Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғызқұмалақ шебері

Тоғызқұмалақ шебері

Жақында Қызылорда қаласындағы мұз айдыны кешенінде ардагерлер арасында тоғызқұ­­ма­лақтан екі мәрте ҚР чемпионы Мектепхан Елеусіновтің 70 жасқа толуына орай ұлттық ойын­нан республика біріншілігі өтті.

Дүбірлі жарысқа еліміздің 13 облысы мен Нұрсұлтан қаласынан барлығы 62 ардагер спортшы қатысты. Олардың төртеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жетеуі Қазақстанның спорт шебері, 40-тан астамы ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер. Жарысқа қатысушылардың барлығы «Ашық» бағдарламасы бойынша тексеруден өтіп, сайысқа жіберілді.

Дүбірлі доданы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ж.Оспанов ашып, ұлттық құндылығымыз тоғызқұмалақ ойынының өңірде даму жөнін­де баяндап, тәуелсіздік жылдары Сыр елі спортшыларының жеткен жетістіктеріне тоқ­талды. Саңлақ спортшы Мектепхан Елеу­сінов­ке құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты.

Біріншіліктің ашылу салтанатында Дүние­жүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті М.Шотаев сырдариялық Елеу­сіновтер әулетінің елімізде ұлттық ойынның дамуына үлесі зор екенін атап өтті. Шынындада бұл отбасында әлем, Азия, ҚР чемпиондары тәрбиеленген. Бір ҚР еңбек сіңір­ген спорт шебері, екі ҚР еңбек сіңірген жаттықтушы, төрт спорт шебері, екі спорт шеберлігіне үміткерлер осы отбасынан шығып, әулеттің мерейін тасытты. Бүгінде Мектепхан ағаның немерелері де үздік нәтиже көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Салтанатты жиында М.Шотаев мерейтой иесіне федерацияның құттықтау хаты мен «Тоғыз­құмалақ қайраткері» төсбелгісін табыс­тады.

Республикалық біріншілік 40 және 60 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер арасында тоғызқұмалақтың рапид және классика түрінен өткізілді. Бес күнге созылған тартысты бәсекеде үздіктер суырылып алға шықты. Рапид түрінен 40 жас аралығында ерлерден Нұр-Сұлтан қаласының өкілі М.Шотаев жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды Түркістан облысының тоғыз­құмалақшысы М.Сманов иеленсе, үшін­ші орынды қостанайлық Б.Әбілбеков пен ақтө­белік Б.Төлегенов өзара бөлісті. Осы турда әйелдер арасында қызылордалық С.Лекерова жеңімпаз атанса, павлодарлық Л.Жанғазинова екінші орынды еншіледі. Ал маңғыстаулық Г.Жакиева мен алматылық А.Жақапбаева үшінші орынға табан тіреді.

Тоғызқұмалақтың рапид түрі 55 жастағы әйелдер арасында тартысты өтті. Мұнда ал­матылық К.Мусаева жеңіс тұғырынан көрін­ді. Қызылордалық Қ.Секина екінші тұғыр­дан көрінсе, алматылық Г.Абдулғапова мен қызылор­далық А.Түменбай үшінші орынды өзара бөлісті. 60 жастағы ерлер арасында рапидтен қарағандылық Б.Бисенаев чемпион атанса, мерей той иесі қызылордалық М.Елеусінов екінші тұғырға көтерілді. Ал алматылық М.Ноғайбаев пен қарағандылық Қ.Байғабылов үшінші жүлдеге ие болды.

Классика түрінен 40 жастағы ерлер арасын­да қостанайлық Б.Әбілбеков чемпион атанса, атыраулық Қ.Әсіметов екінші орын­­­ды иеленді. Ақтөбелік Б.Төлегенов пен елордалық М.Шотаев үшінші орынды өзара бөлісті. 40 жастағы әйелдер арасында алматылық А.Жақапбаева жеңімпаз деп танылса, маңғыстаулық Г.Жәкиева екін­­ші тұғырдан көрінді. Үшінші орынды қы­зылордалықтар С.Лекерова мен А.Жакипова өзара бөлісті. 55 жастағы әйелдер арасында алматылықтар К.Мусаева бірінші орынды, Қ.Рысалова екінші орынды иемденсе, қызылордалық Қ.Секина мен алматылық Г.Абду­ғапова үшінші тұғырдан көрінді. Ал 60 жастағы ерлер арасында батысқазақстандық А.Тастайбеков чемпиондық тұғырдан көрінсе, алматылық Б.Әзімжанов екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынды түркістандық І.Әшімов пен қарағандылық Қ.Байғабылов өзара бөлісті.

Ұлттық ойынның төресі – тоғызқұмалық тур­нирін ел мақтанышы, олимпиада чемпионы, жерлесіміз, Қызылорда қалалық мұз ай­ды­ны ке­шенінің директоры Илья Ильин арнайы тамашалап, ұлттық ойынға деген ерекше ықыласын білдірді. Әлем чемпионы Хәкімжан Елеу­сіновтен тоғызқұмалақ ойынын үйренуге ын­­талы екенін айтты.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүл­­дегерлер ҚР мәдениет және спорт ми­нистір­лігі белгілеген медалдар және диплом­дар­мен марапатталып, демеушілер тара­пынан ба­­ға­­лы сыйлықтарға ие болды.

Шаһарбек Нұрсейітов
04 қыркүйек 2021 ж. 420 0