Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы – әлемге әйгілі реформатор

Елбасы – әлемге әйгілі реформатор

Жер-жаһанға бірлігі бекем, тірлігі көркем еңбексүйгіш ел ретінде танылған Қазақ елі бүгінде әлем картасынан ойып тұрып орын алған Тәуелсіз мемлекетке айналды. Абыройымызды асырып, мерейімізді тасытқан Елбасы байтақ елдің бақытына ел тізгінін аса жауапты кезеңде ұстап, ұлы көшті адастырмай тура жолға бастады. Сарабдал саясаттың арқасында біз дамудың даңғыл жолына түстік. Бұл әлемге әйгілі реформатор, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі.

Н.Ә.Назарбаев – ұлы реформатор, әлем мойындаған мемлекетіміздің қайраткері, дүниежүзіне қазақ елін танытқан, Тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын өз қолымен жасаған, мемлекетіміздің іргесін қалаған, қабырғасын қатайтқан халқымыздың біртуар ұлы. Сексен жасқа сергек жеткен сұңғыла саясаткердің ел тарихындағы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекетіміздің жаңа заманның сын-қатерлерін артқа тастап, аяғына тік тұруы, тәуелсіздігіміздің нығайып, елдігіміздің еңселенуі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің нәтижесі. Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер жоғары бағалағаны, жан-жақты талдау жасалғаны белгілі.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап сыртқы саясатымызға сызат түсірмей, ішкі саясатымызды ілгерілетуде Тұңғыш Президенттің мойнында үлкен жүк тұрды. Елдің басына төнген ауыр қиыншылықтар мен әрқилы шақыруларға халықпен бірге төтеп беру үшін де Елбасы сансыз тәуекелдерге барды. Өйткені жауапкершілік оның жеке басында еді. Бұған ешкім таласа қоймас. Отанымызды кейбір арандатушылар айтақтаған араздықтан сақтап, көпұлтты біртұтас ел қалыптастыру арқылы Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі, татулықты ңтемірқазығы ете білді. Елімізде өткен Еуропа Қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы сияқты әрқилы шешімдер азаттығымызды ақсатпай, егемендігімізді еңкейтпей өтуге өткел болды. Мұның бәрі Елбасының бастамасымен ұйымдастырылды және жоғары деңгейде қорытындыланды.

Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз елді орнатуда ұлы реформатор ретінде нарықтық экономикаға көшу, елдің қаржы айналымында төл теңгемізді шығару, қоғамды демократияландыру, азаматтық қоғамның негізін қалау, баспасөз бостандығына мүмкіндік беру секілді аса маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Елбасы ұсынған «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» жоспарлары арқылы мемлекетіміз өз жолын тауып, дамып келеді. Дүние жүзіндегі елдермен көпвекторлы саясат негізінде қарым-қатынаста болуымыз да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясаты.

Қорыта айтқанда, Елбасы – еліміздің негізін қалаушы әрі Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бар өмірін тәуелсіздіктің алғашқы сағатынан бастап бүгінге дейін Қазақ елін нығайтумен келеді. Сондықтан әлем танып сыйлайтын, халқымыз мақтан тұтатын тарихи тұлға өмірі баршамызға үлгі, өнеге болары сөзсіз.

Бүгінде біз Елбасының сара әрі дара саясатының, тарихи шешімдерінің жемісін көріп отырмыз. Алпауыт елдермен теңесіп, жаңа заманның жаңа белестерін бағындыруға бағыт алдық. Көреген көшбасшының дана ұйғарымы халқымызды даңғыл жолға бастады. Есіл жағасындағы еңселі елордамыз жыл санап жарқырап жайнап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған мемлекеттің беделі Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының басқаруымен арта береді деп сенеміз. Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз аман болсын! Егемен еліміздің бүгінгі бақыты баянды және ертеңі еңселі болғай!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Jas Otan Жастар Қанатының
Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы


06 шілде 2020 ж. 494 0