Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл медицинасын дамыту үшін тың көзқарас қажет

Ауыл медицинасын дамыту үшін тың көзқарас қажет

Әріптесім, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев екеуіміз Қызылор­да облысына іссапарымыз аясында Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан кәсіпкерлерімен және депутаттық фракция мүшелерімен кездесу өткіздік.

Жүздесуде жергілікті жұртшылықты алаңдатқан түр­лі мәселелер көтеріліп, біраз ұсыныс-пікір ортаға салын­ды. Атап айтар болсақ, халық көп тұтынатын зат­тар­дың бағасы соңғы 2 айда күрт қымбаттаған. Сондай-ақ кездесуде несие беруші ұйымдардың өнім­дері ша­руаға қолжетімсіз, талаптары тым күрделі әрі қолай­­сыз екені алға тартылды.

Ауыл-аймақ жұртшылығының әл-ауқаты мен көңіл күйіне ықпал ететін аса өзекті әрі ірі мәселелердің бірі – біліктілігі жоғары, тар салалы дәрігерлердің жетіс­пеушілігі. Сырдария ауданының Айдарлы, Аман­келді, Жетікөл ауылдарында дәрігердің мүлдем жоқ екені анықталды. Ал тұрғындарының саны 1,5 мыңнан азайса, тек фельдшер ғана болады. Шағын ғана емес, ірілеу елді мекендердің өзі білікті дәрігер мамандарды тарта алмай отыр. Өйткені жалақы аз, мансап сатысымен өсу перспективасы жоққа тән. Бірақ қазіргі пандемия заманы мемлекеттен дәл осы бағытты күшейтуді талап етеді. Ауырған халық ем іздеп, орталыққа ағылуға мәжбүр болмауға тиіс, барлық қажетті ем мен дәріні өз елді мекенінде алғаны жөн. Демек, мамандардың айтуынша, осы салада, ауыл медицинасын дамытуда, өз ғұмырын ауылға арнаған дәрігерлерді ерекше қолдауда тың бетбұрыстар, жаңа бағдарлама керек-ақ.

Бұдан бөлек, кездесуге қатысушы жергілікті депутаттар мен бизнесмендер кәсіпкерлікті дамыту мәселелері мен жем-шөпке берілетін субсидия мерзіміне қатысты нақты ұсыныстар берді. Талап-тілектер назарға алынды, фракцияның парламенттік жұмысында ескеріледі.


Бақытбек Смағұл,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
17 шілде 2021 ж. 393 0