Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең

Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең

Дана қазақ «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді. Астарына үңілсек, тағы да қоғаммен, күнделікті өмірмен байланыстыруға тура келеді. Байқасақ, ата-әженің тәрбиесін көріп, өсиетін тыңдаған баланың айырмашылы анадайдан білініп тұрады. Қарт деген – қазына, тұнып тұрған байлықтың көзі. Тек ыңғайын тауып, әңгіме құра алсаң, бүтін бір ғасырға татитын өнеге табасың.

Бүгінгі кейіпкеріміз – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбек пен тылдағы ауыр тіршілікті, ауыл тарихын зерттеп, аудандық жинақтарды шығаруда үлкен үлес қосып жүрген А.Тоқмағамбетов ауылының зейнет­кері Манат Есенбаева. Манат апай – Асқар Тоқмағамбетов атын еншілеген берекелі ауылдың тумасы. 1966 жылы жылы мектепті, 1972 жылы институтты бітірген, негізгі мамандығы – аг­роном. Білім алып, жастайынан ең­бекке араласқан ол туған ауылында 8 жыл бөлімше агрономы болып, кейін шаруашылықтың кәсіподақ, пар­­тия ұйымдарын басқарып, сол кез­дегі Қызылту ауылдық советінің пред­седателі қызметтерін абыроймен атқарған. Тәуелсіздікке дейінгі ке­зеңде ел экономикасы мен ауыл хал­қының тұрақты тұрмысы үшін білек сыбана жұмыс жасаған аяулы ана қызмет пен отбасын қатар алып жүрген. 1992 жылы көпбалалы ана ретінде зейнетке шыққан. Қол қусырып, құр отыру табиғатына жат Ма­нат апай «зейнетке шықтым, болды» деуден аулақ. Жаңа замандағы, жаңа кезеңдегі мемлекетімізбен қай­та жасасып, жаңарып, жасарып, еңбек­тен қол үзбеген. Сол кезден ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласқан ардақты жан күні бүгінге дейін қоғам өмірінің қай тұсы болса да өз үлесін қосып келеді.

Манат апай ауылдың тарихын, көзі көрген, өзі білетін дүниелерді ұмыт қалдырмай, кейінге қалдыруды мұрат етеді. Бұл ретте, аудандық мұражай мен мұрағатқа көптеген тарихи материал тапсырған. Қолы қалт етсе, тоқыма мен тігінді жанына серік еткен ана аудандық мұражайға өз қо­лымен тоқыған, тіккен заттарын өт­кізген. Сондай-ақ, Қызылордадағы сол жағалаудан ашылған «Ақмешіт» мұ­ражайына арнайы барып, онда өзі жинаған баспасөз материалдарының тігіндісі мен өзі тоқыған түкті кілем, көне арбаның дөңгелегін сыйға тартқан. 2019 жылы өзі білім алған Иса Тоқтыбаев атындағы мектептің 100 жылдық мерейтойына аудандық, об­лыстық мұрағаттарда сақталған мә­ліметтер мен мектеп түлектерінің фо­тосуреттерін жинақтап, мерейтойға ар­найы тарту еткен.

– Тарих ұмытылмауы керек. Тарих­ты жасаған тұлғалардың атын өшір­мей, ертеңгіге мұра етуді өзіме па­рыз санаймын. Біз бұған бей-жай қарасақ, небір асыл тұлғалардың өмірі тарих қойнауына ғана еніп, беймәлім болуы мүмкін. Осы тұста, зерттеу жұ­мыстарымды тоқтатқан емеспін, – дей­ді Манат Есенбаева.
2014 жылы А.Тоқмағамбетов ауылында сол ауылда туып өскен, жүзге толған бабаларға арналып үлкен ме­рекелік іс-шара өткізілген болатын. Солардың ішінде менің атам Мұ­қан Тұрмахаев та бар еді. Атамның ұрпақтары болып сол іс-шараға қа­тысып, ауылдық клуб сахнасында арнау оқығаным есімде сақталып қал­ған. Сөйтсек, сондай маңыз­ды іс-шараның да басы-қасында жү­ріп, ауылдың іргетасын қалаған тұл­ғаларды ұлықтауды бастама етіп кө­тергендердің бірі – Манат апай екен. Ол туралы мен кейіпкеріммен әңгіме барысында білдім. Тарихты туғызған айтулы тұлғаларды ұлықтауға арнал­ған маңызды шараны содан бері дәс­түрлі түрде өткізу жоспарланған. Бі­р­ақ елдегі жағдайға орай, былтыр өт­кізуге мүмкін болмаған.

– Асқар Тоқмағамбетов ауылында 2008 жылы бой көтерген үлкен мешіт бар. Ол мешіт сол кездегі шаруашылық басшысы Рашит Ысқақов және ауыл­дың белсенді азаматтарының қол­дауымен салынған. Сол жылдан бас­тап осы Алла үйінің ауласын абаттандырып келемін, – деп әсем гүлдеріне сүйсіне қараған Манат апай әңгімесін жалғастырды.

Ауылдағы құлшылық орны, киелі мекеннің ауласына гүл егіп, абаттандырып, тазалық жұмыстарын жүр­гі­зіп отырады. Сондай-ақ, сауапты іске мектеп бітіретін түлектерді, ар­да­герлерді жұмылдырады. Мектеп оқу­шылары да көмек қолын созып, бата алғанға үйренген. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген Манат Есенбаева ауылдың арда азаматы Меңдіғали Есжановтың ауыл мешітін қоршап, 150 орындық асхана салып бергенін, жинақталған материалдар негізінде жазылған ауыл тарихы туралы кітапқа демеушілік жа­­сағанын айтып, өз елінің ұлтжанды азаматына ауыл тұрғындары атынан алғысын білдіріп өтті.

Он жыл бұрын отбасының тіреуінен айырылған Манат апай өмірдің қатал сынына қайырылмаған. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бүгінде неме­релерінің қызығын көріп отыр.

Осы мақаланы жазу барысында қарсылық танытқан Манат апамызды «көпке үлгі емес пе» деп газет бетіне жариялауға әрең көндірдік. Расында, жасы алпысқа жетер жетпес «Асарымды асадым, жасарымды жасадым» деп, кейінгіге үлгі болмақ тұрмақ, ма­ңына жуысаң, жөні түзу әңгіме де айта алмайтын заманауи ата-әжелердің бар екені жасырын емес. Одан бөлек, осындай ай дидарлы аналар өмірін кейінгі ұрпаққа өнеге етуді көздедік.

Сондай-ақ, Манат апай редакция­­мен де үнемі байланысып отырады әрі тұрақты оқырманымыз, халықтың көзі мен құлағына айналған аудандық басылымның жанашыры екенін айта кеткен жөн.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 желтоқсан 2021 ж. 507 0