Тойдан тыйыла тұрайық!
Жер шарын жайлаған коронавирус індеті ауданымызда да күшейіп тұр. Індетке шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Күнделікті статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек жан шошытады. Бұл ойланатын мәселе.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген жиынында еліміздің эпидахуалының ушығып тұрғанын айтып, бірқатар нақты әрі қатаң тапсырмалар жүктеді. Ауру жұқтыру қаупі жоғары болып табылатын той-жиындарды өткізуге тыйым салынды. Алайда, оған тоқтап жатқан ешкім жоқ. Бұл тек әкімдер мен мобильді топтардың ғана айналысатын шаруасы емес. Деннің саулығы, дерттің тоқтатылуы әрқайсысымызды толғандыруы тиіс. Дерт жабысқан соң, ажал тырнағына ілініп, қаншама азаматтардан айырылып қалғанымыз белгілі. Мұндай қайғылы жағдайлар бізге ащы сабақ болуы тиіс.
Сау қоғамда ғана саламатты өмір сүре аламыз. Сондықтан той-томалақтан, басқа да мерекелік іс-шаралардан тыйыла тұрайық. Тіпті, жаназаға барудан да уақытша бас тарта тұрған жөн. Көпшілік орындарға топтасып бармаған абзал.
Сақтық шараларын, карантин талабын мұқият орындайық! Мұны ауылдастарыма мониторинг топтың мүшесі ретінде айтып отырмын. Бұл – қажетті шара. Сырдария ауданының әкімі М.Ергешбаев төрағалық еткен ақпараттық кеңесте «Тойдан тыйыла тұрайық» деген сүбелі сөзді аудан тұрғындарына арнады. Аудан бас санитар дәрігері де телеарналар мен баспасөз беттерінде Үндеу жариялап жатыр. Сөзге құлақ асайық, ағайын!
Аманкелді ауылында карантин талаптарының сақталуы ауыл әкімінің жіті назарында. Мониторингтік топ мүшелері рейдтік тексерістер, түсіндірме жұмыстарын күнделікті ұйымдастыруда. Коронавирус инфекциясын ауыздықтау тек дәрігерлердің ғана міндеті деп түсінетіндер қатты қателеседі. Қатерлі дертпен көп болып күресуіміз қажет. Ол үшін көп нәрсе қажет емес. Көшеге шықпау, көпшілік орындарға бармау, әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын сақтау, бетпердені тағып жүру керекпіз. Сонда ғана өзімізді және жақындарымызды аурудан сақтай аламыз.
Жұмағазы ОРАЗОВ,
Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры,
мониторингтік топтың мүшесі