Үздік ауылдағы үлгілі істер
Жақында «Мағжан және К» серіктестігінің егін науқанын қорытындылау және еңбек озаттарын марапаттау салтанатына қатысып, еңбек ұжымының жыл бойы атқарған жемісті жұмыстары мен алдағы жоспарларына халықтың жоғары баға бергеніне куә болған едік. Сол іс-шарада аудан басшысы Мұрат Ергешбаев үздік ауылдағы үлгілі істерді оқырман қауымға кеңінен насихаттау қажеттігін атап өткен болатын. Расында да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында, оның ішінде, Нағи Ілиясов ауылының өсіп-өркендеуінде Ералиевтер әулеті негізін қалаған іргелі шаруашылықтың алатын орны ерекше.
Жетістікке толы жемісті жыл
«Мағжан және К» серіктестігін аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев басқарады. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы атанған тәжірибелі азамат 2021 жылдың ауылшаруашылық құрылымдары үшін оңай болмағанын айтады. Оның ішінде, су тапшылығы мен жауын-шашынның жылдағыдан аз болуы егіннің уақытылы егілуіне кері әсер етті. Бірақ көктемгі дала жұмыстары кеш басталғанымен ұжымның бекем бірлігі мен көркем тірлігінің арқасында серіктестік жылды ойдағыдай қорытындылады. Шаруашылық бойынша биыл 4500 гектар жерге күріш дақылы егіліп, әр гектардан 67,4 центнерден өнім алынды. Осылайша, дала еңбеккерлері ел қамбасын алтын дәнге толтырып, жетістікке толы жылды жемісті қорытындылады.
– Жаз бойы тынбай атқарған еңбегіміздің қорытындысын шығарып, атқарылған жұмыстарды бағамдайтын болсақ, шаруашылықтың шаруасы ширап, дамығанын аңғарамыз. Мысалы, осы жылы барлығы 4500 гектар жерге күріш дақылы егілді. Бұл салыстырмалы түрде өзге ауылдарда егілетін күріш көлемінен едәуір көп. Көп көлемге егілген күрішті баптауға, өсіруге де көп күш-жігер кететіні белгілі. Шүкір, еңбегіміз еш кетпей, 67,4 центнерден өнім алынды. Мұнан бөлек, 2100 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, оның 1650 гектары тұқымдық мақсатта қалдырылып, 348 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды, – дейді серіктестік директоры Дархан Жұмашұлы.
Әрине, мұндай мол өнім мен табыс өздігінен келмейді. Бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Мұндай жетістікке жетуге күріштің агротехникалық күтімін жақсарту бағытында қолға алынған жұмыстар да өз септігін тигізуде. Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиевтің бастамашылығымен жүргізілген жұмыстар серіктестік жоспарларының уақытылы және сапалы орындалуына тікелей әсер етуде.
– Серіктестіктің даму жоспары, атқарып жатқан жұмысының нәтижелері – менің тұрақты бақылауымда. Бұған дейін де айтқанымыздай, біздің бір ғана мақсатымыз бар, ол – ауылшаруашылық саласын дамыту арқылы ауылдың, ауданның, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, бұл бағыттағы жұмысымыз халықтың көз алдында, – дейді Абзал Ералиев бізбен әңгімесінде.
Жаңа техника шығынды азайтады
Иә, ата-бабаларымыз айтқандай, Жаратқан несібені жерге төгеді, ал Жер-Ана еңбек еткен ерге төгеді. Ер адал еңбек етсе, елдің еңсесі көтеріледі. «Мағжан және К» серіктестігінің атқарып жатқан жұмысына зер салсақ, осындай қанатты сөздер ойға оралады.
Серіктестік биылғы жылдың күз айында 2717 гектар жерге сүдігер айдап, 0-дік деңгейде тегістеген. Кейін тегістелген жер арам-шөптерден тазартылып, тыңайтқыштар себіліп, күтімге алынған. Д.Ералиевтің айтуынша, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан күрішшілер өз шеберліктерінің арқасында күріштің шығымының жоғары болуын толықтай қамтамасыз еткен.
Шаруашылық техникалары жыл сайын жаңартылып келеді. Биыл «Джондир – 8270», «Лексион – 7600», «Класс Аксион – 820», «Скрепер Аргон – 5», «Класс Скарпион», «Лемкен», «ПСКУ – 5» маркалы комбайндар, тракторлар, жүк тиегіш көліктер мен соқалар алынған. Жаңа техникалар егінді уақытылы егіп, уақытылы жинауға және шығынды азайтуға көп көмегін тигізуде.
– Әрине, шаруашылықтың да өзіндік шығындары бар. Мысалы, жыл көлемінде тұқымға 117 млн теңге жұмсалды. 910 тонна карбомид, 1323 тонна аммонмий сульфаты, 760 тонна аммофос және 19,8 тонна пестицидтер мен 2 тонна микро тыңайтқыштар алуға барлығы 431 млн теңге бөлінді. Ал жанармайға 340 млн теңге жұмсалса, 430 млн теңге жұмысшылардың еңбекақысына төленді. Мұнан бөлек, аяқсуға, авияхимиялық өңдеуге, салыққа, медициналық сақтандыруға, жаңадан алынған техникаларға, қосалқы бөлшектерге, амортизацияға 766 млн теңге бағытталды. Қосалқы бөлшектер мен тыңайтқыштардың басым бөлігі шет елдерден алынатынын ескерсек, теңгенің құнсыздануына орай бізге қажетті тауарлардың бағалары да өсуде. Бұл өз кезегінде қара күріштің өзіндік құнының қымбаттауына әкеліп соғады. Бұл тығырықтан шығатын жалғыз жол – жоғары сапалы өнім дайындау. Ол күрішшілердің, механизаторлардың, шаруашылықтың барлық қызметкерлерінің адал еңбегіне байланысты, – дейді серіктестік директоры.
Жетістікке толы жемісті жыл шеңберінде тұқым сапасын арттыру үшін жоңышқа және күріш тұқымына арналған зауытқа 134 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қырманға 56 млн теңгеге шаруашылық еңбеккерлеріне арналып жаңадан жатахана мен асхана салынған. Мұның бәрі – айтқанға, жазғанға оңай болғанымен қыруар жұмыстар.
Ауылдың дамуына айрықша қолдау
Нағи Ілиясов ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына «Мағжан және К» серіктестігі айрықша үлес қосуда десек, артық айтқандық емес. Өйткені, шаруашылық ауыл әкімдігінің барлық ұсынысына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді. Әсіресе, ауылды көркейту мен көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары серіктестіктің басты назарында. Елді мекеннің республикаға танымал болуы – осынау қолдаулардың нәтижесі.
Серіктестік директоры Д.Ералиевтің айтуынша, биылдың өзінде әлеуметтік қолдау көрсетуге шаруашылық тарапынан 211 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл салыстырмалы түрде бүтін бір ауылдың бюджетінен де көп қаржы. Атап айтар болсақ, 2021 жылы мектеп ауласын көгалдандыруға 3 млн теңге, ауыл мектебінің оқушыларына қосымша білім беруге 5,6 млн теңге, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жобасына қорытынды алу үшін 1,8 млн теңге бөлінген. Ал балабақшаны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 3 млн теңге, ағымдағы жөндеу (фасадын сырлау) жұмыстарына 3,8 млн теңге, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ауласын көгалдандыруға 500 мың теңге бағытталған. Мұнан бөлек, ауылдық амбулаторияға ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 5,2 млн теңге, пандемия кезеңінде қажетті дәрі-дәрмекпен және аз қамтылған азаматтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге 1 млн теңге қарастырылған. Серіктестік ауылдағы бұқаралық спортты дамытуды да назарда ұстайды. Мәселен, ауылдағы спорт кешенін ағымдағы жөндеуге 11 млн теңге, қалыпты жағдайда ұстап тұру мен ауласын көгалдандыруға 6 млн теңге жұмсалған. Шаруашылық тарапынан ең көп қаражат жұмсалатын аумақ орталық алаң екен. Бір жылдың өзінде орталық алаңды көгалдандыруға 52,5 млн теңге қаражат бағытталған.
– Ауылымызға жаз мезгілінде адамдар «Тағзым» алаңын тамашалауға, су бұрқақтың жанына суретке түсуге көптеп келеді. Осы ретте, биыл «Тағзым» алаңын ағымдағы жөндеуге және қалыпты ұстап тұруға 6 млн теңге бөлінді. Мұнан бөлек, әкімдік ғимараты жанындағы және орталық алаңдағы су бұрқақты жөндеуге 4,5 млн теңге жұмсалды. Ал ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және қалыпты жағдайда ұстап тұруға 8,5 млн теңге, көшелерді жарықтандыруға 3 млн теңге, монша ғимаратына 5 млн теңге, ауылдық мешіт ауласын көгалдандыру мен қалыпты жағдайда ұстап тұруға 3 млн теңге бөлінді, – дейді Дархан Жұмашұлы.
Атап өту керек, биыл Н.Ілиясов ауылында балалар ойын алаңы жөндеуден өткізілді және жастар спорт алаңы қайта қалпына келтірілді. Ауыл жастары үшін жағымды жаңалық болып табылатын қос бірдей ауқымды жұмысқа 23 млн теңгеден астап қаражат жұмсалған. Ал шаштараз бөлмесін ашуға 1,2 млн теңге бағытталса, Тереңөзектегі қос қабатты тұрғын үйдің сыртқы келбетін әрлеуге 3 млн теңге бөлінген. Ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов шаруашылықтың бұл қолдауы елді мекеннің өсіп-өркендеуіне айрықша көмек екенін айтады.
– Елбасының «Барлық ауыл Н.Ілиясов ауылындай болсын» деп баға бергенін біз зор мақтаныш санаймыз. Ауылдың дамуы мемлекеттің қолдауымен қатар шаруашылықтың демеушілігімен қамтамасыз етілуде. Абзал, Дархан ағаларымыздың ауылды көркейтуге бағыттаған көмектері үшін алғыс айтамыз, жұмыстарына жеміс тілейміз, – дейді ауыл әкімі.
Қажырлы еңбекке – лайықты марапат
«Ердің еңбегін ел біледі» демекші, ауылдың әкімі де, халқы да шаруашылыққа дән риза. Өйткені, үздік ауылда көз сүйсініп, көңіл марқаяр тірлік көп. Ақындардың «Әр ауылға бір Абзал керек» деген өлең жолдары бекер жазылмаса керек-ті...
Әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық көмектің түпкі мақсаты – жақсы іске болысу, жанашыр болу, мұқтажға жәрдемдесу секілді қастерлі ұғымдармен ұштасады. Ауылдың дамуына айрықша қолдау көрсетіп келе жатқан шаруашылық қайырымдылық іс-шараларының да тұрақты қолдаушысы екенін атап өткеніміз жөн. Мысалы, дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы ауылда «Мағжан және К» серіктестігінің қатысуынсыз өткен емес. Биылдың өзінде шаруашылық көпбалалы отбасынан шыққан 20 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдарын табыстаған. Ал «Қарттар күні» мерекесінде ауылдағы 384 отбасына 770 тонна көмір берілген. Мұның сомасы 12 млн теңгені құрапты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына көмек ретінде барлығы 349 отбасына 52 мың дана жоңышқа пресс, 4350 дана қамыс пресс таратылған. Мұндай қайырымдылық іс-шаралары жөнінде көп мысал келтіруге болады. Бірақ «Оң қолын берген садақаны сол қолын көрмесін» деген даналық сөзді басшылыққа алып, осы жерден қаламымыздың бағытын басқа арнаға бұрғанды жөн көрдік. Бастысы, ердің еңбегін ел біледі, бағалайды, үлгі тұтады. Азаматқа одан асқан бақыт жоқ.
Осынау маңдай тер мен ізденіс, адал еңбек қандай марапатқа да лайықты. Ал Дархан Жұмашұлы Ералиевтің биыл «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атануы – ұзақ жылғы еңбегінің мәуелі жемісі. Қажырлы еңбекке берілген лайықты марапатқа шаруашылық қызметкерлері де түгел қуанды. Өйткені, «Бір басшыға – мың қосшы» дегендей, «Мағжан және К» серіктестігінің еңбеккерлері бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға, ортақ жетістікке тілектес болуға дағдыланған. Осы ретте, серіктестік директоры Д.Ералиевтің Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен де марапатталғанын атап өтуіміз қажет.
Әрине, ешкім марапатталамын деп еңбек етпейді. Марапат, бұл – қоғамның алғысы, көпшіліктің ризашылығы. Ендеше, ел алғысын арқалап, көпшіліктің ризашылығына кенеліп жүрген ұжым басшысының жетістігі – серіктестіктің де ортақ қуанышы. Лайым, Жер-Анадан несібе теріп, ауылдың, ауданның дамуына үлес қосып келе жатқан шаруашылықтың жетістігі көп болсын!
Түйін. Іс пен сөз бір арнаға тоғысып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бекем бірлік пен шынайы ниет және тәжірибе керек. Ағайынды Абзал және Дархан Ералиевтердің жанына топтасқан бірлігі бекем ауыл тұрғындарының ниеті ақ, тәжірибесі мол десек қателеспейміз. Олай болса, шаруашылықтың шаруасы дөңгелеп, биіктен көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ