Тәуелсіздік тағылымы - егемендігіміздің діңгегі
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы - Қазақстанның тарихи табыстарын зерделеу құжаты. Ал Тәуелсіздіктің қастерлі тарихын пайымдау - бүгінде қоғамымызда берік орныққан ұлы дәстүр. Қазақстанның бүкіл әлем танып, жоғары бағалаған, өз халқы мақтан тұтып, көздің қарашығындай сақтап құрметтейтін күні.
Тәуелсіздігіміздің табысты 30 жылдығы – Отанымыздың әрбір азаматы үшін, әрбір ұрпағы үшін баға жетпес өмірлік маңызды құндылық. Ал, Елбасы үшін халқының тәуелсіздігінің негізін қалау жолындағы маңдай терінің, «күндіз бел жазбай, түнде ұйықтамай» еткен еңбегінің, қажымас-қайтпас күрескерлігінің, кемеңгер көсемдігінің жемісіндей бейнелі перзенті.
Бұл табыстарға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің көреген де сара басшылығымен жеттік.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тұғырының беріктігі мен елдігіміздің тұтастығы Елбасымыз, егеменді еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ десек, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүкіл саналы ғұмырында Қазақстан халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратымен еңбек етті. Өткенімізді саралай қарасақ, Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді.
«Дүниежүзі қартасында Қазақстан деген тәуелсіз елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия деп санаймын», - деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл жас ұрпаққа жолдаған үндеуі алдағы уақытта жарғылық басшылық болатынына сенеміз.
Сөзімді қорытындылай келе, болашақ ұрпағымыздың біздің бабаларымыздай тәуелсіздік аңсап қиналмай, білім мен ғылым қуып, инновациялық идеяларды тауып, дамудың даңғыл жолында болсын деген тілегім бар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі