Тәуелсіздік – баға жетпес байлық
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқып, егемен еліміздің 30 жылдағы өткен белестері, өткен тарихы көз алдымызға келді.
30 жылдық торқалы тойды атап өтетін қазақ елі осынау қасиеті мен киесі бірдей тәуелсіздікке шын мәнінде қан төгіссіз, бейбіт жолмен келді деу қателік болар. Арғы бабамыздан бастап небір қиямет қайымды басынан өткерген халқымыз аласапыран заманды басынан өткізді. Дегенмен, ата қонысты, қарашаңырақты сақтап қалып, салт-дәстүрін, жазира даласын, қасиетті тілін, ділін ұрпағына аманаттады.
Ұлы даланың кең байтақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерін құрақ ұша қарсы алып, бір шаңырақ астында бірлікпен ғұмыр кешу – ата бабамыздың қанынан сіңген қасиет.
Тәуелсіздіктің мән-мағынасын түсіну үшін Елбасының мақаласында тағылымды естеліктер айтылған. Бастысы, тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткізгеніміз – ел-жұртымызға берілген үлкен сый.
Тарихи деректерден мәлімет келтірілген мақалада ХХ ғасырда қазақ даласына қасірет әкелген зұлмат кезең туралы кеңінен жазылған. 1916 жылғы патша өктемдігі, ұлт-азаттық көтеріліс, ашаршылықтың екі толқыны, репрессия, Ұлы Отан соғысы жылдары – азаттыққа алып келген азапты жолдар.
Елімізді тәуелсіз мемлекет ретінде жариялау оңайға тимеген, ал оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын болғаны ақиқат. Ең бірінші болып АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің Қазақстанға ресми сапармен келуі, екі ел арасындағы өзара сенім мен достық қатынасының орнауы шын мәнінде әлемдік аренаға шығудың алғашқы қадамы болған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі келісім республикалардың жарқын болашағын одан сайын нығайта түскен.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек. «Бірлігі бар ел озады» дейді дана халқымыз.
Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес» деп толғанды Елбасы.
Тәуелсіздік жарияланған соң мемлекетімізде Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Бүкіл халық болып талқылаған бұл құжат ел даналығы мен ынтымағының, береке-бірліктің іргетасына айналды. Шекарамызды шегелеп, алпауыт мемлекеттер Ресей мен Қытай арасында достық пен сенім белдеуі пайда болды. Атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі болды.
Отыз жыл ішінде еліміз көптеген қиындықтарды жеңіп, жетістіктерге қол жеткізді. Әлем мойындаған абыройлы елге айналды.
Тәуелсіздік ұғымы адамның басына қонған бақыт іспетті. Оны бағалай білген адамның қолында мәңгі тұрақтайды. «Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деді Елбасы.
Еліміздің елдігі артып, Көк туымыз аспанда мәңгі қалықтасын!
Б.ЖАНӘЛІ