Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саялы саябақ

Саялы саябақ

1800-ге жуық халық тұратын елді мекенге кіреберістен бастап ауылдың көркейіп келе жат­қанын көруге болады. Осыдан екі жыл бұрын ауыл халқы, оның ішінде белсенді жастары бірігіп, кіреберіске «Айдарлы» атауын жазып үлкен арка орнатты. Бұл ауыл жастарының бір іске ұйымшылдық таныта білетінінің белгісі екенін көрсетті. Сол аркадан кірген бетте «Шанжархан ата» саябағы ор­наласқан.

Саябақ елді мекенге кіретін екі көшенің қиылысына орналасып, ауыл­дың сәнін келтіріп тұр десек артық айт­қандық емес. Негізі, бұл жерге саябақ 2016 жылдан бастап салына бастаған. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кіреберіске көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылған. Олар арнайы қоршалып, саябаққа айналған.

Саябақ гүлденгеннен кейін 2018 жылы ауылға еңбегі сіңген қайраткер тұлға Шанжархан Сейілхановтың есімі беріліп, күтіп ұстау үшін ұрпақтарына тапсырылған. Ұрпақтары тұлға есімін ұлықтап арнайы ескерткіш тақта орнатып, абаттандырылуына ерекше мән беруде. Бүгінде саялы саябақ ауыл халқының демалыс орнына айналып келеді. Осы тұста, елге еңбегі сіңген тұлғағаның өмір жолына тоқталып өтсек.

Шанжархан Сейілханұлы 1943 жы­лы қа­зіргі Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң облыс орталығындағы мемлекеттік ауылшаруашылық тәжірибелік станция­­сында еңбек жолын бастап, жастайынан саланың қыр-сырын меңгереді. Бұл жолда ол Қазалы ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, веттехник мамандығын игеріп алады. Содан кейін ауданға қарасты Аманкелді ауылында еңбек жолын жалғастырса, 1974 жылдан Айдарлы ауылының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосады. Әуелгіде «Айдарлы» совхозының веттехник, зоотехник қызметтерінде болса, кейіннен ферма меңгерушісі, бригадир қызметтерін абыроймен атқарады. Ал егемендіктен кейінгі 1994-1997 жылдар аралығында совхоз директоры қызметінде болып, елдің әлеуетін арттыруға еңбек еткен.

Совхоз тараған соң Ш.Сейілханов «Айдарлы» өндірістік кооперативінің төрағасы болып сайланса, 1998-2001 жылдары «Талапкер» ашық ак­ционерлік қоғамының президенті болып, кәсіпкерлік саласында да айтулы жетістікке жеткен. Міне, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, Айдарлы ауылында еселі еңбек еткен тұлғаның ауыл тарихында алар орны айрықша. Сондықтан да ауыл жұртшылығы абзал азаматқа құрмет ретінде, оның есімін кейінгі толқынға дәріптеу үшін ауылдағы саябаққа есімін берген. Бұл ауыл халқының ел үшін еңбек еткен тұлғаларына зор құрмет көрсете білетінінің белгісі.

– Саябақтың әкеміздің есімімен ата­латыны біз үшін зор мәртебе. Осы үшін ауыл халқына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жерді көркейтіп, гүлден­діру, күтіп ұстау біздің мінде­тіміз саналады. Осы жұмыстарды жа­уап­кершілікпен атқарып, ауылдың көркеюіне үлес қосу үшін аянып қалмаймыз. Айдарлы ауылы дами берсін, – дейді қайраткер тұлғаның ұрпағы Руслан Сейілхан.


Ердос БЕРКІНБАЕВ


21 қыркүйек 2021 ж. 429 0