Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдарлама игілігін көруде

Бағдарлама игілігін көруде

Елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрушілердің қатары жас мамандармен толығып келеді. Алғаш рет 2009 жылы қабылданған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының бағыты жастарға, оларды қолдауға арналды. Бағдарламаның мақсаты – ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту, тұрақтандыру болатын.

Міне, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келетін бағдарлама игілігін бүгінде көптеген жас мамандар көруде. Бағдарламаның артықшылығы – жас мамандар әлеуметтік қолдауға ие болады. Сондықтан жыл сайын оның игілігін көрушілердің қатары артып келеді. Еліміз бойынша алғашқы жылдары елді мекенде жұмыс істеуге 3 мыңнан астам маман барса, қазір бұл көрсеткіш екі есе өскен.

Осындай қолдауға ие болған мамандардың қатарында ең алдымен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар. Соңғы жылдары «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатарына мемлекеттік қызмет­шілер де енді. Аталған салада қызмет етуге келген мамандарға әлеуметтік қолдау, яғни көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие беріледі.

– Сырдариялық жас мамандар қатары жыл сайын артып келеді. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылар саны да өсті. Бағдарлама бойынша жас маманға көтерме жәрдемақы беріледі, сонан соң тұрғын үй сатып алуға несие рәсімделеді. Өткен жылы көтерме жәрдемақыны, яғни 277 мың 800 теңгені 65 маман алса, тұрғын үй несиесі 52 маманға берілді. Былтыр тұрғын үй несиесі 4 млн 167 мың теңгеден белгіленді. Биылғы жылы бүгінгі күнге дейін 65 маман көтерме жәрдемақы алып, 35 маманға 4 млн 375 мың 500 теңгеден тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Негізі биылғы жылы 70 жас маманға тұрғын үй сатып алуға қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие 0,01 пайызбен беріледі, – дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Роза Бакуова.

Сырдариялық Сандуғаш Асанова аталған бағдарламаға қатысушы ретінде әлеуметтік қолдауға ие болған жас маман. Мамандығы дәрігер Сандуғаш Маратқызы – Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы медициналық университеттің түлегі. Жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық ауруханасында бастады. Осыдан бір жыл бұрын тиісті құжаттарын тапсырып, алдымен көтерме жәрдемақыға, сонан соң тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиеге қол жеткізді.

– Қармақшы ауданында туып-өстім. Негізгі мамандығым бойынша Сырдария аудандық ауруханасына қызметке орналастым. Осында тұрмыс құрып, ауданға белгілі Сәдуақасовтар отбасына келін болдым. Өмірлік серігім Айдос Төлегенов өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Биыл тұңғышымыз Айтөре дүниеге келді. Мемлекет тарапынан жас мамандарға берілген үлкен мүмкіндікке ие болдым. Қазір баспанамыз бар. Бағдарлама біз секілді жас мамандарға өте тиімді, – дейді ол.

Ардақты атасының ұсынған «бір отбасына бір дәрігер» қағидасын қабыл алып, дәрігер болуға бел байлаған Сандуғаш мамандық таңдауда қателеспегенін айтады.

Иә, дәрігер болу үшін ең алдымен адамға мейірім керек. Сонан соң үлкен жүректі азамат болғаның жөн. Дәрігерлік мамандық қателікті кешірмейді. Адам тағдырына дәнекер болатын жанның қолында өмір мен өлім арпалысып жатады. Сондай кезде, салқынқандылық танытып, дұрыс шешім қабылдау адамның өмірін сақтап қалады. Сондықтан жас дәрігер Сандуғаш Маратқызы «Ақ халатты абзал жан» деген атқа лайық болу үшін ізденуден, тәжірибе жинаудан жалыққан емес.

Жас мамандарды ауылдық жерде тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан берілген жеңілдікті осы күнге дейін ауданда мыңдаған маман алды. Алды он жылдан бері бастарына баспана алып, отбасылы болып, ел-халыққа қызмет етіп келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
12 мамыр 2021 ж. 582 0