Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолбарыс жортқан жер

Жолбарыс жортқан жер

Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге деген шынайы патриоттық сезімге ұласады. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жер­лері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі» деп айтқан болатын. Рухани дәстүрдің басты негізінің бірі – туған ел туралы болашақ ұрпақтың бойына сіңіру, тарихын байыту, қас­терлі жердің қасиетін арттыру.

Осы мақаланы жазуыма 2011 жылы баспадан шыққан «Сырдария» деп аталатын ауданның арғы-бергі шежіресі жазылған кітапты оқуым себеп болды. Кітапта XXI ғасыр басында орыс зерттеушісі В.Н.Руднев Сырдарияның сол жағалауындағы қалың тораңғыл, жиде, жыңғыл, шеңгел тоғайы туралы айтқан. Оңтүстік батыс­тан қалың құмды желдің 2-3 күн соққанын әрі осы өңірдің малына жолбарыстардың жиі-жиі шабуылдайтынын жазған. Аудан жеріндегі суы мол көлдерді айнала өсетін қалың қамыс, қопалардың ішінде, өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жолбарыс мекендеген. Осы кітапта Алтынасар, Жетіасар қалаларының билеушілері туралы аңыздар бар.

Ел тарихына зер салсақ, 1950 жылы ұжымдастыру науқанына сәйкес бұрынғы «Үлгі», «Бостандық» ұжымдары «Қызылдихан» ұжымына бірікті. Сол жылдары осы уақыттағы Қызылдиқан елді мекенінің «Ақтам» деп аталатын қоныстары жиде, шеңгел, жыңғыл өскен алқап болатын. «Айтбай» арығы бойында бақша дақылдары, қауын-қарбыз егілетіні әлі есімде. Ол жердің үстіне қазіргі уақытта тұрған үйлер, кеңсе ғимараттары, мектеп үйі бой көтерді. Осы қоныстың батыс жағындағы жазық жерді «Жолбарыс» табан деп аталатыны осы күнгі үлкен кісілердің жадында сақталған.

Қазақ жерінің көне атаулары тарихтан сыр шертеді. Қалжан ахун қаздырған ахун арығы, Жансымақ талы, «Қорғанша», «Қайқы ағашы», «Дауыл көл», «Көкжиде», Сауранбай көпірі, т.б. атаулар жер­дің, адамдардың аттарымен сәйкестендірілген.

Тереңөзек атауына келсек, аталған кітапта соғыс және еңбек ардагері Б.Өтеповтың «Өткен өмір белестері» атты мақаласынан үзінді келтірілген. Мақалада қазіргі қыстақ әкімшілігі үйінің алдынан О.Мәлібаев ауылының үстімен Тереңөзек арнасы арқылы су аққан, яғни аудан орталығында бұрын үлкен терең өзек болғаны айтылады. Осы терең өзектің атымен станция аты Тереңөзек болып, кейін аудан аты осылай аталған деп жазады. Яғни, О.Мәлібаев ауылының іргесіндегі Жолбарыс табаны жолбарыстың мекен етуіне байланысты осылай аталуына негіз бар
.

2010 жылдың қыркүйек айында Сарыағаш шипажайында демалыста болған едім. Сол ауданның Абай ауылының іргесіндегі «Тас­кескен» елді мекенінде Әмзе Оспанов, ол кісі әкемнің Алтынбике деген туған апасының баласы тұратын еді. Әмзенің әкесі Оспан, руы қаратамыр, Қармақшы ауданының «III-интернационал» ауылының тұрғыны еді. Өзі Шымкенттегі мұғалімдер институтын бітірген. Жолдасы – Түлкібас ауданынан, Бауыржан Момышұлының аталас қарындасы. Оқу бітіріп, үйленгеннен кейін келіншегін алып елге оралған. Ауылда бір-екі жыл тұрғаннан кейін, келіншегіне ауа райы жақпай түрлі жаралар шыға берген соң, «Сарыағаш» ауданына қоныс аударып, сол жақта тұрақтап қалған. Әмзе жиенім 40 жылдан астам ұстаздық еткен. Оқу ісінің үздігі болған. Апамыз Алтынбикенің көзі тірісінде біз де оларға барып тұратынбыз. Апамыз да жаяулатып, кейде түйеге мініп төркіндеріне келіп тұратын. Көз кеткеннен кейін араласуымыз сиреді, ал Әмзе болса 1990 жылы отбасымда болып кеткеннен кейін арамыз үзіліп қалған еді.

Жол түсіп ауыл іргесіне барғаннан кейін Әмзе жиеніме сәлем беруге бардым. Жасы 85-ке келген, көзі көруден қалған екен. Балаларын, келіндерін «нағашыларың келді» деп шақырып, қазан көтеріп, кемпірі екеуі көздерінің жастарын қайта-қайта сүртіп, өткен-кет­кенді сұрап, қауқылдасып қалды. Қонақасы желінгеннен кейін біл­генімше әңгіме айтып, дастарханның батасын бердім. Ол да сөз арасында «Қараша үйдің мықты болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дегендей, менің жақсы болып, бөтен елде өздерінің адамдарындай сіңісіп кетуім, нағашыларымнан дарыған қасиет екен ғой деп әзілдеп жатты. Сол отырыста Әмзе жиенім өзінің анасының әкесі Жоламан атам жайлы мен естімеген әңгіме айтқан еді.
Менің Шәкір әкемнің әкесі Жоламан, онымен бірге туған Есаман, Борашай есімді аталарымыз Ақтөбе өңірінде өмір сүрген. Руы табын, оның «Боқай» аталығынан. Әкемнің ағасы Мақат әкем: «Боқай» таңбасы анамыздың атынан аталыпты, анамыз бір үйдің жалғыз қызы екен. Есейе келе ауызы дуалы, сөзін тыңдата алатын, ауыл арасындағы дауларды шешуге үлес қосқан кісі екен.

Жолаушылап келе жатқан кісілер «бұл кімнің ауылы» десе, «Боқайбикенің ауылы», «Боқайдың ауылы» дейтін болыпты. Сол Боқай әулетінен тараған ұрпақтар Тереңөзек кентінде, ауданның О.Мәлібаев, Қалжан ахун ауылдарында, Қызылорда, Нұр-Сұлтан және республиканың басқа қалаларында тіршілік етуде.
Аталарымыз Жоламан, Есаман, Борашай 1918-1920 жылда­рындағы аласапыран кезінде Ақтөбе өңірінен ауданымыздың «Үлгі» елді мекеніне қоныстанған. Қоныстанған жерлері Сырдария өзенінің бойы болғандықтан тоғай арасында қоян, қырғауыл, түлкі, шағал, борсық сияқты аңдар көп болған. Жоламан атамыз аң аулауды кәсіп етіп, мылтық атып, қақпан, тұзақ құру арқылы олжалы қайтқан.

Ол уақыттағы пейілдің кеңдігі ме, әкелген олжасын қазанға салып, көрші-қолаң, ағайын-туыстармен бөлісу үрдіс болатын. Ашар­шылық уақыттарында аңшылықты кәсіп еткендер, бүкіл ауылды аш етпеген деген әңгімелер халықтың жадында.

Ертеректе үйлерде радио, көгілдір экран, кино дегенің жоқ. Көршілер бір үйге жиналып, әңгіме-дүкен құрып, жатар кезде ғана үйлеріне тарқасатыны әлі есімізде. Өзімізде бұдан 20 шақты жыл бұрын, ескіден қалған пейіл ме көршілерімізді даярланған тағамдарға шақырып, араласып тұрушы едік. Қазіргі уақытта үй аралары биік шарбақпен қоршалған, оларды шақырғанның өзінде зорға келтіретін заман туғаны өкінішті.

Әмзе жиенімнің айтуы бойынша ол 15 жасқа дейн наға­шыларына, яғни біздің үйге келіп-кетіп жүрген. Сол уақыттарда әкелерімізден естігені болуы керек. Жоламан атамыз атына мі­ніп, мылтығын, қақпанын, тұзағын, ішіп-жейтін тамағын, сусынын алып аңшылыққа шыққан бір сапарында, көлдің жиегіндегі қамыс арасында бір жолбарыстың шоқиып отырғанын көреді. Сол уақыттарда, басқа аң-құстармен бірге сол өңірлерде жолбарыстар да тіршілік еткен, оқта-текте өрістегі малдарына шабуылдауы кездесіп тұрған.

Жолбарысты көрген атамыз бойын қорқыныш билеп, атын бұрып, басқа бағытқа кетпекші болған. Жолбарыста адамды көргеннен кейін қамыс арасына жылыстауы керек қой, қайта жолбарыс жаққа назар салса, жолбарыс бір орнында тапжылмай тұрғанын байқайды. Бір жағы қызығушылық сезімі пайда болды ма, атамыз аттан түсіп, мылтығын қолға алып жолбарысқа жақындайды. Жақындағанда жолбарыс құйрығын бұлаңдатып жатып-тұрып аянышты қалып көрсетеді. Тәуекел етіп жолба­рыстың қасына жақындағанда жолбарыстың бір аяғының томпиып ісіп тұрғанын көреді.

Жолбарыста адамнан көмек күткен болуы керек, қисайып жата кетеді. Атамыз тәуекелге бел байлап қынынан пышағын шығарып, жолбарыстың аяғының ісінген жерін ұстаса, үлкен жиде шөңкесі қадалған екен, оны жалағаннан көмек болмай, ісініп кеткенін көреді. Пышағымен қадалған шөңгені суырып, қанды іріңін сығып, тазалап өзі тамаққа деп алып шыққан сиырдың бөтеке майын жараға орамалмен байлап жолбарысты орнына қалдырып, аңшылық сапарын жалғастырады.

Бірер күн өткеннен кейін аяғы жазылған жолбарыс екі кү­шігін ертіп атамыздың жүрген атының ізімен ауылға келіп, қора маңына тоқтайды. Жолбарысты көрген ауыл иттері құй­рықтарын қысып алып, қораларға тығылған көрінеді. Қора маңында олай-бұлай жүрген жолбарыс күшіктерін ертіп, тоғай жаққа бет түзеген екен. Сол мезеттен кейін жолбарыстар ауыл малына шабуыл жасамайтын болыпты.

Жолбарыс жануар бола тұра өз түйсігі бойынша, адамның жасаған жақсылығының өтеуі ретінде атамыздың қорасына ке­луі адамға деген оның ризашылығы, жолбарыстың ауыл малдарына шабуылдауын тоқтатуы оларға жасаған жақсылығы деп түсінуіміз керек.

Осы әңгімені бұдан көп жыл бұрын естісем де «Сыр бойында жолбарыстар мекендеген бе?» деп екі ұшты ойда жүретінмін. «Сырдария» шежіре кітабын оқыған соң жолбарыстың Сыр бойында тіршілік еткеніне көзім жетіп, Әмзе жиенімнен естіген әңгімемді жазуды ұйғардым.

Аманкелді ШӘКІРҰЛЫ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері
28 қыркүйек 2021 ж. 399 0