Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іскер азаматпен жарқын кездесу

Іскер азаматпен жарқын кездесу

Өткен аптада аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруы­мен «Жастар. Жалын. Бастама!» тақырыбында Шіркейлі ауылында интенсив­ті курс өткізілді. Интенсивті курс аясында Шіркейлі және Нағи Ілиясов ауылының жастары түрлі іс-шараларға қатысты.

Екі күнге созылған курс барысында сала мамандары белсенді жастар арасында психологиялық тре­нинг, сергітуге арналған ойындар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ауыл жастары өз ойларын шыңдауға, сенімділікті арттыруға, өз-өзін дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, шығарма­шылық бағытта жұмыс жасауға бейімделді.


– Интенсивті курсты біз осыған дейін аудан ор­та­лығында екі мәрте ұйымдастырған болатынбыз. Білім саласының белсенді жастары мен түрлі сала мамандары іс-шараларда көшбасшылық қабі­леттерін көрсетті. Өз кезегінде өз саласында орасан жетістікке жете білген жекелеген тұлғалармен кездесу барысында жастар жан-жақты тәжірибе алмасты. Шіркейлі ауылындағы іс-шарада жастардың өз-өзін дамытуға арналған ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деді аудандық жастар ре­сурстық орталығының маманы Сәуле Сыздықова.


Бұл жолы ауыл жастары «Дара жол» тақыры­бында «Мәді Қажы» ЖШС-нің директоры Сейткамал Сұлтановпен кездесу өткізді. Кездесуге қонақ ретінде Шіркейлі ауылдық округінің әкімі Талғат Құламқадіров, ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қанатбек Әбілқасым, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей директоры Жанболат Назаров қа­тыс­ты.

Кездесуде Сейткамал Сұлтанов жайында ата-анасының ой-пікірі бейнекөрініс арқылы көрсетілді. Сыр-сұхбатта орталық мамандары дайындаған сауалдар Сейткамал Абзалұлына қойылды. Кеш кейіпкері балалық кезеңдегі қызық оқиғаларымен, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік сала­сын­дағы мол тәжірибесімен бөлісті.

– Ең алдымен, адам қоғам өмірінде азамат ретінде қалыптасуы керек. Өзі қалаған маман­дық­тың шебері бола білуі тиіс. Қандай мамандық иесі болсаң да іскерлігіңмен көпшілікке танылған абзал. Ешкімнің ала жібін аттамай, таза өмір сүру ерекше бақыт. Бақытты ұстап тұру – Алла Тағаладан берілген үлкен сый. Дара, даңғыл деген ұғым өз ортасында өзіндік орнын қалыптастырған, таза ниетін көпке білдірген азаматтарға арналған се­кілді. Осыған дейін адалдықты ту етіп, халық үшін еңбек етіп келеміз. Кәсіпкерлік саласында қажыр-қайратымен жетістікке жеткен жандар жетерлік. Біз де солардың қатарында болуға тырысамыз. Бала күнімнен ізденімпаз қасиетімнің арқасында табысқа жетудің қыр-сырына қанықтым. «Мәді Қажы» ЖШС тарапынан ауыл халқының әлеуетін көтеруге күш жұмсаудамыз. Өз кезегінде жастарға қолдау көрсетіп келеміз. Жақында Қызылорда қаласынан студенттерге арналған арнайы жатақхананың лентасын қидық. Бұл жерде Қызылорда қаласында оқитын ауыл жастары тұратын болады. Жатақханада ыстық тамақ, жататын орын, балалар білімін жетілдіретін арнайы курстар қарастырылған. Жастардан тек тәртіпті болуды, жатақхана заңына бағынуды талап етеміз, – деді «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы Сейткамал Абзалұлы.

Тағылымы мол кездесуде С.Сұлтановтың дос­тары Мағауия Қозбағаров, Қуаныш Омар, Бақыт Сыздықов өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге, ұстазы Бисенкүл Аяпова, Шіркейлі ауылдық округінің әкімі Талғат Құламқадіров, ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қанатбек Әбілқасым, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей директоры Жанболат Назаров кеш кейіпкерінің азаматтық болмысы, тұлғалық қасиеттері жөнінде пікір білдірді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 желтоқсан 2021 ж. 360 0