Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалымжан ҚАЙНАЗАРОВ: Сырдария аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы: Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Ғалымжан ҚАЙНАЗАРОВ: Сырдария аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы: Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Іргелі ауданның өсіп-өркендеуі жолында құрылыс саласының алар орны айрықша. Олай дейтініміз, халыққа қажетті баспана, әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу, ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру аталған сала арқылы жүзеге асады. Оның үстіне, соңғы жылдары аудан құрылыс алаңына айналғанын ескерсек, бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, біз тамыздың екінші жексенбісінде келетін құрылысшылар күніне байланысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғ.Қайназаровпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстарды сұрап білдік.

– Ғалымжан Әлиакбарұлы, алғашқы сауалымызды сала жұмысының мән-маңызынан бастасақ. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі жұмысының негізгі міндеті қандай?

– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев егемендік алған жылдан бастап құрылыс саласының маңыздылығын атап өтіп, көптеген мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына ұйытқы болды. Соған орай елімізде құрылыс қарқын алып, көптеген нысандар, зәулім ғимараттар ел игілігіне берілді. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде осы саланың қарыштап дамуы мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына айрықша ықпал етті. Сол себепті де құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Ал ел еңсе түзегелі бері өңірде, оның ішінде Сырдария ауданында құрылыс саласы ерекше қарқын алғаны ақиқат.

Жалпы, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі жұмысының негізгі міндетіне коммуналдық меншік нысандарын салу және қайта жаңарту, адам өмірінің толық ортасын қалыптастыру, сәулет және қала құрылысын дамыту, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту мен құрылыс жүргізу жатады. Оның ішінде, белгілі заңдылықпен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде ауданның аумағын дамыту және құрылыс салу жүзеге асырылады. Міне осы бағыттағы жұмысты бөлімдегі 7 қызметкер атқарады. Олар ауданда салынып жатқан құрылыстың сапалы жүргізілуін, мердігер мекемелер тарапынан кемшіліктер орын алса оларды қалпына келтіру жұмыстарын, ауданның сәулеттік келбетін жақсарту шараларын іске асырып келеді.

– Ауданда әлеуметтік нысандарды жаңғырту, баспана салу құрылыстары қарқынды екенін білеміз. Осы жұмыстардың сапалы жүргізілуінде сала мамандарының еңбегі зор. Осы ретте, саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?

– Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары аудан құрылыс алаңына айналды. Оған мысал ретінде Тереңөзек кентіне кіреберістегі көпқабатты үйлерді айтуға болады. Алысқа бармай-ақ өткен жылдың өзінде ауданда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы 2020 жылы аудан орталығындағы тұрғын кварталындағы 18 пәтерлі №1 тұрғын үй және 6 пәтерді жапсарластыра салу арқылы 18 пәтерлі №2 тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 466195,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Нұр-Талап және К» ЖШС іске асырды. Құрылысқа қажетті жұмысшылардың саны 116 адам болса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жергілікті жерден 58 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы уақытша жұмыспен қамтылды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың аяғында толығымен аяқталып, тереңөзектіктер қоныс то­йын тойлады. Одан бөлек, өткен жылы «Жетікөл елді мекенінде тұтынушы үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылысы арқылы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту» жобасына қаржы қаралып, жүзеге асырылды. Нәтижесінде, Жетікөл ауылының тұрғындары тәулік бойына таза, сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Сонымен бірге 2020 жылы «А.Тоқмағамбетов ауылдық округіндегі №135 орта мектебінің жертөлесін жаттығу залына айналдырып, реконструкциялау жобасы», «Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам аудан инфрақұрылымы (ауыз су) желілері» 100 гектар және 35 гектар жұмыс жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді.

– Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындыланды. Алғашқы алты айлықта қандай жұмыстар жүзеге асты?

– Аудан халқын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы ауқымды құрылыс жобасы бастау алған болатын. Атап айтқанда, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Ақжарма, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Шаған, Шіркейлі, С.Сейфуллин елді мекендерінде үш бөлмелі 3 тұрғын үй құрылысын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Міне, осы жұмыстар биыл жалғасын табуда. Бұған биылғы жылға республикалық бюджеттен 311,388 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге 209,914 млн теңге қаржы игерілді. Негізі, жобаның жалпы сметалық құны – 475,181 млн теңге. Қазіргі таңда елді мекендерде қарқынды құрылыс жүргізілуде. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй сатып алу жыл аяғына дейін 10 тұрғын үй сатып алынып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға кезектілік негізінде берілетін болады деп жоспарлануда. Бұған республикалық бюджеттен 84,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 8,4 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда осыған мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы 10 тұрғын үй сатып алуға ашық конкурс жариялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, ауданда құрылыс қарқыны бәсеңдемейді.

– Өзіңізге белгілі, бүгінде барлық сала жұмысы цифрландыру бағытына көшкен. Мұның тұрғындарға тиімді тұсы көп. Бүгінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан электронды жүйеде қандай мемлекеттік қызметтер көрсетіледі?

– Негізі, бөлім тарапынан 5 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Атап айтар болсам, «Жаңа құрылысқа бастапқы материалдарды тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты қолданыстағы ғимараттардың үй жайларын реконструкциялау үшін бастапқы матер­иалдар алу», «Эскизді келісуден өткізу», «Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру», «Объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру» «Үлескерлердің ақшасын тартуға құрсат беру» қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ бөлім арқылы сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу, «Мекен-жай тіркелімі» ақпараттық жүйесі, қайта жаңғырту жұмыстарына рұқсат беру, сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын орнатуға рұқсат беру, пайдалануға қабылдап алу жөніндегі актіні тіркеу және аудан бо­йынша пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлер бо­йынша да қызметтер көрсетіліп келеді. Биылғы жылдың 6 айында бөлім арқылы 480 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 117-сі қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, 363-і «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілді.

– Бөлім тарапынан аудан көлеміндегі кәсіпкерлік нысандардың қасбетін тиісті талаптарға сай жаңартуға да мән беріледі. Осыған тоқталып өтсеңіз.

– Иә, аудандағы кәсіпкерлік нысандардың сәулеттік келбетінің тартымды болғаны бәрімізге жақсы. Осыған байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, Тереңөзек кенті әкімдігі және аудандық полиция бөлімімен бірлесе оты­рып, аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Оның барысында кәсіпкерлік субъектілерінің иелерімен ғимараттардағы жарнама және сыртқы қасбеттерін жаңарту бойынша келіссөздер жүргізілді. Кентте барлығы 97 кәсіпкерлік нысан бар. Қазіргі таңда бұл нысандардың 87-сі жұмыс жасап тұр, ал қалған 10 нысан өз жұмыстарын тоқтатқан. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңының 16-бабына сәйкес, өздерінің меншігіндегі (иелігіндегі, қолдануындағы) пайдаланылушы объектілерді олардың азаматтар үшін қауіпсіздігін, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтік және басқа да міндетті талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін лайықты жағдайда ұстауға міндетті делінген. Аталған заңнамаға сәйкес, барлық кәсіпкерлік нысандарға аралау барысында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың сәулеттік келбетін, ескірген сыртқы (көрнекі) жарнаманы жаңалатуға немесе алдырып тастауға, ғимараттың айналасын таза ұстауға, ғимаратты әрлеуге жұмыстар жасау талап етілді. Бүгінгі күнде 54 кәсіпкерлік нысан өздеріне берілген ескертпеге сәйкес көрсетілген талаптарды толығымен орындады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ
14 тамыз 2021 ж. 566 0