы Тәуелсіздік алған кезеңге тура келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Барыс жылы 1998 жылға сәйкес келді. Бұл кезең ес жиып, бой түеген Тәуелсіз Қазақстан үшін іргелі оқиғаларға толы болған. Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрып, ел астанасы Сарыарқа төріне ауыстырылған.
Одан кейінгі барыс жылы – 2010 жыл. Бұл кезең Тәуелсіздік алғанына көп бола қоймаған егемен мемлекетіміз үшін әлемге танылып, ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш болып ЕҚЫҰ саммитін өткізуге төрағалық етуімен есте қалды.
Жылнамаға көз жүгіртсек, біздің мемлекетіміз үшін Тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы барыс жылы табыс жылы болған.
Барыс – қазақ және өзге халықтар үшін символдық мәні бар жыртқыш аң. Халық дүниетанымында барыс жылы «жайлы жыл» болып есептеледі. Ендеше есігімізден енген Барыс жылы халқымыз үшін құтты, берекелі, табысты, жайлы жыл болсын деп тілек білдіреміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ