Жетістік арманға қанат бітіреді
Биыл Сыр спортшылары жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп, биік тұғырдан көрінуде. Оның ішінде, тоғызқұмалақшылардың жетістігі баршылық. Республика көлемінде жеңімпаз атанған бірнеше спортшы Түркия еліне жаттығу жиынына барған болатын. Түркі халқының елінде тоғызқұмалақшылар өзара тәжірибе алмасты. Тоғызқұмалақтың 3 түрі бойынша жарысқа түсті. Бірнеше күнге созылған сапар барысында жас спортшылардың біліктілігі көрінді. Алдағы байрақты бәсекелерге дайындықтарын пысықтады. Өз кезегінде біз тоғызқұмалақшылармен кездесіп, қандай әсер алғандығы жөнінде пікірлескен едік.
Тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусінов спортшылардың жыл көлемінде республикалық жарыстарда жоғары жетістікке жетіп, Түркия еліне жолдама ұтып алғанын жеткізді.
– Шілде айында тоғызқұмалақтан ересектер құрамасы Түркия елінде жаттығу өткізді. Елімізден барған спортшылар арасынан сырдариялық Бексұлтан Бостандықов пен Ақерке Кенжебекова да болды. Ал қазан айының 10 жұлдызында жастар құрамасы Түркі елінің кереметтерін көзімен көріп қайтты. Бұл жолы 5 споршымыз құрама сапына енді. Олардың қатарында Дамир Ахметов, Жантөре Аманқос, Ерасыл Пернебаев, Нұрай мен Нұрила Мектепхан бар. Жалпы, Түркия мемлекетіндегі сапар бірнеше бағыттан тұрады. Республиканың аға жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева бастап барған жаттығу жиынында спортшыларымыз өзге де жарыстарға қатысты. Тозқұмалақтан шеберлік байқасып, теориялық білімін жетілдірді.
Негізінен, облыс бойынша 1000-нан аса спортшы тоғызқұмалақпен шұғылданса, оның ішінде сырдариялықтардың шоқтығы биік. Кәсіби және әуесқой тоғызқұмалақшыларға тәжірибелі бапкерлер дәріс береді. Қазақстан чемпионаты жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында жалауын желбіреткен болатын. Жарыстардың қорытындысын жыл соңында саралайтын боламыз. Ең алдымен, алдағы уақытта ұйымдастырылатын Азия біріншілігіне дайындық жүргізудеміз. Тоғызқұмалақтың классика, блиц, рапид түрінен сары құрлықтың мықтыларын анықтаймыз, – дейді Хәкімжан Елеусінов.
– Біз жаттығу жиынына шілде айында барған болатынбыз. Қызылорда облысынан 3 спортшы құрамаға енді. Түркияның Анталия қаласына қарасты Меркез деген жерде демалдық. Тоғызқұмалақтан бөлек, спорттық жарыстарға қатыстық. Ерекше мотивация сыйлаған сапарда мықтылармен жарысқа түсіп, ұлттық ойынның өзгешелігін басқа қырынан таныдық. Себебі, әрбір ойыншының өзіндік ойнау мәнері қалыптасқан. Шетелге шыққан кездегі басты мақсатымыз – сол елдің мәдениетін, әдет-ғұрпына қанығу. Елге жақсы көңіл-күйде оралу. Айрықша серпіліс сыйлаған Түркия елінде табиғатқа, теңізге, әсем, көрікті жерлеріне қыдырдық. Қазақстаннан барған 32 адамның барлығы шетелдік азаматтармен пікір алмасып, Қазақстанның ұлттық мәдениетін, руханиятын кеңінен насихаттауға тырыстық.
Ақерке КЕНЖЕБЕКОВА, тоғызқұмалақшы, ересектер құрамасының мүшесі:
– Түркия елінде қызыққа толы күндер өтті. 21 күнге созылған демалыста ұлттық ойынның биік шыңына шықсам деген кіл мықтыларды жолықтырдық. Мұндағы жарыстар барысында Қазақстанда ойнап жүрген ойын әдісін түбегейлі өзгертіп, жаңа бағытты ұстандық. Соның арқасында өзімізді жаңа қырымыздан тануға мүмкіндік алдық. Алдағы жарыстарда өзгеше жүрістермен қарсыластың осал тұсын табатын боламыз. Анадолы елінде сервистік қызметтердің жақсы жолға қойылғанын аңғардық. Қонақтарды, туристерді күтудің керемет үлгілері қалыптасқан.
Дамир АХМЕТОВ, тоғызқұмалақшы, жастар құрамасының мүшесі:
– Қазан айында жастар құрамасы Түркия елінде демалып қайтқаны белгілі. Біз Анталия қаласының Бурдур аймағында 18 күн демалдық. Бурдур қаласы таулы аймақта орналасқан. «Lavanta tepesi hotel» қонақ үйінде Қазақстан құрамасына барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Қызылордадан барған спортшылар 4 топтың жетекшісі атанды. Арнайы кестеге сәйкес, жарыстар жүргізілді. Әр топ тоғызқұмалақтан сайыс көрігін қыздырды. Сонымен бірге, шетелдік азаматтармен бірге жүзуден, үстел теннисінен жарысқа түстік. Эстафеталық жарыстарда дене белсенділігін арттыруға жұмыс жасалды. Өз кезегінде ана тіліміз бен түрік тілінің айырмашылығына мән бердім. Бір күнімізді арнап спортшылар Жерорта теңізіне барып, суының мөлдірлігін, демалыс аймағын көзімізбен көрдік. Кемеге мініп, теңіз толқындарын тамашаладық.
Жантөре АМАНҚОС, тоғызқұмалақшы, жастар құрамасының мүшесі:
– «Lavanta tepesi hotel» қонақ үйінің қызметкерлері ұлттық құрама спортшыларын жылы қарсы алды. Демалушыларға барлық жағдай жасалған. Барлық қызмет тегін болғаны қуанышты. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді. Спартакиадада 8 ойын спорт түрінен жарысқа түстік. Табиғатының көріктілігі туристерді таңғалдырады. Біз тоқтаған қонақ үйде футболшылар, регби, америкалық футбол, ережесіз жекпе-жек шеберлері болды. Спорт жұлдыздарымен кездесу барысында еліміз туралы айтып бердік. Елімізден барған азаматтарды жат жерде көргенімізге шын қуандық. Түркияның бірқатар қаласында болып, сауда-саттық барысына қанықтық. Тауарлардың бағасын едәуір арзан екенін аңғардық. Тоғызқұмалақ жарысында нәтижені талдау арқылы, ойынымызды дамыта білдік. Өзіміз секілді замандас достарымызбен тәжірибе алмастық.
Ерасыл ПЕРНЕБАЕВ, тоғызқұмалақшы, жастар құрамасының мүшесі:
– Құрама сапындағы жастардың көбісі шетелге алғаш шықты десем қателеспеймін. Біз демалыс уақытында Түркия елінің спортшыларымен теннис ойнасақ, украиналықтармен волейболдан жолдастық кездесу өткіздік. Анталия қаласының Спарта және Санта көлдеріне барған кезімізде қызықты дүниелерге қанықтық. Ал Билек қаласында болғанымызда Германия мен Ресей елінің азаматтарымен Жерорта теңізінің кереметтерін көзімізбен көрдік. Күнделікті тоғызқұмалақ ойынынан сайысқа түскен уақытта өз деңгейімізді білдік. Кемшін тұстарды бағамдадық. Алдағы түрлі чемпионаттарға дайындықты пысықтадық, бапкерлер үмітін ақтаймыз деп сенемін.
Нұрай мен Нұрила Мектепхан, тоғызқұмалақшылар, жастар құрамасының мүшелері.
– Біз үшін де Түркия сапары қызықты сәттерімен есте қалды. Әрбір ойыншының қарым-қабілетін ерекше бағалаймыз. Анадолы елінің тұрғындары қонақты айрықша құрметтейді екен. «Lavanta tepesi hotel» қонақ үйінің заманауи үлгідегі жабдықталуы қуантады. Жайлы ортаны сезіне білдік. Біруақ сабақтан қол үзіп, өзіміз ынта-жігермен тоғызқұмалаққа ден қойдық. Достарымызбен бірге дүкен аралап қажетті бұйымдар алдық. Ауылға базарлық әкелуге асықтық. Ең бастысы, тоғызқұмалақтың күннен-күнге өзгеше дамып келе жатқанына көз жеткіздік.
Жыл көлемінде жақсы көрсеткішпен дараланған спортшыларды жеке жаттықтырушысы Білімжан Елеусінов Азия біріншілігіне дайындауда. Алдағы уақытта сырдариялық спортшылардың байрақты бәсекеде топ жаратынына сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ