Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемнің әміршісі – еңбек

Әлемнің әміршісі – еңбек

Елімізде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көптеген жобалар іске асуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тағы басқа бағдарламада туған жерге қызмет ету, қарапайым еңбек адамының еңсесін көтеру және адамдарға еңбек етуге жағдай жасау мәселесі айтылды. Бүгін­гі кейіпкерім өмір бойы қарапайым өмір сүріп, қолынан келетін сүйікті істі кәсіп көзіне айналдырып отыр. Ол қоғамның бір мүшесі ретінде тұрғындарға, отбасына пайдасын тигізіп, өзін өзі еңбекпен қамтып келеді. Өзгеге үлгі боларлықтай іс тындырып отырған азамат туралы мақалаға кезек берелік.
Аудан орталығында тұрғындардың сұранысына сай шеберхана ашып, тұрмыстық техника, аяқ-киім жөндейтін арнайы орын жоқтың қасы. Тұрғындар мұндай қызметті облыс орталығына барып алуына тура келеді.
Ал бұл қаншама уақыт пен ақшанын шығынына әкеле­тіндіктен халыққа тиімсіз. Сондықтан шеберлерді бір орталыққа біріктіріп, кенттен арнайы орын белгілеу қажеттігі өзектілігін жойған жоқ. Себебі мұндай орталық ашылса, тұрғындарға қызмет көрсететін мамандар бір жерде отырып, табысын тауып, халыққа да пайдасын тигізер еді.
Ауданда қолынан іс келетін шеберлер бар. Оларды іздеп табу да қиын емес. Тұрғындар ондай шеберлерді ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Сондықтан біз де қолынан іс келетін шеберді арнайы іздеп барып, жұмысын көзімізбен көріп қайттық.
Күнболат Нысанбай кенттің шеткі аймағының тұрғыны. Ол аяқ-киім жөндеудің шебері. Шебердің қолына балға мен бізін алып, етікшілікті кәсіп еткеніне алты жылдай уақыт болған. Өткен жылы кент орталығынан жалға бөлме алып жұмыс істеп көрген. Бөлме жалдамалы болғандықтан, оның жалдау құны мен табысы пайда әкелмеген. Қайта тиімсіз болған. Сондықтан үй жағдайында аяқ-киім жөндеуге көшкеніне де көп бола қоймаған.
Жасы елуді еңсерген азаматтың негізгі мамандығы электрик. Бірнеше жылдар бойы күзет бөлімінде жұмыс атқарған. Дегенмен әскери борышын өтеу кезіндегі алған жарақаты салдарынан мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндігі болмаған. Соңғы 27 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыссызбын деп қарап отыруды жөн көрмей, қолындағы барын пайдаланып, аяқ-киім жөндеуді қолға алған.
Қазір күз айы нағыз етікшінің қызметіне сұраныстың қызып тұрған кезі. Аяқ-киімді жөндеуге әкелетіндердің қарасы да қалың. Сондықтан келушілердің сұранысына сай сапалы қызмет көрсету үшін шебердің қолында қажетті материалдар қоры жеткілікті болуы керек. Ол үшін шебер жаз айында бір жылға жетерлік қажетті заттарды Шымкенттен әкеліп алған. Бұл шебердің жұмысына тоқтау болмауына, әрі тапсырыс берушіге жұмысын уақытылы атқаруына мүмкіндік береді.
– Есігімнің алдындағы шағын сарайда аяқ-киім тігетін машинам мен қажетті құралдар бар. Күн жылы кезде сарайда оты­рамын, ал салқындағанда үйдің ішінде жұмыс істеймін. Әрине, ыңғайсыз. Бірақ басқа жерден жалдағаннан гөрі тиімді. Кент тұрғындары үйімнің алыстығын айтады, бірақ арнайы іздеп келеді. Жұмысты сапалы атқарамын, әрі қысқа уақытта. Бір аяқ-киімді жұмысына қарай 1-1,5 сағат ішінде жөндеп беремін. Туфлидің өкшесін қағып, етіктің замогін ауыстыруға келетіндер көп. Жөнделген аяқ-киімдерін егелері алғыстарын айтып алып кетіп жатады, – дейді шебер Күнболат Маханұлы.
Шебер әдепкіде аяқ-киім жөндеуді жолдасынан үйренген. Ол да тапсырыспен былғарыдан етік, туфли тігеді. Қолы қалт етсе қос шебер бір-бірінің жұмысын көріп, бағалап отырады.
Күнболат аға етікшілік қанында бар екенін жасырмайды. Мұны оған анасы айтқан. Алғашқы кезде аяқ-киімді айналдыра тігіп отырғанын көрген анасы баласына әжесінің қолданған бізін береді. Сонша жыл сақталған бізді көрген Күнболат көненің мұрасын әжесі Күлекештің көзіндей сақтап келеді. Ескіден қалған біз сол күйі сақталған. Тұтқасы ыңғайлы, әрі мықты. Бұл бізбен әлі талай аяқ-киім тігуге болады.
– Бұрынғы кезде аяқ-киімді шуда жіппен, бізбен тіккен. Қазір жібек жіппен машинамен тігеміз. Бұл уақыт үнемдейді. Шуда жіп ірі болғандықтан, көзге оғаш көрінеді. Ал қазіргі жіптер жіңішке, әрі сапасы да мықты, оңайлықпен үзілмейді. Желімдердің де сапасы жақсы. Көнерген аяқ-киіміңізді жаңартып беруге болады. Табаны аударылып қалған аяқ-киімді де қайтадан жаңартып беремін, – дейді өз ісінің шебері.
«Ерінбеген етікші болады» деген бұрынғының сөзі бар. Шын мәнінде етікші болу нағыз шыдамдылықты шыңдайтын қасиет. Қазір көп жұмысты қолымен атқаруға да машинаның көмегімен жұмысты жеңілдетуге де болады. Бас­тысы қолыңнан келген іспен айналысу, күнкөрістің көзі, әрі халыққа қызмет көрсету арқылы табыс табуға болады.
Тереңөзектік азамат Күнболат Маханұлы отбасында жұбайы Кенжегүлмен 3 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Айсұлу қаржыгер, Қармақшыға тұрмысқа шыққан. Екінші қыздары Нұрсұлу – студент, болашақ мұғалім. Нұрсұлу тоғызқұмалақтан спорт шебері, республика чемпионы. Кіші қыз Меруерт «Елбасы медалінің» иегері. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатының иесі атанды. Меруерт №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің түлегі. Биыл мемлекеттік грант негізінде жоғарғы оқу орнына түсті, болашақ эпидемиолог. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, осындай тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырған отбасында ата-анаға деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет қалыптасқан.
Адал еңбегімен тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған Күнболат Маханұлы осы күнге дейін кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ешқандай несие алмаған. Сондықтан, шебердің алдағы уақытта кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген грантқа қол жеткізсе деген мақсаты бар. Ал қолынан іс келетін азаматтарды қолдау мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттарының бірі.

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 қыркүйек 2021 ж. 365 0