Халыққа қызмет ету – мерейлі мәртебе
14 тамыз – ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылған күні, сала мамандарының кәсіби мерекесі. Осы орайда аудандағы сала ардагерлерін ардақтап, қызметінде өзіндік орны бар маман Әкима Дайырқызымен әңгімелестік.
Әкима Досығұлова аудандық салық саласында 38 жыл қызмет еткен. Айта кетерлігі, ауданымызда осынша жыл өмірін аталған салаға арнаған жалғыз қызметкер ана болса, ол – Әкима апай. Бұл күнде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жан 2017 жылы зейнет демалысына шыққан.
– Салық қызметі ел егемендігімен қатар құрылған, – деп Әкима апай әңгімесін әріден бастады. – 1979 жылы Семей қаласындағы Қаржы экономикалық техникумын оқып бітіргеннен кейін ауданға келіп, жас маман ретінде жұмысқа орналастым. Алғашқы еңбек жолымды аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік салық инспекторы болып бастадым. 1990 жылға дейін аға салық инспекторы, есеп жөніндегі аға салық инспекторы қызметтерін атқардым, – деп өткенге көз жүгіртіп өтті.
«Елу жылда ел жаңа» деген, Әкима апай қызметіне қызу кіріскен шақтарда қазіргідей техника, банк арқылы онлайн аударма жасау деген мүлде болмаған. Тіпті кей салық түрлерін үй-үйді аралап жүріп, қолдап жинаған маман сол еңбегі мен ізденісінің арқасында білікті маман атанғанын айтады.
– Осы салада қанша жыл еңбек етіп, нанын жеп, қанша адаммен жұмыс жасадым. Соның бәрі темірдей тәртіп пен талаптың арқасында деп білемін. Біліктілік тәжірибемен келеді. Қызмет бабында білмеген жерімізді үйретіп, қаржы саласының қыр-сырын үйреткен ұстаз-басшыларым Әсербай Айкупешов, Мақсұт Нұртазаев, Ұлтуған Ерімбетова, Кенжегүл Абдукаримова, Сәтемір Шәудіров, Құралай Әбілхайыровалар болса, салық саласында қызметтес болған Болат Досымов, Ерсін Орынбаев, Фердоуси Қожабергенов, Темірлан Қожаназаров, Мухамбедияр Абдықалықов, Бақыт Дүйсенов, Жанат Бодықовалардың есімін ерекше атап өту қажет. Біз көзін көріп, қызметтес болған бұл кісілердің біразы қазір өмірден өтіп кетті. Барлығына құрметім зор, – деп жалғады әңгімесін ардагер маман.
Еңбек жолын аталған саладан бастап, кейін 1990 жылы аудандық мемлекеттік салық инспекциясы құрылған кезден мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс жасаған Әкима апай жұмыстың қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін меңгерген. Қырық жылға жуық мемлекеттік қызметті еш мінсіз, басшылық тараптың ескертуінсіз атқарған, он шақты басшымен келісті жұмыс жүргізген маманның бүгінгі жастар туралы ойын білмек болып сауал тастадық.
– Кім болса да қызметті төменнен бастағаны жөн дер едім. Әйтпесе қазір жастар оқу бітіре салып, «жұмсақ креслоға» күмп ете қалғысы келеді. Бұлай болмайды. Кіші қызметтен бастап көтерілген адам сол саланы жан-жақты меңгереді, әрі тәжірибе кез келген маманды биікке шығарады. Ал қазір мекемеде жүрген жастарға өзім ризамын. Барсақ, құрақ ұшып, құшақ ашып қарсы алады. Хабарласып жағдайымызды сұрап тұрады. Қарттар күні, ардагерлер күні секілді мерейлі мерекелерде естен шығарған емес. Ұжым қызметкерлері келіп құттықтайды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, – деді Әкима Дайырқызы.
Мемлекет үшін маңызды салада қажырлы еңбек етіп, аудан бюджетінің кірісін толықтыруға зор үлес қосқан, кейінгі буынға үлгі бола білген өз ісінің маманы Әкима Досығұлованың ерен еңбегі ескерусіз қалмаған. Лауазымды қызмет атқарып, кадрларды дайындауда, ұжым жұмысының алға басуында еткен еңбегі еленіп, бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен, төсбелгімен марапатталған.
Бір құшақ «Алғыс хат» пен «Құрмет грамотасын» алдымызға жайып салған Әкима апай:
– Бұл қағаздар – еңбектің еленгенінің көрінісі. Бірақ қағазбен мақтануға болмайды, іспен көрсету керек. Ұжымдағы жастарға осыны ұдайы ескертіп отыратынмын, – деді. Түсінген адамға бұл сөздің астарында терең тәрбие жатыр.
Әкима апай өз саласында білікті, абыройлы маман болса, отбасында ардақты ана, аяулы жар. Жолдасы Бақытбек аға екеуі төрт бала тәрбиелеп, өсірген. Бұл күнде қыздары тұрмыста, балаларының барлығы жоғарғы оқу орнында оқыған, бір-бір сала маманы. Жазғы демалыста Алматыдан ата-әжесіне қыдырып келген немересі Аружан – әжесінің қолғанаты.
Ардагер ана «еңбек еттім, жемісін көрудемін» деп қол қусырып қарап отырудан аулақ. Қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысуда. Жай кәсіп емес, үлкен, берекелі бизнеске айналдырып, аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге өз тарапынан ат салысқысы келеді.
Әкима Досығұловамен жүргізген әңгімеміз ерекше әсер сыйлады. Өз саласының ғана емес, еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарға үлгі, тәрбие боларлық бір сағаттық кездесуден түйгеніміз көп болды. Қоштасарға таяғанда «Қуыс үйден құр шықпа» деп дәмін ұсынған Әкима апай ақ батасын беріп шығарып салды.
Үйден шыға бере есік алдында кең әрі жайқалған бау-бақшаға көзіміз түсті.
– Бұл – менің сүйікті хоббиім, – деп апай өз қолымен баптап өсірген бақшаны таныстырды. Бауда жергілікті жерде кез келген топыраққа өсе бермейтін, күтімі қиын құлпынай, таңқурай, қарақат сынды жидектер мен қызанақ, қияр, т.б. түрлі өнімдер бар екен. Әкима апайдың біз жақта шыға бермейтін бақша өнімдерін биыл да мол алуынан қай істе де шебер, жауапты кісі екенін анық аңғардық.
Сондай-ақ, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтауды да естен шығармады.
– Осыдан отыз жыл бұрын Тәуелсіздігімізбен қатар ең басты құрылымдарымыздың бірі – салық қызметі құрылды. Егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап мемлекетті толық қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек еткен әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Сол қатарда болу мен үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Бұл қызметтің алға қойған міндеттері ауқымды әрі айқын. Еңбегі өлшеусіз сала мамандарын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, ел болашағы жолында аянбай еңбек етуден танбаңдар дегім келеді. Жұмыстарыңа жаңа серпін, тек сәттілік тілеймін, – деді сала ардагері.