Аудан әкімі ауыл кәсіпкерлерінің жұмысымен танысты
Аудан әкімі М.Ергешбаев жұмыс сапарымен Іңкәрдария, Ақжарма ауылдық округтерінде болып, ауыл кәсіпкерлерінің жұмыстарымен танысты.
Алдымен Іңкәрдария ауылдық округіндегі «Баhадүр», «Мерей» жеке кәсіпкерліктерінде болды.
Жансая Жаппасова 2018 жылы «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасымен «Шұбат өндіру» жобасы бойынша 2 млн теңге несие алып, «Баһадүр» жеке кәсіпкерлігі жұмысын бастады. 2021 жылы «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен «Жылқы мал басын көбейту» мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжаттар өткізген. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарын шұбат өнімімен қамтамасыз етуде.
«Мерей» жеке кәсіпкерлігі иесі Нұржан Күншығаров егін шаруашылығымен айналысу мақсатында 2019 жылы жер алып, өз қаражаты есебінен 2021 жылы 5 га жерге өнімді мол беретін саланың бірі - күріш егуді қолға алды. «Кәсіп түбі – береке» дегендей еңбегінің нәтижесін көріп, үлгі боларлық кәсіпкерлердің бірі. 2022 жылы елді мекеннен 5 км қашықтықта орналасқан жерге 15 га жоңышқа егуді жоспарлауда. Жеке кәсібін кеңейтіп, шаруашылығы қарқынды дамыту үстінде.
Аудан әкімі М.Ергешбаев, жеке кәсіпкер Асқар Пірімовтың «Досыбай» шаруашылығы иелігіндегі «Бегайдар» көлінде болды. Шаруашылық балық өнімімен айналысып, тұрғындарды балықпен қамтамасыз етуде.
Мұнан соң, Ақжарма ауылдық округіндегі мал басын көбейту мақсатында айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы М.Ергешбаев, Гүлнар Оспанова басқаратын «Мақсат» шаруа қожалығының мал фермасында болып, шаруашылық жұмысымен танысты. Қожалықта 150 бас асыл тұқымды ет бағытындағы «Қалмақ» тұқымды сиыр және жылқы мал бастарын көбейтуде.
Жомарт Абилкасымов 3,2 млн несие алып жылқы бордақылау кәсібімен айналысуда. 15 бас жылқы бордақылауда.
Арнұр Әбіласанов «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мал басын көбейту, мал бордақылау бағытында 4 млн теңге алып, қорасында 20 бас жылқы бордақылануда, 5 бас жылқы сауында.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екенін көп айтылатынын, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды, мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысында екенін, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – халықты негізгі азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететінін айтты.