Екпе – дертке қарсы тұрудың жолы
Алқымнан алған коронавирус өткен жылдан бері әлем жұртын әбігерге салып, пандемияға айналды. Қаншама адам жұқпалы аурудың құрбаны болып, көз жұмса, осы дертке шалдыққандар күн сайын өсті.
Халықтың мазасын қашырған дерттің беті вирусқа қарсы екпе шыққаннан кейін қайтты. Биылғы жылдың басында елімізде басталған екпе салғызу науқаны ауданда да қарқынды жүріп, өз еркімен вакцина алғандардың саны бүгінде 20 мыңнан асты.
– Ауданда вакцина алуға тиісті халық саны 22090 құраса, бүгінде оның 91,93 пайызы алды. Бұл – түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Дегенмен. әлде де болса тұрғындар арасында екпеге қарсы пікір айтатындар бар. Коронавирусқа шалдыққандардың дені – екпені алмағандар. Күні кеше тіркелген 1 жағдай – сөзіміздің дәлелі.Жалпы, вакцина – коронавирусқа қарсы тұрудың бірден бір жолы. Оны салғызу арқылы адам өзін, жақындарын қорғайды. Халықтың қалыпты өмірге тезірек оралуына мүмкіндік береді. Десе де қауіптің әлі де бар екенін ескеріп, әлеуметтік қашықтықты, маскалық режімді сақтау жалғаса береді. Қазір күз мезгілі, күн салқындады. Бұл уақытта вирустық инфекциялар қозады. Сондықтан жыл сайын осы уақытта тұмауға қарсы екпе салынады. Тұрғындарды, әсіресе, диспансерлік есепте тұратын науқастарды түгелдей коронавирусқа, тұмауға қарсы екпе алуға шақырамын, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Ж.Нұрсұлтанова.
Айта кету керек, өткен жылы ауданда коронавирусқа шалдыққандар саны 185 адамды құраса, биылғы жылы 600 нақтыланған жағдай тіркелген. Осы күні 579 науқас емделіп шықса, инфекциялық стационарда 2 науқас емделуде. Өкінішке қарай, аталған дерттен қайтыс болғандар да бар. Сырдариялықтардың 17-сі вирустың құрбанына айналды.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ