Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз бала тәрбиесі неге ақсап тұр?

Қыз бала тәрбиесі неге ақсап тұр?

Қызың жақсы болса бір бақыт, ұлың жақсы болса мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт.

Халық мәтелінен
Нағашы әжем үйімізге қыдырып келгенде, бәріміз үлкен кісінің жағдайын ­жасап, ас-суын баптап беріп, оның айтқан әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Жас­тайынан жасы үлкен кісімен бас қосқан әжем көргені жоқшылық болғанымен, барды ұқсатып, ер азаматының қас-қа­бағына қарауды өз әжесінен алған тәр­биесі екенін айтудан жалықпайтын. Әжем­нің айтуынша, колхоз басшысы болған жұбайы таңалакеуімнен жұмысқа кетіп, еңбек етіп, ауыл адамдарының ашық­пауына жағдай жасаған бір бар бол­ғыр азамат екен.

Анамның әкесі діндар, ескіше сауатты иман­дылығы мол, елге сыйлы болған. Бірде қазан-ошақтың айналасында ас-суын дайындап жүр­ген әжем еріне баласын түзге отырғызуын сұрайды. Сонда анамның әкесі «маған мұндай нәрсені айтпа, менің қолым қызымның етіне тисе жағдайы жақсы болмайды» деп іркіліп қалады. Сонда әжем «қайдағыны айтасың, тоссаң өз қызың емес пе, ештенең кетпейді ғой» деп, қолының тимей жатқанын алға тартады. Сонда қызын түзге отырғызған әкесі қолындағы қызының қуарып, талықсып кетіп бара жатқанын байқайды. Мұндай көрініске баж ете қалған анасы жылап-еңіреп, «қызымды өлтірдің ғой» дейді. Сонда әкесі «қазір, бәрін қалпына келтіремін» деп аят оқып, қызының есін жияды. Болған жағдайдан кейін анасы қыз балаға ер кісінің, мейлі ол әкесі болса да, жанына жолатпауға тырысқан.

Қазір жағдай басқа. Жас отбасыларда «мені­кі», «сенікі» деген әңгіме жоқ. Баланың жағдайын жасауға ер азаматтар да бір кісідей ат­салы­сады. Тіпті баланың жаялығын ауыстырып жатқан ер адамды көру үйреншікті әдетке айналды. Ал бұл ата-бабамыздан келе жатқан жат әдет екеніне мән беріп жатқан адам жоқ.

Негізінен, қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне аса мән берген. Қызды болашақ ана, жат жұрт­тық деп жақсы тәрбие беруге тырысқан. Дегенмен, жұртшылық арасында «қыз тәрбиесі ақсап бара жатыр» деген сөздің көптеп таралуында үлкен мән бар екені жасырын емес.

Қазіргі ата-аналар ер баладан гөрі қыздарды үлде мен бүлдеге орап, ешнәр­седен тарықпай, не ішем, не жеймін десе де айтқанын екі етпей орындауға әзір тұрады. Негізінен бұл дұрыс, бірақ, тым шектен шығу кейін өзіңе таяқ болып тиюі мүмкін екенін естен шығармаған абзал.
Әрине баршылық жақсы. Десек те, бар­лы­­ғы адамның материалдық тұрғыдағы жағ­дайына байланысты. Ақша бірде бар, бірде жоқ болатынын айтып, кейде барды қанағат ету керектігін жастайынан құлағына құйып өсіру баланың тәрбиесіне зор әсерін тигізеді. Қарапайым киім киісі, көпшілік ортасында өзін дұрыс ұстауы, сөйлеу мәнері – барлығы жаста­йынан қалыптасатын әдеп. Оған жа­уап­ты қыз баланың бірінші тәрбиешісі – анасы. Сондықтан аналар қыз тәрбиесінде мүлт кетпеуі тиіс. Немқұрайлылық сан соқтыруы мүмкін.

Қыз бала – жат жұрттық. Бойжеткен қыз есейген соң тұрмысқа шығады. Қыз бала ның барған жерінде тастай батып, судай сіңіп кетуі тағы да анасына байланысты. Кейде ата-ана­лар қыздарының тым жастай тұрмыс құрып кеткеніне қапаланады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі жастайынан өзге босағаға барып сіңісіп кету әлдеқайда оңай. Ал оңы мен солын танып үлгерген қыздар міншіл келеді. Анау-мынау ұсақ-түйекті теріп, ақыры көндігуі қиын­ға соғады.

– Өзім тұрмысқа кеш шықтым. Біздің кезде 25 жасты кәрі қыз дейтін. Кеш шыққанымнан болар, өмірге екі қыз бала әкелу бақыты бұйырды. Қазір қыздарым өз отбастарын құ­рып кетті. Балалы-шағалы. Кіші қызым алдымен тұрмысқа шықты. Жастайынан «теңімді таптым» дегенде төбемізден мұздай су құйған­дай болды. Бірақ, кететін қызды ұстамау керек деген ақылмен қызымызды ұзаттық. Арада біраз уақыт өткеннен кейін үлкен қызым тұрмысқа шықты. Оның жасы тура мен тұр­мысқа шыққан жас болды. Уайымым басым болғанын жасырмаймын. Үлде мен бүлдеге оранып өскен қызым барған жерінде қандай болады деп ұйқыға жатқан сайын ойладым. Бірақ, қызымның құлағына құйған ақылымның арқасында қызым барған жерінде тастай батып, судай сіңді. Ата-енесімен бірге тұрып келеді. Жұмысын да жасайды, бала-шағасына да үлгереді. Құдағайымды көрген сайын «осындай қыз тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін рақмет» деп айтқанда төбем көкке жетеді. Әрине ыдыс-аяқ сылдырамайтын үй болмайды, бірақ, қызым бізге онша мұнша ештеңе айтпайды. Көңілі құлазыған кезде сұрасам, «мама, мен күйеуімді кешіре аламын, ал сіздер оны кешірмеулеріңіз мүмкін, сондықтан ашуды ақылға жеңдіреміз» деп айтқанда қызыма риза боламын. Жанымызды жүдететін тұрмыстық қиыншылықтар көп, әрине. Біздің қызымыз, бір үйдің жалғыз баласының келіні. Қызымыз бізден гөрі өз отбасына керек. Сондықтан Алла басымызға осындай қызықты көруге жазғанына шүкіршілік етеміз, – дейді есімін айтпауды өтінген жасы алпыстан асқан ана. Міне, қыз баланың бір әулетке жақсы келін атанып жүргені анасынан алған тәрбиесінің арқасы. Осындайда бір танысымының айтқан әңгі­ме­­сі есіме түседі.

Қайтыс болған кісінің үйіге көңіл айтуға барған ағам үйіне келе сала жеңгеме: «Құдайға шүкір, біздің бес ұлымыз бар, кезінде ұл туғаныңда қуандым, енді бізге бір тал болса да қыз керек екен. Бүгін жаназаға бардым. Ол отбасында да ылғи ер бала екен. Барлығы сос­тиып тұр, аналарының артынан жылап-сықтап жатқан адам жоқ. Ата-анасын жоқтайтын қыз бала екен. Ертең біз өмірден кеткенде артымыздан жоқтайтын қыз керек екен» деп қа­пасын жасырмаған екен. Кейде үлкендерден «рақатты қыздан көресің бе, ұлдан көресің бе» дегенді естиміз. Жақ­сы­лықты қартайғанда көп іздейтін егде тарт­қан кісілер ұлы жоқ болса «ұлым жоқ» деп арманда кетсе, қызы жоқтар жоғарыда айтқан ағамдай қызының болмағанын өкінішпен айтады.

Иә, мақаланың негізгі тақырыбы қыз бала тәрбиесі болғандықтан, тақырыптан ауыт­қы­май, қайтадан оралсақ. Ұлттық салт-дәстүрді зерттеп жүрген этнограф Зейнеп Ахметова қыз бала тәрбиесі туралы былай айтқан екен:

«Біз қыз тәрбиесінінің тізгінін босатып ал­дық. Бұл – шындық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай киініп, кіндігін көрсетіп жүр­гені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен-ақ қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған».

Айналып келгенде, қыз бала тәрбиесінде жауапты болатын анасы. Сондықтан анасы қызына ерте бастан қарапайым үй шаруа­сын үйретуден жалықпай, ас әзірлеуге, шай құюға, төсек жинауға, шаруаға икемді болуға мән бергені ұнамды. Сондай-ақ, кейбір жат қылықтарға мәселен, түске дейін ұйықтауға, тамақты обырлана асап жеуге, салт-дәстүрден аттауға, ұрыс-керіске тыйым салып отырса қыздың бойында имандылық ұялайды.

– Ата-бабамыздан бастап келе жатқан жақсы дәстүр бар. Ол қызды төрге шығарып, барынша аялап, мұқтаждық көрсетпеген. «Қыз­ды қырық үйден тыю» деген бар. Яғни қыз баланы бетімен жібермей, тым еркінсітпей өсірген. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деген сөз бар. Түсінгенге мұның астарында үлкен мағына жатыр. Мінезінің де дұрыс қалыптасуына аса мән берген. «Шешесін көр де, қызын ал» деп бекер айтпаған. Шешесі қызын 15 жасқа жеткенше өмірге дайындайды. Білгенін, көргенін үйретеді. Әкені сыйлау­­ды бойына сіңіру арқылы, болашақ жарын құрметтеуге дағдыланады деп сенген, – дейді көпті көрген кейуана Ұлбосын әже.

Келін мен ене ара-қатынасы – таусылмайтын тақырып. Ене деген атты келін түскен күні алатын аналарымыз келін келгенде бар тіршіліктен қолы босағандай сезінеді. Себебі, өзі келін болып түскендегідей отбасының бар тіршілігін жаңа түскен келінге арттырып, қолы ұзарғанына қуанады. Дегенмен, қазір мұндай жағдайға көнетіндер жоқ емес бар. Бәріне топырақ шашуға аулақпыз. Жаңа отбасыға, оның тәртібіне үйренісіп кетуге уақыт керек. Ол уақытты күтпей, дереу бәрі болмады деп ашуға булығатын енелер екі жастың арасына қалай түскендерін де сезбей қалады. Екі ортада дүниеге келген балаға обал болады дегенді де түсінбей, екі жаққа кетуіне себепкер болып жатса, бармағын тістеп, өкініп жатады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қыздар тәрбиесінде осалдық танытпай, қызымызды қы­­лықты, ұлымызды ұлағатты етіп тәрбиелеу өзіңіздің көрегенділігіңіз бен өнегелігіңіздің көрінісі деп біліңіз.

Бибісара ЖӘНІЛІ
27 қараша 2021 ж. 1 802 0