Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ​Үйде неге ысқыруға болмайтынын білдім

​Үйде неге ысқыруға болмайтынын білдім


Сіз де білгіңіз келсе, төмендегі мақалаға көз жүгіртіп шығыңыз. Көп уақытыңызды алмайды, бірақ көптеген мәліметке қанығатыныңызға сеніңіз.


Күн жылынғанда кішкентайларды үйге кіргізе алмайтын бәріңіздің кішігірім мәселеңіз болар. Ойын баласы кеш батқан соң үйге келудің орнына көшеге қарай қашады. Үйге кіргізу үшін қалтаңызды азғана ақшаға қағуға тура келеді. Балмұздақ әперіп әрең дегенде келісімге келеміз.
Әйтпесе есі барлары жарамазан айтып, ел жатқанда келетінді шығарып алды. Кішкентайларды үйге алып келу менің міндетіме кіреді.
Жұмыстан енді келген бетім. Үйге ауылдағы нағашы әжем келіпті. Анамның аяқ-қолы жерге тимей асүйдің ішінде шапқылап жүр. Ал әкем әжеммен әңгіменің майын тамызып, төргі бөлмеде отыр. Менің артымнан 5 жастағы қоңыр қозым ере кірді. Жай кірмей өзінше маған қырындаған кейіппен ысқырып кірді. Оны естіген анам бар даусымен «Ысқырма. Қашанғы айтамын саған үйде ысқыруға болмайды. Қандай ақпа құлақсың өзің» деп айғай салды. Тек айқайлуды біледі деп ернін дүртиткен інім жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Оның соңынан үйіміздің кенжесі де келе қойды. Анам әлі аяқсыз қалып жатқан шаруаларымен әлек. Ал мен болсам бір ісімнің өзінен-өзі тынғанына мәзбін.
Кішкентайларды жуындырып, дастарқан басына келдік. Анам да тамағын салып, әкеле қойды. Әкем бастап, әжем қостап, жапа тармағай тамақ жеуге кірістік. Ал інім әлі де бұртиып отыр. Дастарқанға келуге асығар емес. Мұны жақтырмаған әкем даусын қаттырақ шығарып, тамақ жеуге шақырды.
«Мені-ақ ұрса бересіздер. Ысқырғанда тұрған не бар екен?! Ол да тәртіпсіздікке жата ма? Бізде емін-еркін өмір сүру жоқ. Ауылға кетемін» деген інім сүйретіліп дастарқанға келді. Анам болса ысқырудың жаман әдет екенін, тәрбиесіздік екенін, ұят болатынын айтып түсіндіруде. Тамақ желініп болған соң әжем інімді жанына шақырып алды да, анама қатаң түрде ескерту айтты.
«Баланы жамандықтан тыйғыларың келеді екен. Оған дауыс көтерудің қажеті жоқ. Кез келген тыйымның сабақ боларлық әңгімесі, аңызы бар. Соларды мысалға келтіре отырып, жамандықтан тыйсаң ғана бала тыйылады. Тәрбие – таяқтау емес. Ақылмен тәрбиелеңдер. Ұл-қыздарыңның өнегелі, тәрбиелі болуын қаласаңдар, күштерің мен дауыстарыңа ерік бермеңдер, керісінше ақылдарыңды іске қосыңдар» - деді.
«Аналайын, шырағым! Мен қазір саған неге ысқыруға болмайтынын айтып беремін. Сен мұқият тыңда, әрі оны басқа да достарыңа айтып жүр.
Бұл әңгімені бала кезде атамнан көп естуші едім. Атамыздың айтуына қарағанда шайтанның Әбілет пен Тәбілет деген екі ұлдары болған екен деседі. Олар балаларын үйге шақырғанда ысқырады екен. Ысқырықты естігенде жын-пері, диюлар әке-шешесіне қарай асығатын болыпты. Діни-аңыздардың баяндауынша, періштелер әке-шешесін тозаққа алып кеткелі, жындар күл-қоқыста жасырынып жатады екен. Егер біреу байқаусызда ысқырса, «әке-шешеміз келіп қалған ба?» деп қуана сол адамға жүгіреді дейді. Егер оның адам баласы екенін көріп, сонша жерден жетіп келгенде алданғанын білсе, ашуланып адамды ұрады екен. Ондай адам ақыл есінен айырылып, жынданады деседі.
Міне, осыдан барып «ысқырма, жаман болады» деген тыйым пайда болған. Әсіресе, үйдің ішінде, қорада ысқыруға болмайды. Тіл алмай, жаман әдетіңді қоймасаң, үйді жын-жыпыр жайлап алып, берекелеріңді қашырады. Араларыңа салқындық салып, ауызбіршіліктеріңді жояды» деді.
Бәріміз де әжемнің әңгімесін ұйып тыңдадық. Әкем мен анам өздерінің істерінен ұялды ма содан кейін біздерге дауыс көтеріп айғайламайтын болды. Ең қызығы, інім де, оның достары да ысқыруды қойды.
Ләззат Ахметова,
ERNUR.KZ.
14 маусым 2018 ж. 1 265 0