Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер батасын алды

Майдангер батасын алды

Ұлы Жеңістің 76 жылдығы аясында аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыровтың шаңырағына арнайы барды.

Майдан даласында ерлігімен танылып, жаудың бетін қайтарған ардагерді мерекемен құттықтаған жастар қазыналы қарттың ақ батасын алды. Отты жылдарда орын алған қиындық пен өшпес ерліктің қадірін ұғына білді. Бейбіт күнді аңсаған халықтың қорғаны болуы үшін жанкештілік танытқан майдангер жолы көпке үлгі. Өз кезегінде Яхия ақсақал наубетті жылдар мен қасіретті күндер елдің басына бермеуін тілге тиек етті.

– Қарша бораған оқтың ортасында жүріп, талай боздақ елі үшін аянбай соғысты. Бейбіт күнге жету жолында данқты батырларымыз ерлік көрсетті. Талай жас қыршыннан қиылды. Қияметке толы күндер алдағы күндері қайта келмесе екен. Ұрпағымыз тыныштық пен егемендіктің қадірін ұғынса деймін, – дейді соғыс ардагері.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Оралов бүгінгі жас буын қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, тіршіліктің ұзақ та, жарқын, алаңсыз күндері үшін алғысын білдіретіндігін жеткізді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
12 мамыр 2021 ж. 381 0