«Ләңгі тебу» – балалық шақтың жарқын естелігі
Осыдан 15 жыл көлемінде балалар арасында өзара бәсеке қыза түсетін. Ұлттық ойын – «ләңгі тебуді» ойнаған олар күнделікті балалық шақтың қызығына бататын. Қазіргі «ақылды гаджет» дамыған уақытта «ләңгі тебу» ойыны кенжелеп қалғаны рас. десек те, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық дәстүрдің өрісі кеңейіп, өткен мен бүгіннің арасы қайта жандана түсті.
Түркі елдерінде жақсы дамыған «ләңгі тебу» ұлттық ойынына ағылшындар қызығушылық танытқан. Іс-қимылға негізделген этнографиялық ойын бірнеше адамның қатысуымен жүзеге асады. Алғаш жаттығуларды орындаған балалар ережеге сәйкес, ойынды бастайды. Ойын барысында жеңілген адамға жеңімпаздар өз қалауын орындатады. Негізінен, «ләңгі тебу» ойының тәртібі – оң аяқпен «жай қағыс», «жаңама қағу», сол аяқпен «жаңама қағу», «ұшымен қағу», «жас ұшымен қағу», «жас жанама қағу», «жас иіліп қағу», «секіріп иіліп қағу», «тізенің астынан жай қағу» болып бөлінеді. Ежелден ләңгіні жасауда қазақ халқы тиын немесе қорғасын пайдаланған. Сонымен бірге ләңгіні жасау үшін ешкінің жүнін алады. Арнайы құйылған қорғасын жүн ойыққа кигізіліп, түрлі тәсілмен бекітіледі. Мәселен, Қытай қазақтары ләңгіні «жармақ» деп атаған. Өзгеде мемлекеттер аталған ұлттық ойынды балаларға үйрету үшін дәріс ретінде оқытқан.
Ләңгі теуіп, ойнаған лағыл күндер
Шығып алып ауылдың шетіне біз
Ләңгі ойнауға топ бекінеміз.
Қой терісін қиып ап, келісті қып,
Қорғасынға құйылған бекітіміз
Қатқан ләңгі жасау боп ниетіміз, – деп ақын Әлібек Шегебай жырлаған ұлттық ойынның маңызын жоғалтпаған абзал. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балалардың ширақ және дені сау болып өсуі үшін балаларға әкелер «ләңгі тебуді» үйреткені дұрыс.
– Бала кезімізден «ләңгі тебуге» машықтанып өскен болатынбыз. Қай кезде де ұлттық ойынның денсаулыққа пайдасы зор. Дене жүйелі түрде қозғалысқа түскенде қан айналымы үздіксіз жүріп отырады. Қазіргі уақытта телефоннан бас алмайтын балалардың бойында түрлі ауру белігілері кездеседі. Жалаң аяқ жерден нәр алып, ләңгі ойнауға дағдылану керек. Саламатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір жолы – ұлттық ойынмен тұрақты айналысу екені дәлелдеуді қажет етпейді, – дейді аудандық аурухананың дәрігер-хирургі Нұрсұлтан Құлтаев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ