Р.Рүстемов, Сырдария ауданының әкімі : Ең бастысы – деннің саулығы
Өздеріңізге белгілі, елімізде орын алған төтенше жағдай күн сайын күрделене түсуде. Облыстағы ахуал да қиындап кетті. Өңірдегі жеті ауданның төртеуінде науқас адамдар тіркелді. Бұл ойланарлық жағдай.
Жасыратыны жоқ, ресми органдар тарапынан қатаң ескертулер жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан тұрғындар әлі де болса бейқамдық танытуда. Кеселден келетін қауіпті түсінгендер де аз. Бірі «ауру бізді айналып өтеді» деген жаңсақ пікірді ұстанса, енді бірі «тәуекел» деп талаптарды орындамайды. Сондай-ақ «Сақтансаң, сақтармын» деген сөзге мән бермейтіндер де бар.
Өкінішке қарай, коронавирус індеті бүгін Сырдария ауданында тіркелді. Бұл аудан халқына енді қатаң сақтанатын кез келді деген сөз. Бүгін мамандармен бірге індет тіркелген елді мекенде болдым. Күшейтілген режимде дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Науқас адаммен байланыста болғандар анықталып жатыр. Барлығы біздің жіті бақылауымызда болады. Соңы жақсы болсын, науқас тезірек сауығып кетсін деп тілейміз.
Жергілікті атқарушы билік тұрғындар алдындағы өз міндеттерін орындауда. Оның ішінде дәрігерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері тәулік бойы тынбай жұмыс істеуде. Сондай-ақ жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі де барлық тетіктерді қарастырып, мұқтаж отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша жұмыс жасауда. Үкіметтен бөлінген әрбір тиын өз иесіне төленеді. Сондықтан қиын сәтте мекеме жағалағанша, үйде болып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер. Аштан өліп, көштен қалатындай жағдай жоқ. Ең бастысы – деннің саулығы.
Құрметті жерлестер!
Тағы да қайталап айтамын, бетперде киіп, антисептик қолданып, санитарлық талаптарды қатаң сақтаңыздар. Індетпен күрестің ең тиімді жолы – оқшаулану, яғни үйде болу. Сондықтан үйден шықпаңыздар, көпшілік жиналатын орындарға мүлдем бармаңыздар. Дене қызуларыңыз көтерілсе, дереу жедел-жәрдемге хабарласыңыздар. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Ойланатын уақыт келді. Бәріңізге амандық тілеймін!