Жетістікке толы жыл
Заман ағымына алтын әріптермен жазылып қалатын тағы бір жыл артта қалмақ. Жаңа дәуірде уақыт зырғып жатқанымен бір жылдың ішінде айтулы оқиғалар, ерекше жағдайлар орын алды. Отыз жылдық Тәуелсіздік тойын атап өткен Қазақстан ілгері қарай қарышты дамуынан тайған жоқ. Елдегі әл-ауқаттың жақсаруы жолында бұл жылда жарқын жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, ауданда да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Осы тұста, өтіп бара жатқан 2021 жылдың 12 айындағы жетістіктерді саралап көрелік.
Жылдың алғашқы айы саяси науқанмен басталды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына сырдариялықтар белсенді қатысты. Аудандағы 18 сайлау учаскесінде аудан тұрғындары өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, сайлаушылардың 82,89 пайызы маңызды науқанға қатысып, аймақ бойынша алдыңғы қатардан көрінді.
Ал ақпан айында Тәуелсіздік жылдарындағы айқын жетістіктердің бірі – аудан орталығына көгілдір отын берілді. Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова арнайы іссапармен келіп, тереңөзектіктердің қуанышына ортақтасты. Бүгінде Тереңөзек кенті тұрғындарының 70 пайыздан астамы табиғи газды тұтынып отыр.
Көктемдің алғашқы айы мерекелерге толы болды. Осы мерекелерді аудан жұртшылығы пандемия талаптарын сақтай отырып атап өтті. Одан бөлек, ауданға қарасты Аманкелді ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарда төтенше жағдай орын алғанда жедел қимылдауға мүмкіндік туғызды.
Сәуір айында аудан қауіпті індетке байланысты «қызыл» аймаққа енді. Сақтық шараларына аса мән беріліп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін аймақ басшысы ауданға келді. Сапар барысында көктемгі егін барысын көріп, жаңғыртудан өткізіліп жатқан Орталық алаң жұмысымен танысты. Сондай-ақ, медицина мекемелерін аралап, сақтыққа аса мән беру керектігін атады.
Мамыражай мамыр айында Ұлы Отан соғысы ардегеріне және оған теңестірілген ардагерлерге құрмет көрсетілсе, мектеп оқушыларына соңғы қоңырау салтанаты өтті. Ал осы айда 2020 жылдың 3 қыркүйегінен ауданды басқарған Талғат Дүйсебаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауданға Мұрат Ергешбаев әкім болып тағайындалды.
Жадыраған жаздың алғашқы айында С.Сейфуллин ауылында игілікті іс атқарылды. Ауыл тұрғыны, жалғысбасты анаға кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, құлау қаупіндегі үйді бұзып, жаңадан салып берді. Мұндай игі іске А.Ералиев, О.Саймағанбетов, Р.Есенов, А.Рахметов, Б.Рахмет есімді жомарт жандар көмек көрсетті.
Шілде айында аудандағы Орталық алаң жаңғыртудан толық өткізіліп, демалыс орнына айналды. Алаң гүлдендіріліп, ашық ғаламтор орнатылды. Одан бөлек, осы айда «Serikbol» сауда орталығы тұрғындарға есігін айқара ашты.
Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы. Осы ретте, облыста өткен «Мерейлі отбасы» байқауына Мақпалбаевтар отбасы қатысып, «Өнегелі отбасы» номинациясымен марапатталды.
Қыркүйек – берекелі кезеңнің бастауы. Осы айда егін еккен шаруашылықтар күрішке орақ түсіріп, астықты ысырапсыз жинап алу қамына кіріседі. Осы науқан алдында «Мағжан және К» ЖШС-нің демеушілігімен Н.Ілиясов ауылында күріш мұражайы ашылды. Мұражай батырлар туған мекеннің тарихын қамтиды.
Қазан айында ауданға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов келіп, А.Иманов көшесінің күрделі жөндеу және орталық стадионның жаңғыртылу жұмыстарымен танысты. Осы айда ауданға қарасты Жетікөл ауылында имандылық үй ашылып, ауыл халқы қуанышқа кенелді.
Ал қараша айында Іңкәрдария елді мекенінде жаңа мешіт ашылды. Сонымен қатар, бұл айда сырдариялықтар молшылық мерекесін атап өтіп, егін егуде озат шыққан шаруалар марапатталды. Және де жыл бойына жетістіктерге жете білген сырдариялық жастар аудан әкімінің «Өрлеу» сыйлығына ие болды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылын аудан халқы ерекше қуанышпен қорытындылады. Ел егемендігінің мерейлі мерекесіне орай 10 отбасы қоныс тойын тойлады. Ауданның дамуына үлес қосып жүрген сырдариялықтар түрлі марапаттарға ие болды. Іргелі шаруашылықтар еңбеккерлерге көлік мінгізді. Сондай-ақ, сырдариялық жас әнші Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы атанды.
«Өткен жылға өкпе жоқ» деп жатамыз. Табысқа толы жылда өкпе айтудың да реті жоқ. Сондықтан мерейлі жылы еліміз айтулы жетістіктерге жетіп, бейбіт өмірдегі тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырды. Жаңа жылда бұдан да жоғары жетістіктерге жетеміз деген үміт басым.
Е.БЕРКІНБАЕВ