Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ауданның құрметтісі

Қос ауданның құрметтісі

Адам өмірін белгілі бір кезеңдерге бө­ліп қарастыратын болсақ, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының майталманы Батырбек Маншариповтың саналы ғұмыры тағылымды істерге толы екенін аңғарамыз. Себебі, кейіпкеріміз ас­қақ армандарына арқау болған балалық шағынан бастап адал еңбекпен есейіп, еңсе тіктеген. Үкілі үміттің желкенін керген жалынды жас кезінде де ізденіске иек артып, қоғамдық-саяси жұмыстарға ерте араласқан. Сол еңбегінің жемісі болар, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, Сыр өңірінің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына зор үлес қосты. Өмі­рі өнегеге толы тұлға бүгінде мерейлі 70 жасқа толып, ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көруде. Біз қос ауданның құр­меттісі атанған Батырбек Маншарипов туралы қалам тербеуді жөн көрдік.

Тамыры терең тектілік

Дана халқымызда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Бұл даналық сөздің түп төркіні адам баласының қандай да бір жетістікке жетуі, биікті бағындыруы әкенің тәлімімен, ананың тәрбиесімен келетінін аңғар­тады. Бүгінгі мақаламызға арқау болған Батырбек Маншариповтың шыққан тегіне зер салар болсақ, оның Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты жылқышы, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті қайраткері Мәншәріп Найзабайұлының ұрпағы екенін айтпай өту мүмкін емес. Сайын даланың сарбазы атанған тұлғаның есімі Сырдария мен Жалағаш аудандарынан бөлек бүкіл Сыр өңіріне де белгілі.

Болмысы бөлек, бітімі ерек майдангер Мәншәріп Найзабайұлы ата-анадан ерте айырылып, інісі Шарафадинге бас-көз болып, жетімдіктің қиындығын көріп өскен екен. Білімге құштар ол ауыл молдасынан дәріс алып, сауат ашады, ауыртпашылығы мол еңбекке де ерте араласады. Ағалы-інілі азаматтардың ер жету кезеңі Кеңес өкіметі орнап, елді колхоздандыру уақытымен тұспа-тұс келіп, М.Найзабайұлы жастайынан колхоздың күрмеуі қиын мәселелеріне білек сыбана кірісіп, тапсырылған жұмысқа тинақтылықпен, жауапкершілікпен қарайды. Сол кездегі басшылық жігерлі жасты әралуан сала­лардың ең ақсаған тұсына жұмысқа жіберіп, сын мектебінен өткізеді. Өзінің білімі мен жұмысқа деген құлшынысының негізінде колхоз төрағасының орынбасары, мал фермасының меңгерушісі қызметтерін ат­қарған тұлға ел алғысына бөленіп, абырой тұғырынан көрінеді. Ел басына күн туған зұлмат кезінде елжанды азамат майдан даласына аттанады. Нақтырақ айтқанда, Курск қаласындағы №78 атқыштар полкі құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысады. Алайда, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы майдан саналатын екінші дүниежүзілік соғыстың ең шиленіскен тұсы – 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер соғыстан кейін ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, елге адал еңбегімен танылады. Біртуар тұлғаның осындай өнегелі өмірі мен ел мүддесі жолында атқарған жұмыстары «Сайын даланың сарбазы» атты ғұмырбаяндық тарихи кітапта кеңінен жа­зылған.

Тарихи тұлға есімінің жаңғыруына сүбелі үлес қос­қан, ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған Батырбек Маншарипов әкесінің қоғам дамуына сіңірген еңбегін, адалдығын, азаматтық ұстанымын перзенттік терең тебіреніспен жеткізген. Кітаптың «Сөз басы» атты бөлімінде ол: «Біздің түсінігімізде әке – асқар тау, адамгершілік қасиеттің синонимі, ақыл-парасатты қайырымдылықпен ұштастырған жан болатын. Оның үлкенді-кішілі әрбір ісі, айтқан әңгімесі, ақыл-өсиеті жа­дымызда жатталып қалған» дей келе кітаптың жа­рыққа шығуы «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ұлы ұғым алдындағы перзенттік парызы екенін атап өтеді. Бұл орнықты ойды облысымызға белгілі еңбек ардагері, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» Сәпен Аң­сатов қуаттай түседі. Ол өз естелігінде мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов пен Мөрәлі Шәменовтің сайын даланың сырын бес саусақтай білетін Мәншәріп Найзабайұлымен үнемі ақылдасып отыратынынан мысал келтіріп, адамгершілік қасиеті, ар мен ибаға адалдығы жөнінде әсерлі естеліктер жазған. Міне, осындай ұлтқа ұстын, ұрпаққа үлгі болған тұлғаның ұрпағы Батырбек Маншариповтың жүріп өткен жолы мен атқарған қызметі ұлағатты істерге толы болуы заңдылық. Бұл тектіліктің жалғасын табуы, елге адал қызмет етудің сабақтастығы, бір сөзбен айтқанда әкенің адал әрі абыройлы жолының ұзарғаны.

Тұла бойы тұнған тазалық

Батырбек Маншариповты бір көрген адам оның тұла бойы тазалыққа тұнып тұрғанын бірден байқайды. Әр қадамын асықпай басып, әр сөзін ойланып, салмақтап, нық сөйлейтін болмыс-бітімі кімге де болса үлгі. Кейіп­керіміздің бұл қасиетін қоғам қайраткері, облыстың бірнеше ауданын басқарған Ибрагим Әбибуллаев жоға­ры бағалайды.

– Әрбір азаматтың атқарған қызметінің еленетін, бағаланатын кезі болады. Замандас әріптесіміз Батырбекпен өмір жолында, еңбек жолында бірге қызмет еткен азамат ретінде оны айтулы жетпіс жасқа зор абыроймен жетіп отыр деп айта аламын. 2004-2008 жылдары Сырдария ауданын басқарған кезімде Батырбек аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қызметіне жауапты, талапшыл, тиянақты азамат өз міндеттерін жауапкершілікпен орындады. Батырбекке қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, әсіресе ауылшаруашылық саласына қатысты маңызды мәселелер сеніп тапсырылатын. Мемлекеттік қызметте басшылардың ығына кө­ніп, дегенімен жүріп, өзінің азаматтық позициясын жо­ғалтқандар көп. Батырбек өзінің ұстанымы мен көз­қа­расын ашық, анық айта алатын, істің көзін білетін білікті басшы болды. Қазір де сол қалпынан тайған жоқ. Бұл оның тұла бойының тазалыққа, әділдікке тұнып тұр­ғанын білдіреді, – дейді Ибрагим Сражадинұлы.

Иә, адам өмірінде тән тазалығынан бөлек жан тазалы­ғы да маңызды рөл атқарады. Қолы таза адамның жолы да таза болатыны ақиқат емес пе?! Осы ретте, тазалық пен туралықты ту еткен Батырбек Маншариповтың 1999-2003 жылдары Жалағаш ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 2003-2006 жылдары «Сәрке батыр», «Ай-Тоғжан» ЖШС-нің төрағасы, Сырдария аудандық аумақтық бас­қармасының бастығы, 2006-2012 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін абыроймен атқаруы тазалығының, туралығының арқасы болар. Мұны халық біледі, бағалайды, қажет кезде жас буын­ға үлгі етеді.

– Бізге құрмет көрсетіп, ілтипат танытқан облыс, аудан әкімдерімен есімі қатар аталатын Батырбек­ке ри­зашылығымыз шексіз. Ол атаулы күндер мен мере­келерден бөлек шаңырағымызға бас сұғып, арқа-жарқа әңгіме айтып, көңілімізді көтеріп кететін. Ұлы­мыз Талғаттан айырылғаннан кейін көңілімізге қаяу түскенін сезетіні болар, бізге әр келгенінде кішкентай Алматтың әлі-ақ азамат болатынын, елге қызмет ат­қаратынын, қуаныш пен тойды қатар көретінімізді айтып кететін. Қауырт жұмыстан уақыт тауып, көңілімізді аулауы жанының тазалығы ғой. Абыройлы азаматтың әулетімізге, әулетіміздің мақтанышы болған ұлымыздың Отан алдындағы ерлігіне жасаған құрметін ұмытпаймыз. Ұлымыздың атындағы республикалық тур­нир­лердің ашылуында сөз сөйлеп, баламыздың ерлігін паш етіп, мерейімізді өсірген Батырбектің отбасына тек жақсылық тілейміз, – дейді қызмет бабында қаза болған батыр ұл Талғат Қозыбаевтың анасы Шынар апа.

Жоғарыдағы пікірлер – халықтың пікірі, алғаусыз ниеті, азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға. Жалпы Батырбек Маншарипов туралы ұлы дарияны жағалай қоныстанған Сырдария мен Жалағаш ауданында, Қызылорда қаласында жақсы пікір, жүрекжарды лебіз айтатындардың қатары көп. Оның бәріне тоқталар болсақ, мақаламыздың көлемі көбейіп кетері анық. Негізі кейіпкеріміздің еңбегі бір кітапқа жүк боларлық ізденістерге сұранып тұр...

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы

Батырбек Маншариповпен қызмет атқарған барлық азамат оның білікті басшы, іскер ұйымдастырушы екенін айтады. Қолдан келсе біреуге көмектескісі ке­летінін, мүмкіндік болса елге игілік алып келетін іс ат­қаруға бейім тұратынын ауданға қарасты ауылдардың тұрғындары да жоғары бағалайды. Біз бүгін бір-екі мысал келтіріп, ізденіске толы күндерді ой елегінен өткізуді жөн санадық.

Біреу білер, біреу білмес, Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағының құрылыс алаңына айналып, сәулетті тұрғын үйлердің көптеп салынуында Батырбек Маншариповтың өзіндік қолтаңбасы, үлесі бар. Бұрын бұл маң орман шаруашылығының меншігінжегі жер ретінде бос жатқан болатын. Болашақты ойлаған, кенттің жаңа тынысын ашуды көздеген, халықтың жер алып, баспаналы болуын қалаған кейіпкеріміз облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасымен елорда төріндегі министрліктерге дейін барып, жалпы көлемі 488 гектар жердің Тереңөзек кентінің теңгеріміне алынуына айрықша еңбек сіңірген. Бұл туралы өзі төмендегідей баяндайды.

– Жаңа қоныстану аймағының жерін кенттің тең­геріміне алу оңай болған жоқ. Бұл жұмыс бірнеше айға созылды. Министрлік өкілдері мұндай ауқымды мәселемен облыс әкімі немесе облыс әкімінің орынбасары келсін деп бізді қабылдағысы келмеді. Бірақ, өзіміздің елдік мүдде үшін келгенімізді айтып, дәлелдеп, нәтижеге қолжеткіздік. Бұл жұмыстың оңынан рет­телуіне сол кездегі Мәжіліс депутаттары Қылышбай Алдабергенов, Сейтсұлтан Әйімбетов, Жақып Асанов, Мұрат Әбеновтер, жерлесіміз, әділет генерал-майоры Айтбай Әлібаев атсалысты. Жер қатынастары саласының майталманы Муса Келдібаевтың да еңбегі зор. Қазір бұл еңбегіміз өтелді. Кент тынысы кеңейіп, жаңа тұрғын үйлер салынуда. Ауданға барған сайын атқарған жұмысымыздың еш кетпегеніне қуанамыз, – дейді Батырбек Маншарипов.

Абырой биігіндегі азаматқа тереңөзек­тіктермен қа­тар Іңкәрдария ауылының тұрғындарының да пейілі ерекше. «Ақтам» каналының тазалануына тікелей үлес қосқан азаматтың еңбегін ауыл ардагерлері зор те­біреніспен еске алады. Жақында ғана өмірден өткен «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Әбілжаппар Сырлыбаев уақытысында Батырбек Маншариповтың еңбегін облыс басшыларына айтып, халықтың алғысын білдірген. Бұл шынайы ризашылықтан туындаған лебіз екені анық.

– Жері құнарлы, халқы еңбеккеш болғанымен біздің ауыл 30-40 гектар ғана жерге бау-бақша дақылдарын егетін. Аудан әкімінің ауылшаруашылық саласы жө­ніндегі орынбасары қызметін атқарған Батырбектің қолдауымен, біздің өтініштерімізді, ұсыныстарымызды жоғары тұрған органдарға жеткізуімен канал таза­ланып, ауылға аяқ су келіп, 252 гектарға дейін бақ­ша егетін болдық. «Ақтам» каналына шлюз салын­ды. Облысқа Қ.Көшербаев әкім болып келіп, ауы­лымызды аралағанда халықтың алғысын айтып, Батыр­бектің еңбегін атап өттім. Сонда облыс әкімі де өзінің ризашылығын білдірген еді. Іңкәрдариядан бөлек Б.Маншарипов қағажу қалған Айдарлы ауылына да, Тәуелсіздік жылдарында бірде-бір құрылыс нысаны салынбаған С.Сейфуллин ауылына да көп қолдау көрсетті. Аудандық бюджет есебінен С.Сейфуллинде тұңғыш рет балабақша салынды. Сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаевпен бірге мәслихат хатшысы ретінде аудан орталығынан бастап барлық елді мекендердің дамуына зор еңбек сіңірді. Біздің ауылда да жаңа нысандар пайдалануға берілді, – деген еді көзі тірісінде ардақты ардагер Әбілжаппар Сырлыбаев.

Кейіпкеріміздің іскерлігі, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті аудан орталығы Тереңөзек кентінде бой көтер­ген мұсылмандар мешітінің құрылысы жүргізілер­де байқалды. Құрылыстың қалай басталары белгісіздеу болып тұрған тұста сол кездегі аудан басшысы Ғ.Қазантаев сөзі өтімді, өзі сыйлы Б.Маншариповқа облысқа бел­гілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевқа барып, құры­лысқа қажетті кірпіштердің нарық бағасынан төмендеу бағада берілуіне қолдау көрсету қажеттігін жеткізу жөнінде ұсыныс айтады. Аудан үшін ортақ жұмыстың жауапкершілігін сезінген Б.Маншарипов бұл мәселені М.Дүйсенбаевқа жеткізгенде кәсіпкер 30 мың дана кірпішті тегін-ақ берді. Бұл кәсіпкердің аудан аманатын арқалаған азаматтың сөзін, өзін сыйлағаны екені анық. Халық білетін, білмейтін мұндай игі істер жөнінде көп мысал келтіруге болады.

– Жақсының жақсылығын айту қажет. Батырбек жақсы басшы болды. Үлкенмен де, кішімен де жақ­сы араласты. Істің ретін тауып, тұрғындардың мәсе­лелерін тез шешуге бейім еді. Сабырлы, салмақты қалпы, адамгершілік қасиеттері, әділдігі, адалдығы әрбір азаматқа қажетті қасиеттер. Оның атқарған жұмыс­тарының бәрін сырдариялықтар жақсы біледі. Әсіресе ауылшаруашылық саласының дамуына көп еңбек сіңіріп, тер төкті. Сол қажырлы еңбегі өтеліп, ауданның ең жоғары атағы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл адал еңбекке көрсетілген құрмет, – дейді ауданның Құрметті азаматы Алма Бақтиярова.

Бақыты – балалары

Халық даналығында «Адам ұрпағымен мың жасайды» делінген. Қызмет бабында бедел биігіне көтерілген Б.Маншарипов отбасында асыл жар, ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жары Сафура Омарқызымен бірге көпбалалы ата-ана атанған ол ұлағатты ұрпақтарымен мақтанады, шаттанады. Бү­гін­де еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет ат­қаратын ұрпақтары экономика, денсаулық сақтау, құқық қорғау, баспасөз және басқа да салаларда еңбек етуде. Ардақты азаматтың немерелері оқуда озат атанып жүр. Барлығы дерлік өнерлі, талапты, талантты. Олар үлкен әулеттің тірегі болған әкелерін, аталарын мақ­тан етеді.

– Жақсы әкенің еңбегі, абыройы, шарапаты балаларына қырық жыл азық деген рас екен. Біздің Батырбек Маншариповтың ұрпағы екенімізді естіген үлкен кісілер, әріптестеріміз әкеміздің еңбегін құрметпен атап, ыстық ілтипат білдіріп жатады. Біз үшін бұдан асқан бақыт, мақтаныш жоқ. Әкеміз бен анамыз бізді бақты, өсірді, бәріміздің жоғары білімді маман болуымызға жағдай жасады. Өмірі елдік қызметтермен өрілген, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған ата-анамызға қарыздармыз, – дейді Гүлмира Маншарипова.

Иә, қызметте елдің, отбасында жары мен ұрпақ­тарының алғысын арқалаған азамат бақытым бала­ларым деп біледі. Жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, облыс, аудан әкімдерімен тығыз жұмыс істеп, қос ауданның құрметтісі атанған кейіпкеріміз туралы қалай жазсақ та жарасады. Себебі, ол – қара­пайымдылықты ту еткен текті атаның ұрпағы, адал еңбек­пен биікке көтерілген тұлға. Жетпіс жылдық ғұмыр­баяны сексенге дейін және одан кейін де ғибратты істермен толыға түсеріне сенеміз. Ең бастысы ардақты азаматтың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз және бұл сырдариялықтардың да тілегі екені анық.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
24 тамыз 2021 ж. 549 0