Өз ісіне жауапты
Қауіпті індет қолқадан алғанда халықтың қатты әбіржігені рас. Жұқпалы аурудың жұғу көрсеткіші жылдамдап, аяқасты дерт дендегенде дәрі-дәрмек іздеп сабылғанды да көрдік. Дәріхана жағалап, қажетті дәрі тапшылығы сезілді. Сондай шақта тынымсыз еңбек етіп, күндіз-түні ауданға керекті дәрі-дәрмек жеткізген Ардақ Тәжібаев екенін ерекше атап өткен жөн.
Аудан орталығында тәулік бойына жұмыс істейтін «Ansar» дәріханасы ашылғалы тұрғындарға қолайлы болды. Түн уағында болсын бас ауырып, балтыр сыздаса, қажетті деген дәріні алуға еш кедергі жоқ. Міне, осы дәріхананың меңгерушісі Ардақ Ғалымұлы күндіз-түні сырдариялықтарға қызмет ететін дәріхана қызметін ұйымдастырып, еңбек етіп келеді.
А.Тәжібаев – №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің түлегі. Ол осы мектеп қабырғасында жүріп-ақ медицина маманы атануға ұмтылған. Соған орай облыс орталығындағы медициналық колледжде «Фельдшер» мамандығын игеріп шығады. Жас маман оқу бітірісімен аудандық ауруханада рентген-лаборант ретінде еңбек жолын бастап, мамандықтың қыр-сырын игереді. Одан кейін медицина қызметкері Қызылорда қаласындағы «Авецина» жеке клиникасында өз саласы бойынша қызмет етіп, сырқаттанған тұрғындарға ем-шара жұмыстарын жүргізген. Осы қызметте жүріп ол жұмыс бағытын медицинадағы күрделі салалардың бірі фармацевтикаға бұрған.
– 2012 жылы Ресейдің Омск қаласындағы медициналық институтта «Фармацевт» мамандығы бойынша қашықтан білім ала бастадым. Әрине, бұл – өте күрделі мамандық. Көпшілік тек бізді дәрі-дәрмекті сатумен ғана айналысады деп ойлауы мүмкін. Алайда, біз адам жанына шипа болатын дәрілерді іздеу, оларды шығару, дайындау, сақтау, жеткізу секілді қызметтерді атқарамыз. Сырқаттанып келген адамға керекті дәрілерін алуға кеңес береміз. Сөйтіп, тұрғындардың ауруынан айығуына үлес қосамыз. Жоғарыда атап өткен институтта 2017 жылға дейін білім алып, содан бері осы салада еңбек етіп келемін, – дейді Ардақ Ғалымұлы.
Тереңөзек кентінде облыс орталығындағы «Ansar» дәріханасының филиалы ашылғанда А.Тәжібаев меңгеруші болып тағайындалып, барлық жауапкершілік артылды. Мұндай жауапты істе ол ұйымдастырушылық қабілет танытуда. Аудан халқына керекті деген дәрілердің мерзімінде жеткізіп, тұрғындар сұранысы қанағаттандырылуда. Жауапкершілігі мол маманды облыстағы басшылығы жоғары бағалап, Жалағаш пен Қармақшы аудандарындағы дәріханалар жұмысын бақылап, қадағалауды тәжірибелі маманға жүктеген.
Бүгінде облыста «Ansar» дәріханасының 20-дан аса филиалы бар. Ал ауданда 4 дәріхана сырдариялықтарға қызмет көрсетуде. А.Тәжібаевтың айтуынша, аудан халқының сұранысына орай аталған дәріхананың филиалдары елді мекендерде жұмыс жасауда. Мәселен, аудан орталығында 2 дәріхана болса, өткен жылы Аманкелді және Шаған ауылында филиалдар ашылған. Соның нәтижесінде, аудан бойынша 12 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Дәріхана меңгерушісі жұқпалы індет тарағанда жұмыс қауырт болғанын айтады.
– Облыс орталығында дәріхана қоймасы бар. Содан керекті дәрі-дәрмекке сұраныс беріп, аудан орталығына жеткіземіз. Тасымал жұмыстарын өзім атқарамын. Қауіпті індет өршігенде күндіз-түні еңбек еттік. Бүгін жеткізілген дәрі-дәрмектер жылдам таусылып жатты. Содан уақытқа қарамай, екі ортада қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп отырдық. Жұқпалы аурудың еміне керекті деген дәрілердің барлығы болды. Бүгінгі күні де дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, – деді медицина маманы.
Ардақтың әкесі Ғалым Тәжібаев 40 жылдан аса уақыт жедел-жәрдем қызметінде жүргізуші болып еңбек етіп келеді. Анасы Тәжігүл Бержанова үй шаруасында жарына тілекші, ұл-қызына қамқоршы. 5 ағайындының үлкені А.Тәжібаев 2010 жылы Әсел Татановамен шаңырақ көтеріп, бүгінде 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп келеді. Қызы Айкөркемнің ән айтуға қабілеті бар. Мектеп қабырғасында жүрсе де, көптеген байқаулардың жүлдегері.
Жалпы, халық денсаулығы үшін қызмет етіп келе жатқан Ардақ Тәжібаев секілді азаматтарға қашанда тұрғындардың айтар алғысы мол.
Ердос БЕРКІНБАЕВ