Ақиық ақын туған мекен
«Қызылту» ауылдық кеңесі негізінде құрылған «Ақтүйе» колхозы 1939 жылы Партияның 18 съезі атындағы колхоз болып аталады. 1950 жылы колхозға «Майлықұм», «Бидайкөл», «Қызылорақ» учаскелері қосылып, ірілендіріледі. Орталығы ретінде «Бидайкөл» учаскесі белгіленеді. Ал 1960 жылдан бастап колхоз орталығы қазіргі отырған жерге «Қопақкөлге» көшіріледі. 1962 жылдың соңында колхоз атауы Партияның 18 съезі атындағы совхоз болып өзгереді. 30 жыл осы атаумен аталған совхозға Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 30 қарашадағы №907 қаулысымен ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов есімі берілді. Ауылдың құрамында №8, №9 бекет және «Әйтек» елді мекені бар.
Қазақ халқының қайталанбас тұлғасы, қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов дүниеге келген ауылдан көптеген есімі елге белгілі кісілер шыққан. Атап айтқанда, Қазақстанның Әділет Министрі Бегайдар Жүсіпов, атақты теміржолжы Әби Сарқыншақов, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Шәкизада Сәменов, еңбек ардагері, сауыншы, дербес зейнеткер, «Қазақстан ССР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері» Сәуле Өмірзақова, ақын Сейітмұрат Ембергенов және т.б. осы ауылда туған тұлғалар.
– Ауылдық округте 289 отбасында түтінін түтетіп отырған 1509 халық бар. Алтын алқалы, күміс алқалы аналарымыз және 8 тыл ардагері, 168 зейнеткер берекелі ауылдың алтын қазынасы саналады. Ауылдың орталығында мектеп, балабақша, емхана, ауылдық клуб, кітапхана, ветстанса және Қазпошта бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы ауылда ауқымды жұмыс атқарылды. Мектептің жертөлесіне қайта жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлініп, арнайы жаттығу залы жасақталды. Ауылдық клуб «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеуден өтті. «Балауса» бөбекжай балабақшасына да ағымдағы жөндеу жүргізілді. «Тереңөзек – А.Тоқмағамбетов» тас жолының 2,5 шақырымы жөнделді. Екі бірдей Ш.Ташимов және С.Ысқақов көшелері жарықтандырылды. Ауылдағы 5 көшенің жарықшамдары электр үнемдегіш шамдарға ауыстырылды. Алдағы уақытта елді мекендегі екі көшеге балалар ойын алаңын салу жоспарда бар. Сондай-ақ М.Мәметова көшесіне асфаль төселетін болады. Ауылға кіре беріс автокөлік жолының оң жақ бөлігіне темір қоршау жасалып, онда тал егу, аяқ су жеткізу жұмысы қолға алынатын болады. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты азайту тұрғысында қарқынды жұмыс жүргізіледі – дейді ауылдық округ әкімі Ғ.Алданазаров.
Бүгінде іргелі елді мекен саналатын ауылда 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 120 шаруа қожалығы мен 87 жеке кәсіпкерлік негіз қалаған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында 8 ауыл тұрғыны онлайн курсын оқыған. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 5 жас азамат және 29 жастан асқан 18 ауыл тұрғыны 555600 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 53 млн. теңгенің 7 жобасы қаржыландырылған. Басқа да мемлекеттік бағдарламалар негізінде егін шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы техникаларын алу бағытында құны 8 млн теңгенің 2 жобасы қаржыландырылып, жұмыс басталған.
682 экономикалық белсенді халық тіркелген ауылдық округте жұмыссыздық 4,8 пайызды құрайды.
Көшелері жөнделіп, жарықтандырылған ауыл тұрғындары ауданда ең алғашқы болып тәулік бойы ауыз су тұтынғанын айта кеткен жөн. Жарығы өшпейтін, ауыз су бір сәтке де тоқтамайтын ауылдың бүгінгі тіршілігі берекелі тірліктің бастауына айналды.
Бибісара ЖАНӘЛІ