Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңге төрге шыққан күн

Теңге төрге шыққан күн

Биыл мемлекеттің егемендігін айшықтайтын басты құндылықтардың бірі – төл теңгенің айналымға енгеніне 26 жыл. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ел экономикасының темірқазығы төл валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Дербес қаржылық-экономикалық жүйе жасауға талпыныс жасалған уақыт – 1993 жылдың 12 қарашасы. Осы күні Жарлыққа қол қойылып, үш күннен кейін Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленді. Атап айтқанда, қазақ валютасында Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болды. Төл теңгеде тарихи тұлғалардың таңдалуының өзі тегін емес. Бұған қатысты Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы болған Ғалым Байназаров «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында:
– Президент «Жаңа ғана тәуел­сіздігін алған елміз. Бізді, тіпті өзгелер саяси картадан да таба алмайды. Сондықтан ең бірінші номинал ең танымал – әлем білетін қазақ болуға тиіс», – деді. Сол себепті негізгі валюта – 1 теңгелік банкнотқа Әл-Фараби бабамыз бейнеленсін деген ұйғарым жасалды, – деген.
Алғашқы төл теңгеміз Ұлыбри­тания­ның әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шыққан. Тұ­ман­ды Альбион елінен ұлттық валютаны Қазақстанға жеткізу құпия жолмен жүргізіліпті.
– 7 миллион доллар тауып, ақша­мыздың қалған бөлігін шығаруға қа­жет­ті шығынды төледік. Төрт «ИЛ-76» ұшағын жалдап, ақшамыздың 60 процентін тасып алдық. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерас­ты қоймаларын жасатып қойдық. Төрт ұшақ Лондон – Орал бағытына, одан әрі облыстарға апта сайын он сегіз рейс жасап тұрды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны табысты өткізуге жұмылдырдық. Ең қиыны – ақшаны барлық банктерге, аудандарға жеткізу болды. Ол сегіз күн ішінде атқарылды. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осылай тез әрі табысты жүзеге асырылмаған шығар, – деген өз естелігінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Валютаға қатысты қажетті жаб­дық­тар мен заманауи технология алынған соң теңге өз елімізде шығарыла бастады. 1995 жылдың мамырында тұңғыш банкнот фабрикасын Тұңғыш Президент өзі барып ашты. Содан бері банкнота Ұлттық банктің Алматыдағы Бан­кнот фабрикасында, ал монета Өс­ке­мендегі Монета сарайында шыға­рылып келеді.
2006 жылы теңгеміздің кескіні тү­бе­гейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып, банкноттар бірыңғай стильде шықты. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталды. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.
Қазіргі қолымызда жүрген қазақ ақ­шасы ерекше дизайнымен көз тартады. Тіпті ерекше үлгідегі ұлттық ва­люта байқауларда топ жарып, ең үз­дік банкнот атағын иеленіп келеді. Мәселен, халықаралық банкнот қоғам­дастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» ата­ғын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына арналған номиналы 10 000 тең­гелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Ал келер жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Түркі жазба ескерткішіне арналған 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын жеңіп алды.
Мемлекеттіліктің басты құндылығы – төл теңге заман талабына сай өзге­ріп келеді. Ширек ғасырдан аса уақыт қолданыстағы валютамыз қанша сын­­­­­­­­­дарлы ке­­зеңдерден өтсе де өз құндылығын жойған жоқ. Қазақ елі мәңгілікке ұмтылғанын ескерсек, төл теңгеміз де егемен елмен мәңгі жасай бермек.

Е.БЕРКІНБАЕВ
16 қараша 2019 ж. 1 195 0