Қарты бар елдің құты бар
Апта ағымында «Қызылдихан» шаруа қожалығы мен Тереңөзек кенті клубының ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында ардагерлермен кездесу кеші өткізілді. Ізгілікті іс-шараға облыстық мәслихат депутаты, «Жанар-ай» ЖШС-нің директоры Бақдәулет Мақашов, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Зайдағали Жүсіпбайұлы, ардагерлер мен кеш қонақтары қатысты.
Талай жыл түрлі салада еңбек еткен ардагерлерді құрметке бөлеген іс-шараны ауыл шаруашылығы саласының майталманы Алданберген Құлбаев ашып, жиналған көпшілікке құрмет көрсетті.
– 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесі республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. Біздің шаруашылық қазыналы қарттарды ұлықтау іс-шарасын өткізуді Сыр салысын толықтай жинап алғаннан кейін жоспарлаған болатынбыз. Егін-жайдағы қызу тірлік саябырсып, қамбамыз астыққа толды. Диқандарымыз межелі жоспарды орындап, мерейімізді тасытты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша қарттарымызға ілтипат көрсетіп, сый-сияпат ұсынатын боламыз. Қариялардың өнегелі ғұмырына қашан да құрметпен қараймыз. Олардың жоғары дәрежеге көтеруді парыз санаймыз. Алдағы уақытта ардагерлерді киелі Түркістан қаласына саяхатқа, шипажайға демалуға жіберетін боламыз, – деді шаруашылық төрағасы.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашов ардагерлерді мерейлі мерекемен, ауыл еңбеккерлерін егін маусымын табысты аяқталуымен құттықтады.
– Ауыл шаруашылығы саласында ширек ғасырдан астам уақытта жемісті жұмыс жасап келеміз. Тынымсыз тірліктің бел ортасынан табылып, талай тауқыметті бастан өткердіңіздер. Қиындыққа мойымай, бейнетке жасымай отбасын асырау үшін қажырлы қайрат көрсеттіңіздер. Қарияларға барынша қолдау көрсетіп, денсаулығын жақсартуға демеушілік етеміз. Осы кезге дейін жүзеге асырылып келе жатқан жобаларды әрі қарай жалғастырып, тың бастамаларға иек артамыз. Алдағы уақытта бұқаралық спортты жанына серік еткен тұрғындар үшін жаңа ғимарат салуды жоспарлап отырмыз, – деді Б.Мақашов.
Мерекелік кеште 80 жасқа толған қазыналы қаттар марапат биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, еңбек ардагерлері Жолдас Байкенжеев, Мәрия Бәйімбетова, Раушан Есжүрекова, Зияш Үсенова көпшіліктың ыстық ықыласына бөленді. Мерейтой иелеріне арнап аудан өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен бірге, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Зайдағали Жүсіпбайұлы бастаған сала ардагерлері жиналған қауымға жылы лебізін жеткізді.
Айта кетейік, биыл «Қызылдихан» шаруа қожалығының диқандары 700 гектар егіс алқабына күріш екті. Шаруашылық орташа есеппен 78,2 тоннадан өнім алды. Биылғы жылдың озат бригадирі Кенже Айтбаев, озат комбайнері Ерлан Жолшыбек, озат жаткисі Алмас Кеңесов, озат күрішші Әбусәлім Үсенбай, озат сушы Бауыржан Қоқымбаев, озат тасымалдаушы Серікбол Бекішев, озат көкөніс өсіруші Қаншайым Жөлекенова, озат бақша өсіруші Жәнібек Кеукенов, озат картоп өсіруші Нұрхан Молдабаев болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ