Елбасы жолы – адал еңбектің үлгісі
Тарихи тұлға тағылымы. Бұл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті мазмұнды мақаласына арқау болған тақырып. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаланы тебіренбей оқу мүмкін емес. Елбасының өмір жолы мен қажырлы еңбегі туралы жазылған дүниеде көптеген тарихи мағлұматтар айтылған және адал еңбектің үлгісі болған Елбасы жолына лайықты баға берілген.
Президент өз мақаласын тамыры терең тарихтан бастаған. Оның ішінде атасы Алаш, керегесі ағаш болған қасиетті жұрттың басынан көптеген қиын-қыстау замандар өткенін айта келе, ата-бабаларымыз армандаған азаттықпен бірге сәулелі сәтерге толы шуақты шежіреміз жазыла басталғанына тоқталған. Ал осынау тарихи істің көш басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғаны белгілі.
Мемлекет басшысының өз мақаласында «Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды» деп атап өтуі Тәуелсіздіктің елең-алаңы ешкім үшін оңай болмағанын, әсересі Елбасы қаншама ұйқысыз күндер мен түндерді бастан өткергенін дәлелдейді. Осы ретте елді бірлікке үндеп, тату тірлікке жұмылдырған Тұңғыш Президенттің еңбегі орасан зор екенін атап өтуіміз қажет.
Президент сондай-ақ Елбасының ел басқару ісіндегі әділдігін, тазалығын, ерекшелігін кеңінен талдаған. Түрлі мінезге ие адамдармен оңай мәмілеге келуі, саяси маңызды оқиғаларды қоғам мүддесіне сай шеше білуі, қиын тұста тиімді шешім қабылдауы Елбасыға табиғаттың берген сыйы деп атап өткен. Сонымен қатар, барлық реформаның қозғаушы күші де, кепілі де болған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкені жазылған. Бұл Елбасының еңбегіне берілген лайықты баға.
«Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға» деген Ел Президенті мақаласының соңында сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге екенін атап өткен. Расында да біз, өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Jas Otan Жастар Қанатының
Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы