Елбасының ерлігі – шығарма арқауы
Тұңғыш Президенті күніне орай ауданымызда түрлі бағытта патриоттық, рухани-танымдық іс-шаралар өткізілуде. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандылық қасиетін арттыру мақсатында «1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» тақырыбында шығарма жазу байқауын ұйымдастырды.
Талапқа сәйкес, шығармашылық байқауға 10-12 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылдағымен салыстырғанда биыл қатысушылар саны көп болған. Бір мектептің өзінен бірнеше оқушы аталған бәйгеге өздерінің авторлық шығармаларын ұсынған.
Шығармашылыққа енді бағыт бұрып келе жатқан жас балғындар өз шығармаларына ел егемендігін, Елбасының көрегенділігі мен тәуелсіз елдің игілігі үшін атқарған жұмыстарын негіз еткен. Сондай-ақ, Елбасының саналы өмірі, еткен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі мен өнеге екеніне тоқталған. Н.Назарбаевтың қарапайым жұмысшыдан ел басқарған Президент болуы да шығармалардың негізгі мазмұнына айналыпты. Мұндай байқаулар өз кезегінде жас өркендердің ел тарихын оқып-үйренуіне, ел басқарар нар тұлғалы азаматтарға қарап бағыт-бағдар табуына өз ықпалын тигізері анық.
Байқауға арнайы құрылған шығармашылық топ қазылық етті. Шығарма тілінің көркемдігі, мазмұнның бірегейлігі, баяндау тәсілінің ерекшелігі сияқты талаптарды ескере отырып, қазылар алқасы байқауға қатысқан 40 шығармадан сегіз жұмысты үздік деп тапты.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша бас жүлдені шіркейлілік жас талапкер А.Насрадинова жеңіп алса, І орынды бесарықтық мектеп оқушысы С.Мұханбетқалиев еншіледі. Ал ІІ орын тұғырынан Н.Ілиясов ауылының атынан қатысқан З.Махамбетова көрінсе, ІІІ орынды Шаған ауылының намысын қорғаған озат оқушылар С.Мұратов пен сәкендік К.Темірбаева иеленді. Байқау жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Одан бөлек, К.Кенжебекқызы, Д.Тағайбек, Р.Айтуаровалар арнайы «Алғыс хатқа» ие болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ