Ұстаз – ұлы қызмет
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты...»
Міне, бұл Мағжан «сенген» қазақ жастарының сипаты.
«Ел жастарын көрсетіңіз, мен сізге елдің болашағын айтып берейін» деген екен шығыс ғұламасы. Кез-келген ел өзінің бүгінін де, келешегін де алтын көпір іспетті жастарымен, өскелең ұрпағымен байланыстырады. Ел өмірінде, тұрмысы мен тіршілігінде, қоғамда жастарға артылар үміт орасан зор.
Жас та болса бас болып, білгені мен тәжірибесін өскелең ұрпақпен бөлісіп, жаңашылдықтың жаршысындай болып жүрген жас ұстаздар бар. Жастар күні қарсаңында Ақжарма ауылдық округіндегі ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлы атын иеленген №130 орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы, информатика пәнінің мұғалімі Еңлік Палымбетовамен әңгімелестік.
Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында дүниеге келген Еңлік 2008 жылы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжді үздік аяқтаған. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жоғары білім алып, тәжірибесін толықтырған. Университет қабырғасында оқып жүрген жылдары ауылдық жерлердегі халықты компьютерлік сауаттылыққа оқыту курстарын өткізу үшін үздік студенттерден құрылған топтың құрамында жұмыс жасаған. Осы колледж базасында құрастырылған электронды оқулықтарды жасауға қатысқан. Түрлі сайыстар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Жеткен жетістіктері үшін бірнеше рет облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған. Кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кент орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне информатика пәнінің мұғалімі, бағдарламашы болып жұмысқа орналасқан Еңлік білім беру саласыындағы еңбегін 2009 жылдан бастаған. 2011 жылдан №130 Абай атындағы орта мектепте еңбек жолын жалғастырып келе жатқан Еңлік Арысбекқызы 2020-2021 оқу жылынан бастап орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы қызметіне ауысып, білім берудің тәрбие саласына өз үлесін қосып келеді.
Жас маман халықаралық ғылыми конференцияларда үздік баяндама қорғап, облыстық, аудандық байқауларда топ жарып жүр. Бүгінде тәрбиелеген шәкірттері жолын жалғап, қай сайыста болмасын жоғары деңгейдегі марапатқа ие болып келеді.
Еңлік отбасылы, жары екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр.
– Мұғалімдік қызмет – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Себебі елдің болашағы – келешек ұрпақтың алғашқы іргетасын қалайтын мектептегі мұғалім. Мектеп жасындағы бала неге де болса тез бейімделгіш, қай бағытқа бұрсаң, сонда қарай бағытталады. Осы жерде ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жолда өзіндік ұстанымым бар. Жаңалықтарды жандандыру, оны әр оқушының бойынан таба білу – табысты білімнің негізі, – дейді жас маман.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ