Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Он саусағынан өнер тамған

Он саусағынан өнер тамған

Ұлтымыздың ерекше қолөнері­нің бірі – тоқымашылық. Ықылым заманнан келе жатқан тоқыма өне­рін меңгерген нәзік жандылар ара­мызда жеткілікті. «Өнер – тау­­сылмас азық, жұтамас байлық» де­ген қазақта тәмсіл бар. Міне, то­қымашылық кәсіпті баға жетпес бай­лығы санайтын Зина Қалжа­но­ваның он саусағынан өнер там­ған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықтар қайта жандана түсті. Ғасыр­лар бойы ел аналары қолөнерді тәрбие көзі санағаны мәлім. Қазіргі Ақжарма ауылында осыдан 45 жыл бұрын дүниеге келген Зина Қалжанова ұлттық өнерді анасы Бисенкүлден үйренген. Отбасындағы 10 баланың кенжесі Зина апайдың қыз күнінен тоқымаға деген ынтасы ауады. Ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін Зина Қайбулдақызы Қызылорда музыкалық кол­леджіне «Музыка тәрбиесі, музыка ма­мандығы» бойынша оқуға түседі. Осылайша, ол №130 Абай орта мектебінде әуез пәнінің мұғалімі болады. Кейіннен аудандық әуез мектебінде баян сыныбынан сабақ береді. Бұл ретте, кәсіби маман өзінің арманына қанат бітереді. Яғни, кілем тоқу курсын меңгерген жас ұстаз Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орнынан «Кәсіптік білім» мамандығын меңгеріп шығады. Осыдан 13 жыл бұрын Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне ұстаздық қызметке орналасады.

– Қолөнерге қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде басталды. Білім ошағында ұстаздарымыз бұйымдарды жа­сауға машықтандырды. Негізінен, қолөнер­мен айналысу бізге ата-баба тектілігімен, ананың сүтімен дарыған. Үлкендер салып кеткен ізгі жолмен жүргеніме қуа­ныштымын. Қыз күнімдегі сүйікті ісімді соңғы екі жылда кәсібіме айналдырдым. Алғашқыда тұмар, гүл шамдар жасап, рес­публика көлемінде тапсырыс қабылдай бастадым. Жан-жақты болуды жаным қа­лайды. Көптеген ізденістің арқасында эт­но­мәдени, заманауи құрақ көрпеше, қыз жасауын дайындаймын. Сонымен бірге, экс­клюзивті бұйымдарға әуеспін. Яғни, қол­дан жасалған, тоқылған ескі бұйым­дар­ды жаңартып отырамын.

Қазіргі таңда тоқыма өнері бойынша шәкірт тәрбиелеудемін. Облыс көлемінде қолөнерді дамыту – негізгі мақсатым. Сырдария аграрлы-техникалық колледжіндегі білім алушылардан бөлек, тоқымашылық кәсіпті игеремін деген ынталы жас­тар көп. Алдағы уақытта оқу базасын кеңей­тіп, мүмкіндігі шектеулі жандармен де жұмыс жасағым келеді. Қолөнерді яки тоқыма­шылықты үйренем деген жандарды онлайн және офлайн форматта арнайы курс өткізуге мүмкіндік көп.

Этномәдени үлгідегі шымылдырықты за­манға сай тігіп шығарған болатынбыз. Шымылдырыққа этномәдени суреттер тігін машинасымен салынған. Мәселен, аққу, тұмар, таға, бесік, шаңырақ сынды суреттер шымылдырықтың сәнін аша тү­седі. Негізінен, әрбір бейненің өзіндік мән-мағынасы бар. Бір айтар кетерлігі, келі­німе өз қолыммен шымылдырық тіккен едім, – дейді Зина Қайбулдақызы.
Үнемі ілмегі мен жібін қолынан тастамайтын тоқымашы алғашқыда қолғап, бас киім, жемпір, тақия, сәбиге арналған бұйымдар тоқитын еді. Қазіргі таңда үйге киетін жылы да жайлы аяқ киімін тоқуды шебер қолға алған. Ең бірінші кезекте аяқ киімді тоқу барысында табанның жайлы болуы маңызды рөл ойнайды екен. Сон­дықтан тоқымашы аяқ киімге қажетті табандарды Қытайдан алдырады. Сонымен бірге, шикі заттар республика көле­мінен тап­сырыс арқылы келеді.

– Осы кезге дейін жаз мезгілінде киюге арналған аяқ киімдерге сұраныс жоғары болды. Қазіргі таңда қыз-келіншектерге арналған осы қыс маусымына арналған аяқ киім түрлерін тоқуды қолға алып жатырмыз. Дана аналарымыздың айналысқан тоқыма өнерін дамытуға күш-жігерімді арнаймын. Үйде келінім Рита екеуміз түрлі бұйымдарды тоқып, сатылымға шығарып жатырмыз. Эксклюзивті бұйымдардың жасалу жолдарын тереңнен зерттеп, шәкірт­терімнің жетістікке жетуіне жол ашқым келеді. Негізінен, биылғы оқу жылында колледжде студенттері үшін тігін бұйымдарын үйретуге арнайы топ ашу жоспарда бар, – дейді қолөнер шебері.

Тереңөзектік Қуаныш Мырзалымен осыдан 20 жыл бұрын отасқан ардақты ана 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Заманауи бағытта тоқымашылықтың қыр-сырына қаныққан ұлағатты ұстаз Зина Қалжанова бірнеше ма­рапат төрінен көрінген. Тоқымашының басты жетістігі – төл өнерімізді жастарға же­тік меңгерту.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 желтоқсан 2021 ж. 418 0