Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпті де қадірлі мамандық иесі

Қауіпті де қадірлі мамандық иесі

Рүстем Беркімбаев – мәртебелі маман­дық иесі. Ол – құтқарушы. Оның бала ке­зіндегі арманы да адам өмірін тілсіз жаудан құтқарумен айналысу болатын.

Тәуелсіздіктің таңы атқан тұста өмір есігін ашқан болашақ ел қорғаны қиындыққа төзімді, ауыр да болса жауапты қызметтің қыр сырын меңгеру үшін жоғарғы оқу орнына түседі. Оның таңдауы Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің «Көкшетау техникалық институты» болады. Оқуға түсіп, оқу орнын «әскери іс және қауіпсіздік» «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Өзінің ата-анасынан алған темірдей тәртіпке бағыт­талған мінезі мен адамгершілік қасиеті мамандығын жетік меңгеруге жетелейді.

– Алғашқы еңбек жолымды Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және АҚЖҚ» мемлекеттік мекемесінің мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі қызметінен бастадым. Сонан соң №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқардым. Осы салада Қармақшы, Жалағаш аудандарында қызмет еттім. 2016 жылы туған жерім Сырдария ауданына оралып, аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері лауазымына ауыстым. Қазір соңғы 4 жылдан бері осы бөлімнің аға инженері және бас маманы қызметін атқарып келемін, – дейді азаматтық қорғау капитаны Рүстем Бибосынұлы.

Өз мамандығын мақтан ететін азамат кез келген адам құтқарушы бола алмайтынын айтады. Бұл мамандықты тек таңдаулылар ғана атқара алады. Себебі құтқарушы болу үшін батылдық, қайсар мінез, шыдамдылық керек. Сонымен қатар қысылтаяң шақта тез шешім қабылдап, қандай жағдай болмасын салқынқандылық таныту да құтқарушыға тән қасиет. Мұның барлығы Рүстемнің бо­йында бар және оның патриоттық, елжандылық қасиеті білімді болуға ұштасқан.

– Біздің бөлімге қызметке келген күннен бері әріптесім Рүстемді жақсы білемін. Оның қызметіне деген адалдығы көпке үлгі. Тәжірибе жинауда алдына жан салмайды. Біліктілікті жетілдіруге байланысты арнайы сабақтарға қатысып, сарбаздарға білгенін үйретуден жалықпайды. Физикалық дайындыққа келгенде мықты спортшы. Ал мұның барлығы біздің қызметте қойылатын талаптың ең негізгісі, – дейді бөлім бастығы Н.Бақтияр.

Отбасында қос бауырына қамқор, ата-анасының арқа сүйер перзенті Рүстем Бибосынұлы Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Оның азаматтық ұстанымы – елінің патрио­ты болу. Нағыз елжандылық, туған елге қызмет ету өз ісінің маманын әлі талай жетістікке жеткізетіні анық.

«Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» демекші отыз жасқа келетін азаматтың мінсіз қызметі мақтауға лайық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 шілде 2021 ж. 565 0