Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Каляни апа»

«Каляни апа»

Бір құрдасымның анасы тура мінезді, ағайын-туысқа сыйлы адам еді.

Жолдасынан ерте қалып, үйелмелі-сүйелмелі перзенттерін жалғыз өзі жеткізді. Қарапайым жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Маңдайынан тері сорғалап жүріп, адал нан тапты. Қалайша қайран қалмасқа?! Мардымсыз айлықпен отбасын асырап қоймай, балаларының жоғары білім алуын қамтамсыз етті. Қайран, аналар-ай!Аллаға шүкір, еңбегі қайтты. Перзенттері өсіп-жетіліп, бір-бір шаңырақтың егелеріне айналды.

Анамыз өмірден өткенше қо­лында, яғни, қарашаңырақта ме­нің құрдасым отбасымен болды. Құрдасымның келіншегі сүп-сүй­кімді әрі өте кішіпейіл жан. Енесін бақиға аттанғанша туған анасындай сыйлап, құрметтеді. Айтқан сөзін ешқашан екі етіп көрген емес. Оған төмендегі оқиға да дәлел болады.

Апамыздың жасы ұлғайған шағы. «Адам қартайғанда бір бала» деген ғой. Анамыз әлгі «Келін» атты үнді сериалын үзбей көреді екен. Тіпті кино желісіне ойша еніп, актрисаларға қатты еліктейтінге ұқсайды. Мәселен, кино басталар қарсаңда келінін жұмсап, өзінің оюлы, үлкен сандығын аштырады. О, аналарымыздың сандығында не жоқ дейсіз?! Сандықтың ішінен алтын-күмістен соғылған сақина-білезік, әшекей бұйымдары, жібек мата алғызады… Сақина-білезікті жарқыратып өзінің, келінінің қол­дарына салғызады… Әшекейді тағы­нып, жібек мата жамылып, екеуі «Каляни» мен «Ананди» болып сериал тамашалауға кіріседі. Апам мәз-мейрам. Енесінің үнемі көңілін жықпайтын, ешқашан айтқанынан шықпайтын адал, ақылды келіні қарияның жас балаша қуанғанына апасынан бетер марқаяды. Кинодан соң алтын-күміс, әшекей, мата сандыққа жол тартады. Ертеңіне, арғы күні, онан кейін дәл осы көрініс тағы қайталанады.

Әттең, үнді актерлары өздеріне осыншалықты берілген «фанат» барын білген жоқ. Қазекеңнің киногерлері де көрермендерін баурайтын тамаша туындыларды көптеп түсірсе ғой…

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
22 тамыз 2021 ж. 232 0