Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман

Қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман

Қан майданда қару асынып, жауға қарсы соғысқан тереңөзектік майдангер Бәкір Өтепов қара қаламды да жаны серік еткен жауынгер болғанын жұртшылық жақсы біледі. Қару мен қаламды қатар ұстаған ол атақты Сталинград майданына қатысып, біздің бейбіт күніміз үшін басын қатерге тіккен. Елге Жеңіспен оралған жауынгердің өмірден өткеніне биыл жиырма жыл толыпты. Осыған орай ерлік пен елдіктің туын жоғары ұстаған қаһарман тұлға туралы қалам тербеуді жөн көрдік.

Адамзат баласына зор ауыртпа­шылық әкелген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жылдан астам уақыт өтті. Қан майданда талай боздақ ер­ліктің ерен үлгісін қалдырды. Дү­ние­жүзін дүр сілкіндірген зұлмат со­ғыс­тың бел ортасында Бәкір Өтепов те болған еді. Арада қанша жыл өтсе де майдангердің ұлағатты ұрпақтары ата­ла­рының ерлігін мақтаныш етеді.

«Ең соңғы айқас, соңғы айқас,
Кімдер қайтып, кім қайтпас.
Ерлігіңді еліңе, кімдер айтып, кім айтпас, – деп зұлмат күндерді жырға қосқан Бәкір Өтепов 1925 жылы дүниеге келген. Ол Отан үшін от кешіп, соғыс өрті тұтанған қан майданда ұмытылмас ерлік көрсетті. Жауынгер Кеңес әскері құрамында Сталинград майданында кескілескен жауға төтеп берді. Украинада соғыс өрті тұтанған мезетте жаудан елді азат етуге қатысты. Атақты ІІІ танкистер бригадасының құрамында жү­ріп, қиындыққа толы күндерді бас­тан өткерді. Қолда бар құжаттарға сүйенсек, жауынгер 1944 жылы төрт жерден жараланып, елге оралған екен. Осыдан-ақ оның соғыс даласындағы жолы қиын болғанын аңғаруға болады.

«Біз әкеміздің сұрапыл соғыстағы қажырлы қайратын, қайтпас қайсар­лығын «Отты жылдар», «Көңіл сыры» атты кітаптары арқылы білеміз. Мұн­да майдангер әкеміз қаламгерлік шеберлікпен 1418 күнге созылған сұм соғыстың адамзат баласына тигізген зардабын, бастан өткерген зұлматты күндерін ерекше суреттейді. Әкеміз 10 перзенттен 24 немере, 20 шөбере сүйді. Анам Күлдәраймен бірге бізге қатпарлы тарих беттеріне жазылған соғыс қасіретін айтып беретін. «Келер ұрпақ мұндай аумалы-төкпелі заманды бастан өткермесін, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешсін» деп айтып отыратын. Әкеміз 2001 жыл өмірден өтті. Мен ол кезде 40 жаста болатынмын. Қазіргі таңда әкемнің майдан даласында жазған өлеңдерін балаларыма оқып беремін. Оның өшпес ерлігі мен өлшеусіз рухани еңбегі мәңгі жадымызда сақтаулы. Біз майдангердің ұрпағы ретінде Ұлы Жеңіс мерекесін асыға күтеміз. Әкемізді мақтан тұтамыз», – дейді жауынгердің ұлы Аманбек Өтепов бізбен әңгімесінде.

Майдангердің соғыстан кейінгі жылдары аудан өмірімен біте қай­насты деп айтуға толық негіз бар. Жеңіс жауынгері аудандық партия комитетінде ұзақ жылдар жемісті жұмыс істеп, колхоз, совхоз басшысы болды. Б.Өтеповпен бірге қызмет еткен ауданның Құрметті азаматы, тыл ардагері Рақымжан қажы Бәйменов кейіпкеріміздің тік мінезін, талапшылдығын жоғары бағалайды.

– Соғыс көрген адамдарда ортақ мінез болады. Олар қаталдықты, тәртіпті, тазалықты сүйеді. Біздің Бәкір Өтепов ағамыз сондай азамат еді. Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқарды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін аудандық «Кітап» және «Мүгедектер» қоғамын басқарып, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасын иеленіп, «Әлеуметтік қамсыздандыру ісінің үздігі» атанды. Оның талапшылдығы, тік мінезі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, әр істі уақытылы әрі сапалы атқаруы бізге үлгі болды. Ол сондай-ақ ақынжанды азамат еді. Аудандық газетте көптеген мақалалары жария­ланды. Кітаптары да оқылымға ие болды. Бәкір Өтепов ағамыздың атына көше берілгенде тұлғаның еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетілгеніне қуандым. Майдангер барлық құрметке лайықты. Өмірден өткеніне жиырма жыл болса да оның бейнесі, жарқын істері біздің жадымызда. Ұрпақтары әке сенімін ақтап, еліміздің дамуына үлес қосып жатқанынан хабардармын. Былтыр аудандық газетте немересі З.Білісбаеваның «Менің атам майдангер» тақырыбында авторлық мақаласы жарияланды. Мақаланы оқи отырып, қаһарман тұлғаның ұрпақтарының ұлағатты екеніне сүйсіндім. Түптеп келгенде, әр азамат өзінің әкесін, атасын, бабасын қадірлеп, сыйлай білуі қажет. Бұл «Рухани жаңғырудың» нағыз өзі, – дейді Рақымжан Бәйменов.
Иә, Бәкір Өтепов артына өшпес іс пен із қалдырды. Қазыналы қарттың қаламгерлік жолы біздерге өшпес өнеге. Сөз зергерінің бүгінде естеліктері, журналистік шығар­малары, өлеңдері мен әңгімелері ел аузында жатталып қалды. Суық қару­ды қара қаламмен қатар ұстап, отты жылдар мен бейбіт күндердің батырларын елге таныта білді. Айта кету керек, майдангер журналист аудандық газеттің бас редакторының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар ауданда әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқарса, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Сол еңбек лайықты еленді. Қоғам мүшелері майдангерді құрметтеп, үлкенді-кішілі жиындарда төрден орын ұсынды. Соғыс ардагері жастарға шежірелі тарихтан сыр шертіп, өсиетін айтып, ақ батасын бере білді. Ол «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Өмірден өткеннен кейін зиялы қауым өкілдерінің және ұрпақтарының ұсынысымен Тереңөзек кентіндегі 1 май көшесі Бәкір Өтепов атындағы көше болып өзгертілді. Майдангер атындағы көше аудандық газеттің «Кент көшелері» айдары бойынша ақпараттандырылды. Аталған көше Оспан Мәлібаев көшесімен қатарлас жатыр. Бұл көше бойында 25 шақты үй бар.

Майдангер журналист тарихи та­қырыптарда көп қалам тербеді. Мысалы, Есмұрат бидің елшілдігі туралы жазған мақаласы арқылы оқырман қауымға көп мағлұмат берді. Бүгінгі мақалада сол туралы да айтып өткеніміз жөн. Есмұрат бидің есімі Сыр бойымен қатар Ташкент, бір жағы Ақтөбе өңіріне мәлім болса керек. Бұл туралы Бәкір Өтепов өзінің «Отты жылдар» естелік кітабының 107-бетіндегі «Бала жолбарыс – Есмұрат» атты мақаласында Сәдуақас Телғозиевтің сөзімен дәлелдей түседі. Жалпы тарихи тұлға Есмұрат бидің зерттелуі мен насихатталуына Сейтмұрат Ембергеновпен қатар Бәкір Өтепов те зор үлес қосқан. Бұл туралы уақытысында өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Жәнібек Маханбет жергілікті басылым бетінде бірнеше рет мақала жазды. Осы ретте майдангер Б.Өтепов жауапты қызметтерді атқара жүріп, әдебиетке де өзіндік үлес қоса білген. Бәкір Өтепов – ақын, Журналистер Одағының мүшесі. Майдангер ұзақ жылдар бойы аудандық газетте қызмет етіп, бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Аудан жаңалықтарын жеткізуде еңбек сіңіріп, республикалық «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас» газеті мен «Ара» журналына мақалалары тұрақты жарияланып отырған. Оның «Отты жылдар», «Көңіл сыры», «Жауын­гер ерлігі» атты кітаптары шыққан. Бұл кітаптарға естеліктері, сын-сықақ өлеңдері, мақалалары енген.

Өз естелігінде ардагер-журналист С.Қожаниязов «Жауынгер-журналист Б.Өтепов әрқашан жоғарғы партия ұйымдарының назарында болды. Ол бірнеше жылдай аудандық партия комитетінің саяси-ағарту кабинетін басқарды. Одан кейін аудандық газет редакторының орынбасары қыз­метіне жоғарылатылды. Сөйтіп, ол бұл қызметте соңғы жылдарға дейін істеп келді. Мұның өзі қанды жорықта шыңдалған КПСС мүшесі, журналист Б.Өтеповтің ел сенімін үнемі абыроймен ақтай білгенін аңғартады» дейді. Ал белгілі ақын С.Ембергенов облыстық «Сыр бойы» газетіне жазған «Бәкір аға» атты мақаласында: «Бәкең кәсіптік жұмыс пен қаламгерліктің қыр-сырын жете игеріп, қатар алып жүруді өмір тірлігінің бұлжымас дағдысына айналдырды. Әсіресе тұр­мыста кездесетін тұрлаусыз жайларды шағын шумақтармен уытты, өткір тілдің шипауына алудың шебері десе болғандай. Ол кісінің жазған дүниелері баспасөздерде болсын, эфирде болсын жиі жарияланатын-ды...» деп атап өткен. Бұдан біз кейіпкеріміздің қоғамдық өмірде де, әдеби ортада да беделді, сөзі өтімді, сыйлы болғанын байқаймыз.

Өмірі өнегемен өрілген Бәкір Өтепов үлкен әулеттің тірегі болды. Жары Күлдәрай Наурызбайқызымен 50 жылдан астам отасып, ұл-қыз тәрбиеледі. Үйдің үлкені Күләш 1948 жылғы. Ол ұзақ жылдар облыс орталығында денсаулық сақтау саласында еңбек еткен. Ұлдан үлкені Әмірхан Бәкіровтің есімі ауданға, облысқа белгілі. Ол ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Атақты М.Шоқай мен Н.Ілиясов туралы жазған зерттеу мақалалары тарихи құндылық ретінде бағаланады. Майдангердің қызы Жанат кент әкімдігінде есепші болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықса, ұлы Әлихан кәсіпкерлік саласында жұмыс істеуде. Ал Мінәш Өтепова – химия саласының білгірі. Аманбек Бәкірұлы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы болса, кеден саласында аға лейтенат болып жемісті еңбек еткен Қалдыбек Өтепов бүгінде өмірден өткен. Майдангердің кенже қыздары Манат кент әкімдігінде салық инспекторы, Эльмира – Алматы қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім. Ал қарашаңырақтың иесі Мұратбек Өтепов 15 жылдан астам кәсіпкерлік саласында еңбек етті, қазіргі таңда «Петро Қазақстан» АҚ-та қызмет атқарады. Осы бес ұл, бес қыздан тараған немерелер де бүгінде аталарының, әкелерінің абыройлы жолын жалғап, оқу оқып, түрлі салада жемісті жұмыс істеп жүр. Бәкір Өтеповтің немересі Ерлан Бәкіров қазір көршілес Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары. Өзге де немерелері сыртқы істер, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және кәсіпкерлік салаларында еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, Өтеповтер әулетінің өзіндік орны, мәртебелі төрі бар.
Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген тағы­лымды сөз бар. Бұл даналық сөз Бәкір Өтеповке қарата айтылғандай. Себебі, өмірден өткеніне жиырма жылдан астам уақыт өтсе де майдангердің есімі жұртшылық арасында зор құрметпен аталады. Жарқын істері де ұрпақ жадында жаңғырып тұр. Сірә, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген осы шығар. Жеңіс туын желбіреткен жауынгердің жаны жәннатта болғай!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
13 шілде 2021 ж. 641 0