Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткісіз өмір ғажайып

Есірткісіз өмір ғажайып

...Заман азып не қылсын:
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Мұның бәрі адамнан.
Мұрат Мөңкеұлы

Қазіргі уақытта көп айтылатын «заман азып кетті» дегендерге «Зар заман» ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлының осы бір шумақтары дәлел. Заман қалай азбасын, оны құрушы адам болған соң. Мақаламды осы ақын өлеңінен бастағанымның себебі, сонау он тоғызыншы ғасырда отаршылдық саясатының әсерінен жайлауда, өз малымен күн көріп, тыныш жатқан қазақ еліне жат әдеттер ене бастады. Жерінен айрылған халық әдет-ғұрып, қазақы мінезінен де айрыла бастады. Ұрлық, өсек, талас-тартыс, алауыздық, жастардың орыстан келген ащы суын тойып ішу, темекі түтініне еліктеу, елдің ішіне ауру секілді еніп алуы осы заманнан басталды.

Қазіргі уақыт – осы жат қылықтар мен жаман әдетке еліктеушіліктің жоғары деңгейі, шарықтау шегі болып тұр. Ол  – есірткіге құмарлық.

Замандасым, болашақ – жастардікі. Болашақ жарқын болсын десең, біз бір-бірімізді тәрбиелеуіміз керек.«Баланың қандай екенін білгің келсе, жолдасына қара» деген сөз бар. Жастар салауатты, сауатты, иманды, білімді болса ғана жақсы болашақ қалыптасады.

 Мен бүгін саған ғасыр індеті, қанша жанның өмірін ойран еткен сұм дүние, есірткі  жайлы айтып беремін. Абай айтқандай, керекті сөз тапсаң, жазып ал не ойыңа тоқып ал.

Есірткіні біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда пайдаланған деген дерек бар.  Алғашында көкнәрді емдік қасиеттер үшін пайдаланғаны туралы әйгілі тарихшы Геродот еңбектерінде айтылған. Көкнәрді ауру-сырқауды басу үшін қарт кісілер суға қайнатып ішкен. Алайда жастар оны тұтынбаған. Ең алғаш есірткінің зиян екенін шығыс ғұламасы Ибн Сина жазып көрсеткен. ХІХ ғасырда көкнәрдің таралуы  Англия,Қытай елдерінде, ХХ ғасырда дамыған батыс елдерінде белең алған. Есірткіге қарсы күрес ХХ ғасырдың басында халықаралық сипат алып, 1946 жылы арнайы құжатпен бекітілген. 
Есірткінің неше алуан түрі бар. Олардың кейбірі, атап айтқанда морфий қазір де ауруды басу мақсатында медицинада қолданылады. Дәрігер бақылауымен рак дертімен жаны қиналған адамға еккенде ауруы тыншиды. Одан соң есірткінің героин деп аталатын түрі морфийдің екінші қайтара өңделу жолымен жасалады. Оны медициналық мақсатта қолданбайды. Героинді аз ғана иіскеу не болмаса тамырға егу арқылы пайдаланған адам сол мезетте-ақ есірткінің құрбаны болып шыға келеді.  Қысқа мерзімде адамды өзіне тәуелді етеді. Гашиш – қара базарларда жасырын сатылатын есірткі түрі. Мамандардың зерттеуінше мұны пайдаланған адамға үлкен нәрсе тым кішірейіп не керісінше көрінуі мүмкін. Жүрек, қан тамырлары, миға зардап тигізеді. Сондықтан тұтынушы бір сәттік ләззатқа бөленемін деп өмірімен де қош айтысуы мүмкін.
Қалай ойлайсыз, жасөспірімдердің есірткі құрбанына айналуына не себеп? Менің ойымша, бұл құрбандыққа әркім түрліше барады. Біреуі тойып секіреді, бәлкім, келесісі құмарлықтан болар?!Енді бірі өмірдің ащы-тұщысына шыдамай, өз жолын осы бағытта таңдап жатады. Отбасынан алған тәрбиесі деп айтайын десем, қандай керемет отбасы адамдарының балалары да осындай күй кешіп жататыны өкінішті...

Ғасыр індетімен қалай күресеміз? Бұл сұрақпен әлем болып айналысып жатыр десем қателеспес едім. Ең алдымен жасалатын жұмыс – оның алдын алу. Білім ордаларындағы кездесулер, тәрбие сағаттары біздер үшін өте маңызды. Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдердің бойында есірткі тарату мен тұтынуға қарсы тұруын дамыту, салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру,денсаулықты бағалау мақсатында Қызылорда облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының мектеп оқушылары арасында жиі өткізілетін  түрлі қызықты шараларында белсенділік танытып,жүлделі орындар алып, мектебімнің абыройын асқақтатып жүрген құрдастарымнан кейбір балалар үлгі алса деймін.

Мен  спорпен шұғылданамын. Ол - менің өмірімнің бір бөлігі. Спорт менің денемді шынықтырып қана қоймай, алдағы уақытта салауатты ұрпақ болуыма игі әсерін тигізеді. Меніңше, адамның жаны, жүрегі таза, рухы мен денсаулығы мықты болса, ата-ана, ұстаздардың тәрбиесін, жақсы жолды насихаттайтын ағалардың сөзін құлаққа құйып өскен әр баланың болашағы жарқын болады.

Досым, сенің алдыңда екі тармақ жол бар. Біріншісі – түзу, ашық, даңғыл жол. Бұл жолға түссең, алдағы мақсаттарың мен армандарың орындалады. Үміт еткен ата-анаңның еңбегін ақтар сәтті жол. Болашақтың іргесін нық ұстауға шақыратын айқын жол. «Сапалы білім алып, денсаулығың мықты болса, темекі, есірткі, ішімдік сияқты жат әдеттерден аулақ болсаң, болашақта сенің бағындырмайтын қамалың болмайды» деп анам әрдайым айтып отырады.   

Екіншісі – сенің армандарыңа балта шабатын, болашағы бұлыңғыр, тұман, қисық жол. Бұл жолға түссең, тұңғиыққа батасың да кетесің.

Ал, замандасым, ойлан! Жаман әдет, зиянды нәрседен, арақ, темекі, есірткіден аулақ бол! Менімен бірге таңдау жасаймын десең, соңымнан ер. Мен түзу, айқын, даңғыл жолды таңдаймын! Еліміздің дамуына үлкен үлес қосатын өзің екеніңді ұмытпа!

Есірткісіз өмір ғажайып екенін әркез жадыңнан шығарма, досым!

Мэлс Мақсат Серікұлы,
 №210 орта мектеп
Қызылорда облысы
Сырдария ауданы,
«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»
04 қараша 2021 ж. 363 0