Ізденіс пен тәжірибені ұштастырған
Ол – Есеп-қисапты жетік меңгерген білікті маман. Қаржы саласында байыппен жүріп, нақты нәтижеге қол жеткізуді біледі. Иә, біздің кейіпкер – Берлан Құлмақов. Қызметтегі адалдықты ту еткен оның бойынан ешбір жасандылық көрмейсіҢ. Тек шеберлік пен тәжірибені ұштастырған.
Бүгінде Берлан Құлмақов аудандық қаржы бөлімінде бас маман болып қызмет етеді. Осыдан 7 жыл бұрын мемлекеттік қызметке келген ол еңбек жолын экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінен бастаған. Негізінен, отбасында Бекең 4 ағайынды. №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, жоғарғы оқу орындарында экология, экономика мамандықтарын игерген.
– Мемлекеттік қызметтің маңызы жоғары. Оның ішінде, қаржы бөлімінде әрбір қызмет мамандарға үйлестіріліп берілген. Мысалы, өз басым коммуналдық, меншікті басқару саласына жауап беремін. Мәселен, коммуналдық меншікке айналған мүліктерді есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру тетігі қарастырылған. Сонымен бірге, олардың есебін жүргізу арқылы мониторинг тізбегін шығарамыз. Қаржылық саясатты мұқият зерттеп-зерделеу қажет. Ақпараттық технологиялар дамыған уақытта барлық салаға қатысты жұмыстарды ыждағаттылықпен ұйымдастыру керек. Үздіксіз ізденістің арқасында күрделі мамандықтың қыр-сырына қанығамыз. Біз «Айқын» және «Е-қызмет» бағдарламаларын қолдана отырып, қаржы бөлімінің базалық кеңестігін нығайтамыз, – дейді бас маман Берлан Оразбекұлы.
Тәжірибелі маман өмірлік серігі Бибігүл Оразылықызымен 19 жыл бұрын отасқан. Жарасымды отбасында 5 перзент тәрбиеленуде. Анасы Гүлжәмила ер азаматынан ерте айырылса да, балаларын жеткізді. Бүгінде немерелерінің қызығын көруде. Берлан Оразбекұлы сайлау қызметінде де өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Маңызды науқан кезінде жауаптылық танытып, сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне күш салады. Мемлекеттік қызметте жан-жақтылығымен танылған қаржыгерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ