Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шаған жер» ЖШС: Шаруашылық жұмысы ширай түскен

«Шаған жер» ЖШС: Шаруашылық жұмысы ширай түскен

«Журналист жол үстінде жүреді» деген қазақта тәмсіл бар. Кезекті сапар аудандағы ең үлкен ауыл саналатын Шағанда жалғасты. Мұнда «Шаған жер» ЖШС-нің еңбекқор шаруалары құшақ жая қарсы алды. Егістік даласында қыруар тірішіліктен қолдары қалт еткен диқан қауыммен кездесіп, егін егуде туындаған күрделі мәселелер жөнінде сұраған болатынбыз.

Биыл облыс көлемінде аяқ су мәселесі ел назарын аударғаны мәлім. Су тапшылығының туындауы – еңбекші қауымды алаңдатып қойғаны рас. Ризық-несібесін жерден терген жергілікті халық тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып әлек.

– Су тапшылығын болдырмау мақсатында су арналарын тазарту жұмысына күрішшілерді жұ­мыл­дырудамыз. Шаруашылық тарапынан ар­найы техника бөлініп, ауыл халқының аяқ су­ды барынша пайдалануына мүмкіндік қарас­тырылуда. Мәселен, 3-ші бригадасы су алатын «Жәдігер» арнасының 1 шақырым бөлігі қайта қазылды. Ауыл ішіндегі су арналарының деңгейін бақылап, егістікке кезекпен су жіберудеміз. Арнайы тоспаларды бөгеп, ауыл сұранысы қана­ғаттандырылуда. Су шаруашылығы мамандарымен бірлесіп жұмыс жасауды көздейміз. Солтүстік коллектор арнасына 3 насос құрылды. Екеуі тұ­рақты жұмыс жасап тұр. 4-ші, 5-ші, 7-ші бригаданы аяқ сумен қамту үшін жаңа насос сатып алынды, – дейді «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов.

Бүгінде «Шаған Жер» ЖШС-іне қарасты 8 бригадада 350 адам жұмыспен қамтылған. Шаруалар қуаңшылықтың алдын алуға күш-жігерін жұмсауда. Серіктестік негізгі өнім 2900 гектар Сыр салысын егіп, күтіп баптауда. Сонымен бірге бидай 357 гектар, ескі жоңышқа 1055 гектар, жаңа жоңышқа 233 гектар, мақсары 105 гектар жерге егілген. Қазіргі таңда жоңышқаның бірінші орымын аяқтаған шаруалар халықты мал азығымен қамтуда.

– Күріш себу науқанында жұмысшыларды ағар­ғанмен қамтамасыз еттік. Ыстық тамақ уақытылы беріліп, ет өнімдерін тараттық. Тағы да басқа азық-түлік шаруаларға үлестіріледі. Не­гізінен, 33 бас ірі қара, 172 бас жылқы бар. 13 бас аналық сиыр сауылады. Нағыз егін даласында жүрген шаруалардың жағдайына көңіл бөлу негізгі мақсат саналады. Пандемия уақытында 11 жылқыны арнайы байлап, көпшілікке саумал ұсындық. Мал шаруашылығына бақташылар жұмыспен қамтылған, – дейді шаруашылық төрағасының орынбасары Әбдіразақ Сәдуов.

Серіктестіктің теңгеріміндегі техникаларды жөн­деу жұмыстары алдағы уақытта басталатын болады. Соған орай қажетті қосалқы бөлшектерді Қостанай қаласынан тасымалдау көзделген. Осы уақытта 1 шынжыр табан комбайн, 9 дөңгелекті комбайн егін жинау маусымына дайындық үс­тінде. Жалпы алғанда, техниканың басым бөлігі ескі екені мәлім. 3 жер тегістегіш техника 2900 гектарға аздық етеді. Сондықтан жаңа техника алу үшін мемлекеттен субсидия алуға жан-жақты зерттеу жүргізілуде. Мысалы, өткен жылы 2 соқа алынған. Су тегіс жату үшін техниканың сапалы болуына көңіл бөлінеді. Күріштің «Лидер» сорты 120 күн суда тұру керек. Өз уақытынан ерте күріш піскен бойда қамбаға құйылады.

Шаруашылыққа қарасты қырман осыдан 21 жыл бұрын салынған. Сыйымдылығы 9 мың тоннаны құрайды. Өткен ғасырда салынған кейбір қойма­ларға жөндеу жұмыстары қажет етіледі. Алдағы уақытта қырмандағы қоймаларды жа­ңалау жоспарда бар. Заманауи бағытта күріш дақылын сақтайтын қоймалар емін-еркін дәрі­леуге мүмкіндік туғызбақ.

Өткен жылы «Шаған Жер» ЖШС-нің кү­рішшілері Кенжетай Омаров гектарынан 73 центнер, Ербол Әбілақов 70 центнер өнім алып, үздіктер қатарынан көрінді. Биыл бұл межені арттыру мақсаты тұр.

– Көктемде күрішті тұқымдыққа дайындау ба­рысында арнайы дәрі-дәрмекпен дәрілейді. Ауа мен судағы инфекцияға қарсы сақтық шаралары күшейтіледі. Бұдан кейін арам шөптерді жою үшін гербициттермен өңдеу жүргізіледі. Кү­ріште күйзеліс болдырмауға арналған негізгі өнімді қолданамыз. Емдеу шаралары негізгі дақылдың өсуін тездетеді. Сыр салысын егудің машақаты мол. Өнімді қоректендіріп, өсу уақытын қысқа мерзімде қамтуға жұмыс жүргізіледі. Зиянкестерден арылу арқылы мол өнім жинауға міндеттіміз, – дейді бас экономист Рүстем Сматов.

Сыр дақылын өсіруде үнемі үздіктер қатарынан табылатын шаруашылықта серпінді серпіліс жа­салмақ. Егінмен қатар, мал шаруашылығын өр­кендету жолында айқын жос­парлар құрылған.

Халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген нақыл бар. Бүгінде шаруашылық тарапынан қайырымдылық шаралары жүргізілуде. Тұрақты түрде ардагерлерге, балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіліп, шаруашылық есебінен көмектер жасалуда екен.

Жуырда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауылға сапары барысында шаруашылықтың бағыт-бағдарымен танысқан. «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Ж.Сыздықов аудан басшысына шаруашылықта кәсіпкерлікті дамыту жайын жан-жақты баяндап, жоспарларымен бөліскен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
29 маусым 2021 ж. 897 0