Ата-ананың ұрпағы алдындағы қарыз-парыздары:
1. Өз ұрпағы алдында жан-тəні мен ар-абыройын таза сақтау, жаман қылық көрсетпеу.
2. Ана тілін толық үйрету. Ұрпақтарына ана тілін үйрете алмаған ата-ана ұрпағы алдындағы қарыз-парызын толық өтемеген мəңгілік қарыздар адамға айналады.
3. Баласының төрт мүшесін сау, ес-ақылын дұрыс етіп есейту (баланы жас кезінде күйдіріп, кем-кетік етіп алған ата-ана ұрпағына мəңгі қарыздар болып қалады).
4. Ұрпақтарына аналық ақ сүтін адал да пəк етіп беру. Бала емізер кезде басына жаулық салып отыру, омырауын жуып, құрғақ, таза дəкемен сүртіп барып емізу. Балаға ауру-сырқау, дерт-дербез жұқтырудан аулақ болу.
5. Құқық-мүддесін қорғау. Өзгелердің қорлауына, зорлауына ұшырат пау. Қам-қайғысыз өмір сүруіне мүмкіндік жаратып беру.
6. Ұрпақтарының жүрегіне адам баласының теңдігі мен береке-бірлігін, достығын ұялату. Ізгі ниетті, адал, арлы азамат етіп жетілдіру.
7. Отбасына адал, əділ болу, уəде-серттен таймау.
8. Отанын қорғау, отбасы мен ел тыныштығын сақтау. Ұрпақтарын аздырып-тоздырмау. Отанға, халыққа адал қызмет ету.
9. Өнер-білім, үлгі-тағылым үйрету.
10. Уағымен тамақтандырып, киіндіріп, жуындырып, киімі жыртылса жамап, өз құрбыларынан кем қылмау.
11. Қажырлы, қарапайым болуға, еңбексүйгіштікке тəрбиелеу. Адал, арлы, əдеп-ибалы болуға баулу.
12. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасау, қалай сыйласу, қалай аман-сəлем жасау, қалай сəлем беруді үйрету.
13. Туыс-туған, дос-жарандар ара алыс-беріс, барыс-келісті ұғындыру.
14. Ер-əйел, үлкен-кіші, бала-шаға арасындағы жол-жосын, əдеп-иба салтын үйрету.
15. Үлкен жиын-той, қаралы салттар мен ас-нəзірге қалай бару жол-жосығын ұғындыру.
16. От жағу, тамақ пісіру, шай құю, төсек салу, үй жинау, қолға су құю, мал қайыру, ат байлау, қонақ күту дағдысын үйрету.
17. Кісілік, кішілік дағдысын ұғындырып, ар-абыройын таза сақтау, əдепті, ибалы болу жолдарын үйрету.
18. Оқытып, жақсы тəрбие беріп, есейгенде өз сүйгендерімен үйлендіру.
19. Ата-ананы құрметтеуді, үлкендерді сыйлап, кішіні аялауды үйрету.
20. Аналар мен қыз балаларды, ақсақалдар мен өнер-білімді кісілерді қадірлеуді ұғындыру.
Баланы бағып-қағып, оқытып өнер-білім игертіп, есейгенде, өздері қалаған адамымен үйлендірген соң, ата-аналар ата-аналық қарыз-парыздарынан арылады да, одан кейінгі жерде ата-ананы бағып-қағу парызы балалардың мойнына түседі.
Бұл дəстүрдің тəрбиелік мəні мен ғылыми мəні өте жоғары. Ол ата-аналардың ұрпақтары алдындағы жауапкерлік сезімі мен борыштылық сезімдерін арттырып, ұрпақтары дүниеге келгеннен азамат болып үйленгенге дейінгі аралықта ақ сүт, адал еңбектерімен бағып-қағып, оқытып, өнер-білім, үлгі-тағылым үйретіп, жақсы азамат етіп жетілдіруден бас тартуға болмайтын ұлы борыштары бар екенін шынайы ұғындырып, ата мен ананың ұрпақтарын қай мезгілге дейін бағып-қағу жауапкерлігін көлемі жақтан айқындап, ұрпақтарға алғашқы адымда ата-ананы қартайғанда бағып-қағу жауапкерлік сезімін тудырады.
Пікір 2