Қоғамдық музей – құндылық ордасы
Жаңа жыл қарсаңында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Божанованың қоғамдық музейі мен кітапханасының ашылу салтанаты өтті.
Ізгілікті іс-шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастаған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ізгілікті іс-шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастаған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Руханият пен ұлттық құндылықтың орталығына айналатын қоғамдық кітапхана мен музейдің ашылу салтанатында аудан басшысы М.Ергешбаев қоғам қайраткерін құттықтады.
– Мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек еткен Алмагүл Божанқызының өнегелі өмірі ел есінде сақталатыны оның өлшеусіз еңбегінде деп айтуға толық негіз бар. Ол кісі еңбек жолындағы бірге қызмет атқарған замандастарын, Сыр елінің белгілі тұлғалары, қоғамдық-саяси ахуал, жалпы өмір туралы толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп, осы кезге дейін бірнеше кітап жазды. «Ердің бағын жандандырған – Ер Балдырған», «Сыр елім – Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Ғасыр үні», «Ел ардақтылары» атты кітаптары Сыр өңірі руханиятына қосқан үлесі екені айқын. Тарихи таныммен ұрпақтар сабақтастығы дамиды, ұлттық сана қалыптасады. Үлкенге көрсетілген құрмет келешегіміздің баянды болуына жол ашады. Есімі мен өнегелі істері Сыр елімен бірге жасап келе жатқан қайраткер тұлғаның тарихқа толы музейі құтты болсын, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев ардақты жанға жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен бірге, еңбек ардагері Қамар Рүстемов естеліктерімен бөлісті. «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы Сейткамал Сұлтанов құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Салтанатты іс-шарада құрмет иесі музей мен кітапхананың аудан халқына тағылымы мол болар деген сенім білдірді.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында құндылыққа толы жәдігерлер мен ақыл кені саналатын кітаптарымды жинақтап, қоғамдық музей ашуға ұйғарым жасадым. Мемлекеттік қызметте жүріп, алдыңғы буын аға-апаларымыздың тәлімін алдық. Мол тәжірибе жинақтадық. Дәл қазіргі уақытта артымнан ерген жас ұрпаққа жол бастаушы болатын құнды дүниелерімді ұғындыру – негізгі парызым. Сыр топырығынан түлеп ұшқан әрбір азаматқа тілекшімін. Біз осыдан 10 жыл бұрын «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігін құрып, соның негізінде ел азаматтарының есімін жаңғыртып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудеміз, – деген Алмагүл Божанова музей мен кітапхана жұмысын ұйымдастыруға атсалысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, оған қарасты аудандық кітапхана мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң құрметті меймандар лента қиып, қоғамдық музей мен 2000-нан аса кітаптан тұратын кітапханамен танысты. Іс-шара барысында қоғам қайраткері А.Божановаға құрмет көрсетілді.
Балатабай ОРДАБЕКОВ